Өлең, жыр, ақындар

Адам

  • 30.07.2022
  • 0
  • 0
  • 1480
Еңбекші адам, сен тек бізде бағалы,
Сен, тек бізде құрыш болат тағалы,
Бізде ғана сен, адам, шын бақытты,
Қызықты өмір жасай білген ағалы.
Бізден басқа сенің отан елің жоқ,
Бізден басқа сенің қорған белің жоқ
Бізде ғана сен ардақты ұлансың,
Бізден басқа сенің туған жерің жоқ.
Айтсын бәрі — достың да әм қастың да,
Айтсын бәрі — кәрінің де, жастың да,
— СССР-дай еңбек ерін көтерген
Қандай ел бар бұл аспанның астында?
Біз білмейтін бұл дүниеде ел бар ма?
Біз білмейтін күн астында жер бар ма?
Еткен қызмет еңбекші елге дәл біздей,
Бағалаған күллі әлемде ер бар ма?
Біз білмейтін бұл дүниеде ел де жоқ
- Біз білмейтін ай астында жер де жоқ.
«Сіздегідей бізде де ардақты еңбекші»,
— Деп айта алар ешбір елде пенде жоқ.
Өйткені олар ерікті емес, қамауда,
Жалмауыздар оларды езіп қанауда.
Еңбекші ерді жұмыскер ат, өгіздей
Екі аяқты малға ғана санауда.
Бізден басқа еңбекшінің елі жоқ,
Бізден басқа отаны жоқ, жері жоқ.
Еңбекшінің ұлы бар ма басқа елде,
Көкірегінде кек пен ыза-шері жоқ.
Бай-фашистер оларды езіп билеген,
Езуші тап еңбек ерін сүймеген.
Еңбекшіні олар қайтіп ардақтар,
Өздері өлік өлер күйін күйлеген.
Олар қайтіп адамдықты ақтасын?..
Олар қайтіп әділдікті сақтасын?..
Шіріген қан, қанға құмар жауыздар,
Қайтіп олар таза еңбекті мақтасын?
Жазылмайтын кеселге олар улаған,
«Өлмейміз!» — деп, жанталасып тулаған.
Еңбекшіні қайтіп олар бағалайд, —
Қанға құмар, есірік жын шулаған.
Не бағалар, ылғи қанды ауыздар?..
Елді олар, тек боз тоқтыша бауыздар.
Еңбекшіні неге ардақтап көтерсін, —
Қаны қара, жаны қара жауыздар!..
Еңбек ерін қанап олар зорлаулы.
Адамдықты ластап, былғап қорлаулы.
Олар қайтіп ерді ілгері көтерсін —
Алдында қазылған көр орлаулы.
Олар делбеп қанды қанжар жастаған.
Ар-ынсапты жерге басып ластаған.
Өшетін тап жанталасып, дүниені
Аласұрып былғамайма лас табан!..
Бізде ғана еңбек құрмет бағалы,
Еңбек ері еркін болат тағалы.
Елді бастап Ленин туын ұстаған,
Еңбек ұлы ер данышпан ағалы.
Совет елі ескіліктен аттаған,
Талқан қылып қанау шебін қаптаған,
Адамшылық қасиетін құтқарды,
Лac аяқты сұмдар ластап таптаған.
Ленин туы — нышан-құрмет, қасиет,
Шындық, шаттық, әділдікке өсиет.
Еңбекші әлем қасиетті ту нұрына
Қолын созып рухтанады, бас иед.
Жан бітіп, бұл дүние-дүние болғалы,
Күн менен жер бірін-бірі шолғалы,
Болып па екен совет елі сықылды ел,
Бұл дүниеге сансыз халық толғалы?..
Айтсын, кәне, көпті білген қария!
Етсін сөзін дүниеге жария!
Түптеп қозғап шежіресін толғасын
Шұбыртып жер бейне ұзақ дария!
Шежірені түптеп шыңырау қазсын да,
Тарихты алып барлық бетін ашсын да,
Ең қызықты алтын бетін көрсетсін,
Таңдап тапқан бетін әкеп жазсын да!
Тарихтың ең қызықты алтын ғасыры,
Мақтаса да бұрынғыны асырып,
Біздің елге теңей алмас еш елді,
Айтса дағы ертегідей тасырып.
Бізден бұрын өткен ғасыр неше мың,
Айтар тарих, жаңылмай көп есебін,
Еш дәуірдің, ешбір елдің болмаған
Лениндей ер данышпан көсемі!
Ленин туы партияның қолында,
Нұсқап кеткен ұлы көсем жолында!
Нұрлы жолда ел, бақытты өмір табуда,
Қасиетті биік тудың соңында!
Ел соңында алыпша алға басуда,
Өндірісі өркендеуде, тасуда.
Адамзатқа өмір жасап үлгілі,
Социалшыл алтын дәуірге асуда.
Сол туға еріп ел бақытын құрады.
Сол туға еру еңбекші әлем мұраты.
