Өлең, жыр, ақындар

Ақ төбет пен отарба

  • 29.07.2022
  • 0
  • 0
  • 945
(Биыл жаздыгүні кетіп бара жатып Қызылжар — Көкшетау темір жолының жұмысындағы кемшілікті «Еңбекші қазақ» газетіне жазған едім. Сол сөзді дәлел қылған болып, Мұстафа Шоқаев деген қашқын ақтардың «Дни» деген газетіне совет үкіметінің саясатын жамандап, біраз сөз жазыпты. Бұл өлең Шоқаевтың сөзінен бұрын жазылған еді. Енді осы өлеңді Шоқаев мырзаға тартамын.)

Алысқа созылған жол еді,
Жол бойы сыңсыған ел еді.
Қызыл күн сәскеден нұр шашып,
Қарсыдан жай ескен жел еді.
Отарба жолменен келеді,
Кейде орғып, кейде сау желеді.
Қара айғыр, қара алып, жүйткиді,
— Жануар күшіне сенеді.
Көк құрыш табанның темірі.
От шашад болатты жеміріп.
Қара айғыр сырылдап орғиды,
Қаршылдап ауыздық кеміріп.
Шелектей танаудан бу парлап,
Қара көк, жалбыр жал дударлап.
Түйдектеп, екпінмен шұбалтып,
Жер жайпап соғады жұмарлап.
Жыландай сумаңдап, иреңдеп,
Қара айғыр тұқырад, сүйреңдеп.
Қыбырлап қырық аяқ дөңгелек,
Көш жерден дүрсілдеп дем келед.
Жол кеткен созылып, жарқырап,
Қара айғыр заулайды арқырап.
Құлашын бір жайып, бір іркед,
Болдырып шаршау жоқ қарқындап.
Сан елді аралап келеді,
Кейде орғып, кейде сау желеді.
Екпінің іркеді тұқырып,
Жануар күшіне сенеді.
Жол бойы тізілген қалың ел,
Бірдей боп сыңсиды малымен.
Поезға бір ақ ит қосылды,
Ауылдың өткенде жанымен.
Қатқан аш, түспеген түбіті,
Көрмеген көңін бір жібітіп.
Ақ төбет жүгіред жанасып,
Шіркіннің не екен үміті?
Озбақ па поезбен таласып,
Құлашын тыраштап санасып?
Немесе түйір нан сұрай ма?
Жүгіріп поезға жанасып?
Ақ төбет жүгіріп қалмайды,
Поездан көздерін алмайды.
Телміріп жағалай поезға
Жалайды тілменен таңдайды.
Ақ итті ешбіреу көрмеді,
Көрсе де ештеңе бермеді.
Аздан соң машинист есіктен
Май қолмен бірдеме сермеді.
Майлы қол қап-қара — күйелі
Түрпідей - алақан сүйелі.
Есіктен түйір нан лақтырды,
Ақ итке ауызбен қақтырды...
Кешегі дүрдиген ақ төбет,
Қотанда үретін сақ төбет.
Бұл күнде бұралып аштықтан,
Түспеген ұйпалақ ақ төбет.
Сен кеше саяда жаттың ғой!
Арсылдап талайға шаптың ғой.
Машинист тәрізді кір басқан
Талайды жұлмалап қаптың ғой.
Қу тамақ көп болса, семіред,
Жоқ болса — қақ сүйек кеміред.
Кешегі жүретін жауына
Жанасып жүгіріп телміред.
Қотанда жүрдің-ау тайтаңдап,
Құйрықты көтеріп, қайқаңдап.
Поездан қиқым ас сұрайсың,
Жейтұғын нан менен май таңдап.
Қара айғыр ентелеп сырғиды,
Ақ төбет ышқынып ырғиды.
Лақтырған түйірді қағып ап,
Тоқтамай жүгіріп қылғиды.
Отарба жүйткиді, желеді,
Ақ төбет жүгіріп ереді.
Төбетпен поезды топшылап,
Бір қиял ойыма келеді.
Мысал ғой бұл сөздің жүйесі,
Айтайын шешуін тиесі.
Ақ төбет — кешегі ескілік,
Жалғанның билеуші иесі.
Өзгеріс - екпінді отарба, -
Төбетке жылы сөз қатар ма?
Аш төбет ышқынып жүгіред,
Онымен келер ме қатарға!

1926 жыл.
(Тұрмыс толқынында)



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жау флоты

  • 0
  • 0

Жаудың толық
Елді езетін құралы:
Қанаушы тап
Көп ғасырдан мұралы.

Толық

Жайлаудан қымыз ішу

  • 0
  • 0

Бие байлап, қымыз құяр уақыт болды,
Кәрі-жас, малшы, мырза үйге толды.
Шығыршықты піспекті сылдырлатып
Керіліп жігіт пісті қара көлді.

Толық

Қызыл ерлер

  • 0
  • 0

Патшалар, байлар, мырзалар,
Көп жыл бізді билеген.
Шіреніп жатып ақ үйде
Табанымен илеген.

Толық

Қарап көріңіз