Өлең, жыр, ақындар

Аққу құс күйі

  • 30.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1648
Аян деген ақынның біраз өлеңдері «Ақ, сұлуға» арналып жазылған махаббат жырлары. Өзінің сүйген сұлуын аққу құсқа теңейді. Мынандай өлең жырлары бар:

I жыр
Ей, сәулем, сен, — аққу құс, көлден ұшқан,
Сұқтанған сәулетіне дос пен дұшпан.
Айдында тұнжыраған мен тұңғиық,
Аққудың тоймай күнде төсін құшқан.
Ақ сұлу, — сен, — көлдегі аққу сынды.
Ақ күміс, сыңқылдаған сұлу үнді.
Әлемге бірдей қызыл нұрын шапқан,
Қош алған ертелі-кеш алтын күнді...
Аққу құс тұңғиыққа жауһар шашып,
Сыңқылдап, құшақ жайып төсін ашып,
Аймалап тұңғиықтың ақ шашағын,
Ойнайды, ақ төсіне иіскеп басып.
Аққу құс ақ шашағын иіскеп, жұлып,
Ойнатад тұңғиықты жатқан тұнып;
Тұңғиық, ақ сұлудың төсін құшып,
Сүйеді шөп-шөп етіп, сылқ-сылқ күліп.

II Жыр
Айдын көлде аққу жүзед,
Ақ сәулесі шаңқиып.
Сұлу үнмен саңқылдайды,
Көлді сүзіп маңқиып.
Көлді күміс суын сызып,
Аппақ төсін кереді.
Су бетінен ақ шашақты
Әлдекімге тереді.
Көлдің мөлдір айнасынан
Өзін сұлу көреді.
Бұрынғы өткен шайыр көрсе,
«Ақ періште» дер еді...
Тұнжырайды тұңғиық,
Терең шіркін өмір тілейді.
Буып ашу мың қиық
Күрсінеді, уһлейді.

III жыр
Сәулетті аққу сыңқ-сыңқ жырлап
Тұңғиықта жүзеді.
Тұңғиықтың төсінде ойнап,
Ақ шашағын үзеді.
Ақ сұлуға тұңғиық кең,
Керіп құшақ ашады
Аққу үзіп ақ шашағын,
Иіскеп, түтін шашады.
Тұңғиықтың төсіне аққу
Аппақ төсін төсейді.
Аппақ сүйрік білегімен
Су күмісін көсейді.
Тұңғиық мас, ессіз құмар
Ақ сұлудың көркіне,
Төсін мәңгі құшар еді,
Аққу тисе еркіне.
Сұлу үнді ақ мамықты
Аққу лайық тереңге,
Көрінген құс жүзе ала ма
Тұңғиықтай еренге?
Шіркін ерен, сонша құмар
Ақ сұлудың үнінен.
Іш құмары тарқамас ед,
Мың сүйіссе де күніне...
Аққу кетсе қамысқа еніп,
Мұз қабағын түйеді.
Жүрек бауыры мұздай болып,
Тағы өртеніп күйеді.
Толқын кернеп дөңбекшиді,
Ашу кебін киеді.
Долыланған арыстанша
Айналаға тиеді...
Сонда ақ сұлу шыға келсе,
Жүзіп, әсем сыланып,
Ашулы ерен сұлық тынады,
Дөңбекшіген бұланып,
Сонда аққудың лебі тиіп,
Күліп терең иеді.
Ақ сұлудың мамық төсін
Шөп-шөп етіп сүйеді...

IV жыр
Қасірет күймен тебіренеді,
Күйіп-жанып жан жүрек.
Бірде удай, бірде балдай,
Махаббат гүл үлбірек.
Бірде удай бұл махаббат,
Бірде жұпар мас қылад.
Бірде жанды бақытты қып,
Бірде көзді жас қылад...
Ақ мамығым, ақ үлдірім,
Неге мұнша сүйдірдің?
Неге маған кез болдың сен,
Неге ынтық қып күйдірдің?..

1932 жыл



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қазақ сабағы

  • 0
  • 0

Иесі болса дағы алтын тақтың,
Көнеді бенде ісіне жалғыз хақтың,
Тағдырға мойын сұнып, елден безіп,
Мен жүрмін ортасында бөтен-жаттың.

Толық

Жауды қудық

  • 0
  • 0

Сұм ұлдары,
Қанды аузын жалмасты,
Екі қылыш
Ысқырысып шалмасты.

Толық

Інішегіме

  • 0
  • 0

Ойынды қой, оқы, інішегім, алға бас!
Жарқыратып ақ нұрменен көңілді аш.
Балалыққа жас миыңды алдатпа,
Ғылым үйрен, нұрға толсын кеудең жас.

Толық

Қарап көріңіз