Ол ту — Ленин — дүниеге шырақ боп
Күндей көкте мәңгі жасап тұрады.
Сол себепті шындықты растаған,
Ескілікті қайтпас артқа тастаған.
Еңбек ері құрметтілік себебі:
Данышпан ер совет нуын бастаған.
Бізде тұрмыс, қызық қилы тармақты.
Еңбек ері бізде құрыш бармақты.
Жаңа тұрмыс, ел көсемі Партия,
— Сол себепті еңбек бізде ардақты!
Қанаушылық ескі жалған өлуде,
Түпсіз терең тұйыққа кеп төнуде,
Алды тұйық, көгі күңгірт, қараңғы,
Өмір күні күңгірт күтіп сөнуде.
Ленин туы көкке құлаш кереді.
Дүниеге нұр жарық сәуле береді.
Жол көрсеткен жалғыз жарық болған соң,
Ақырында сол туға әлем ереді.
Өшетін тап күйіп аузын жалмайды,
Еңбекші әлем көзін бізден алмайды.
Тұңғиыққа қанау табын құлатып,
Қызыл туға түгел ермей қалмайды.
Ел бақытты — дана көсем ағасы,
Мұндай елдің болат қорған жағасы.
Ел көсемі биік дана болған соң
Таза еңбектің көтерілген бағасы!
Қызықты елде ер білегі тала ма?
Шат еңбекте шалдығып дем ала ма?
Еңбек ері құрметтеген көсемнің
Жалпы еңбекші соңына ермей қала ма.
Бақытты адам — елі көсем даналы,
Бақытты адам елі Ленин саналы.
Еңбек ері бақытты адам, шын адам,
— Социалшыл қызықты Отан — аналы.
Істер бізде социалды жарыста,
Тамашалар жасап алға барыста,
Іс өнімі капиталшыл елдердің
Біздің артта қалды кәзір алыста.
Біздің еңбек өнімі үздік озуда.
Тасқын судай, бөгеттерді бұзуда,
Өндірістің барлығында қыздырып
Стаханов қозғалысы қызуда.
Рас, болды бір кездерде қиын күн.
Батты ауырлық, ол күндерде шықпай үн.
Алдауыш сұм «белсенділер» аулақта
Не қылмады шапқыласып күндіз-түн!
Не қылмады сілтеушілер асыра,
Былғанышты пасық сұмдар тасыра.
Жоспар санын өтірікпен өсіріп,
Орталықтан шындықты ылғи жасыра?..
Өлкедегі ескі басшы сезбеді.
Алдауыш қу, белсендіні езбеді,
Істі анықтап тексеруге, білуге
Қалың елдің түкпірлерін кезбеді.
Іс оңалды орталыққа үн жеткен соң,
Ескі басшы істен аулақ кеткен соң.
Партияның шындап соққан шәкірті
Мирзоян кеп түзу бастық еткен соң.
Партияның берік шебер шәкірті
Қайрат беріп елді ілгері шақырды.
Еңбекші ну үніне оның рухтанып
Дабыл күйін ұрандатып шат ұрды.
Рухты күшпен соңына оның ерді ну,
Іс жемісін аз уақытта-ақ көрді ну.
Қазақстан басшысы енді сенімді,
Төсінде оның қасиетті — Ленин ордені!
Енді шаттық шарықтасын, шалқысын!
Енді қанат —талай қайрат қалқысын!
Енді білек бұлшық еті бұлтылдап,
Көңіл күйі күліп күнше балқысын!
Соқ дабылды! Қақ даңғылды, думандат!
Бас сырнайды, сырғанатып сумаңдат!
Сыздырт қобыз, сызылт сырлы сыбызғы!
Керім керней кернесін күй думаңдап!
Шерт шеберлеу доп дүрсілдет дутарды!
Соқ, сыңқылдат! Сылдыр қақтыр сыйтарды!
Күйленсін күй, гүлденсін күй, күлсін күн.
Көтер көкке гулет күйлі гитарды!
Жаудыр жерге, жалтыр жауһар жаңбырды!
Жарқ-жұрқ жермен жан-жақ жайнап жаңғырды,
Гүрсілдет күй! Солқылдат, соқ қаттырақ,
Даңғыраны, домбыраны, тәмбірді!

18 ақпан, 1936 жыл. Социалистан



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Бурабай

  • 1
  • 15

Тағы бір ақбас бура, - емес атан,
Жүріпті Көкшетауды қылып Отан.
Мұны да "көзі көрген" қартайтады,
Тыңдаған әлеуметке алқа-қотан.

Толық

Мен

  • 0
  • 0

Сол майданда
«Болдым, — демен, — ірі едім,
Біркелкі лек ішіндегі дыры едім...»
Бірде атты қос,

Толық

Май айында

  • 0
  • 0

Май айында керемет
Бұлттанды аспан күркіреп,
Рахман жаңбыр құйып бір
Басыла қалды сіркіреп.

Толық

Қарап көріңіз