Маузер

Бұл бетте «Маузер» атты Сәкен Сейфуллин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 30.07.2022
  • 0
  • 0
  • 2107
(Октябрьдің 12 жылдығына)

Ұлы Октябрь күнінің
Он екінші тойында,
Паш етейін бір істі
Көптен жүрген ойымда:
Ұлы сынды кез еді
Тап пенен тап алысқан,
Тек майданға жүгініп
Жүрекке найза салысқан.
Басын тігіп тап үшін,
Майданда ерлер табысқан.
Бала-шаға, кемпір-шал
Үйде қылыш жанысқан.
Тұтқасы үшін тұрмыстың
Алмасты қанға малысқан,
Қиырсыз ұшан туған жер
Аққан қанға қанысқан,
Сұғанақ күшік қулар тек
Үйінде бұғып қалысқан...
Міне, сонда қалың жау
Қамалады айнала.
Ың-жың болып қайысты
Қалың орман айдала.
Қызыл күнді басқандай
Қара сұр бұлт ұшпалы,
Қамап найза төндірді
Еңбекші тап дұшпаны.
Бір жолдасым жығылды
Түс ауғанда, бесінде...
Қан-қан болған суреті
Әлі тірі есімде.
Әлсіреген қажырлы ер
Жау оғының көбінен,
Қан түкіріп жығылды
Тиген соң оқ дөбінен.
Басын сүйеп отырдым,
Тұла бойда кек қайнап.
Жүректі өртеп қанды кек
Жау жасаған шепке айдап.
Тастамады қолынан,
Қан аққан ер маузерін,
«Босамаңдар» — деді де
Қанын сүртті аузының.
Айтқайсың жолдас жарыма,
Жас бала қалды қолында.
Көз қырын салар ерлер кеп
Еңбекші тап жолында.
Бесіктегі жас ұлым.
Ер жетсе өсіп балдырған.
Мына кекті маузерім
Соған мұрам қалдырған.
Октябрьдің күнінде
Туғандығын ақтасын,
Мына кекті маузерді
Дұшпанға арнап сақтасын.
Ерте түсті қолымнан
Жауды құрытпай маузерім,
Бүгін бізге тас атқан,
Кірмесін ішке жау жылым.
Кейінгі жас тірінің
Жылда бір сал есіне»...
Деп үзілді азамат
Басын қойып төсіме.
Он екіде сол ердің
Ұлы қазір пионер.
— Әкем дейді советті,
Әкесіндей сүйенер.
Октябрьдің ескіше
Дәл жиырма бесіне,
Әкесінің сәлемін
Жылда салам есіне...
Деп жүрмесін жас ұлан
«Жылда айтады несіне?»
Тапсыруын әкеңнің
Тағы салам есіңе!..
Ұлы Октябрь дұспаны іш пен сырттан аңдысып,
Оңтайлы кез күтеді,
Оғын іштен шаңдысып.
Ішкі-сыртқы көп залым
Тісін қайрап бағады.
Оңтайлы кез келсе егер
Сұр абжылан шағады.
Октябрьдің ұланы,
Тез дайындал майданға
Іште, сыртта жау қалың,
Бейбіт өспе жайды аңғар!
Борыш саған күзету
Еңбекші тап қотаның.
Жаудан қорғау жарақпен
Бостандықтың отанын.
Октябрьдің жауы көп, іште, сыртта қоршаған.
Көкейіне жатталсын
Осы ап-айқын сыр саған.
Қоршаған жау отанды
Қан тұмсығын сұқпасын,
Ішкі дұшпан аңдыған
Ептеп пышақ тықпасын.
Дұшпан таптың кеңеске
Пасық жанды сұмдары.
Арам, аяр абжылан, —
Қиын құйрық, жымдары.
Октябрьді қаралап
Талай сұмдар шабысқан.
Итше жортып, ұлысып
Бір-бірімен табысқан.
Дал-дал қылып талауға,
Бізді талай қабысқан.
Сонда оларды еңбекші ел
Қу тұмсыққа қағысқан.
Біздің сонда тегеурін
Оларға тым «жағысқан»
Біздің шеңгел сіңірлі
Кеңірдекке жабысқан.
Кеңірдегі езілген
Сұғанақ сұр күшіктер,
«Күшім» — десең қабады,
Тұмсыққа ұрсаң бүшіктер.
Сыртқы жау да кезенед,
Қатерлірек іштегі,
Өмірінше залымның
Даяр жүрмек іш кегі.
Күтіп сақта, жас ұлан!
Әкең берген маузерін!
Біз тым жақсы білеміз ішкі, сыртқы жау сырын!..

1929 жыл. (Социалистан)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Маузер өлеңінің авторы кім?

Сәкен Сейфуллин — осы өлеңнің авторы.

Маузер өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Маузер өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сәкен Сейфуллин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Маузер өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері