Кімде-кімнің тасқын судай қайраты

Бұл бетте «Кімде-кімнің тасқын судай қайраты» атты Сәкен Сейфуллин жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

  • 01.08.2022
  • 0
  • 1
  • 2042
Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Бауырларым, екпін күшті кернейік,
Ескілердің есебіне ермейік.
Ескі жоба, ескі өлшеу тар қапас,
Күшті жұмсап, ірікпей құлаш сермейік.
Қиырсыздың қиырына жетейік,
Өлшеуі жоқ көк мұхиттан өтейік.
Аспандағы алыс қызыл жұлдызды
Жерге әкеліп жердің көркі етейік.
Шешілмеген ескі жұмбақ шешейік,
Жерді, аспанды тынбай сүзіп кешейік.
Сансыз қиын бөгеттерді жолдағы
Қиратайық, уатайық, кесейік.
Қара жерден аспан асып ұшайық,
Жерді, аспанды біріктіріп құшайық.
Аспан, жерді қуыршақтай қапсырып,
Алып қолға ырғап, шайқап қысайық.
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Болмағанды болдырайық дүниеге
Жаңа тұрмыс қара жерге жасайық.
Кімде-кімнің тасқын судай қайраты,
Күркіреген бұлтты аспандай айбаты.
Екпін-күші асау тағы тұлпардай,
Серпіндісі тас түлекті сұңқардай.
Бұл сөзіме түсер жалғыз осылар,
Жар салысып, тізе қосып қарсы алар.
Дүбірімен дүниені жаңғыртып,
Ұран салып екпінді ерлер қосылар.

1922 жыл, 10-шілде, Орынбор


Пікірлер (1)

Жанарыс

Өте керемет! Бірақ маған керегі айтылу жолы

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты өлеңінің авторы кім?

Сәкен Сейфуллин — осы өлеңнің авторы.

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Сәкен Сейфуллин өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Кімде-кімнің тасқын судай қайраты өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері