Өлең, жыр, ақындар

Ағаштың тамыры мен жапырағы

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1885
Құдайым жолдас қылма наданменен
Білмейтін қадырыңды адамменен
Артық сөз—асылы қарам» деген сөз бар,
Не істесең ойлап істе шамаңменен.
Шамадан тысқары сөз керек емес,
Жөн білмей кейбір жаман етеді егес,
Ағаштың май айында жапырағы
Мақтанып самалменен құрды кеңес.
Жапырақ айтты самалға: құлағың сал,
Біз біткен осы ағашта не арман бар,
Көркейтіп бұ секілді раушан қылып,
Тұрамыз жоғарыда болып ажар.
Бізбенен сайдың бойы көркейіп тұр,
Мақтанған сезім емес, бұл шын сияр,
Біз болмасақ бұл ағаш не болар ед,
Сорайған бойы менен бұтағы құр.
Ыстықта қойшыларға болдық сая,
Күн еткен байғұстарға рахат қана.
Жолаушы шөлдеп-сусап ат шалдырса,
Дем алып түспей кетпес бізге және.
Құс біткен маңайымнан кеткен емес,
Ән салып неше түрлі ертелі-кеш,
Айтпассың өзің дағы өтірік деп,
Сізге бір ермек үшін құрдым кеңес.
Мақтанды жапырақтар осылай деп,
Шуылдап бәрі бірдей иттей үріп,
Шыдамай бұл сөзіне жер астынан
Сөйледі ашуланып тамыр кейіп.
— Әй, жапырақ, тұрсын, бітіп кімге өзің,
Төменге бері қарай салшы көзің,
Бізге де алла ырза болсын деуге
Қалды ма құрып сенің айтар сөзің?
Көркейтіп хоштандырып тұрған сені,
Шіркін-ай ұмыттың ғой, мұнда мені.
Өмірің мақтанғанмен бір-ақ жаздық
Сарғайып қаласыңдар күздің күні.
Біз тұрмыз бәріңе де азық беріп,
Ақымақ білмейсің-ау өзің соны.
Соныңа шешектеніп жаз болғанда
Шығады жаңа жапырақ хош миуалы.
Егерде бір себеппен зақым болсақ,
Ағаш та кеуіп қалар сен түгілі.
Бір кісі бай болыпты жасынан-ақ,
Орнапты тіпті кетпес мал менен бақ,
Салдырған әрбір үйін мәрмәр тастаң
Отырып, тұрған жері бейне бір бақ.
Еткені күнде мәжіліс, күнде сауық,
Өнерпаз неше түрлі жігіт жинап.
Байлығы бұл секілді бір тамаша,
Пұлына сан жетпеген күн-түн санап,
Дәулетін қолмен шашып тауысар емес,
Өзен боп ағып жатыр бал мен шарап.
Зиннәті дүниеден тұрған артып,
Ешбір жай тең болмаған, болмаса ұжмақ.
Жалғыз-ақ бір кемшілік болған байда,
Болғанын білмейді өзі қайдан пайда,
Келмейді жатқанменен бірде ұйқысы,
Қорқыныш қып ойласа да бір құдайды.
Байменен қарама-қарсы жаман үйде,
Тұрыпты бір етікші нашар күйде.
Дамылсыз күні-түні тігін тігіп,
Кесіп қып тұрған байғұс бір кедей де.
Күн шықпай ерте тұрып түске дейін
Тал түсте дем алған соң кешке дейін,
Манағы байымызға ұйқы бермей
Айтқаны дамыл таппай ылғи өлең.
Мазасын байдың дағы алады-ақ,
Үндемей бай да жүреді көп жыл шыдап!
Әсіресе күн шықпай бір жырлағанда,
Құлағына дамыл жоқ күнде ызыңдап.
Біле алмай не қыларын дал болды бай,
Айтпа деп тоқтатуға қақысы жоқ.
Жай айтса көршілікпен тіл алмайды,
Қадырлап қызмет етіп сөзін сыйлап.
Бір күні бай отырып ой ойланды,
Не қылсам қояды деп қапаланды,
Қайтсе де қызықтырып көрейін деп,
Шақыртып етікшіні үйіне алды.
Етікші келгеннен соң қызмет етіп,
Тұра кеп орынынан көрпе салды.
Көрмеген байдан бұрын бұндай сыйды,
Бейшара не қылады деп аң-таң қалды.
Отырып, амандасып болған соң бай,
— Я, көршім, қалайсың деп жай сұрады.
— Денім cay, осы күні көңілім хош,
Болмайды бір сағат та қолымыз бос.
Уағдалы кәсіпші болғандықтан
Табылып бізге тұрады ол-пұл жұмыс.
— Не болса берер бізге жалғыз жаппар,
Алланың бермегеніне не амал бар,
Айтасың күн-түн өлең дамыл таппай,
Тұрмысың, көршім, сенің жақсы шығар.
— Тұрмысым шүкір, менің емес жаман,
Ерінбей өнеріммен ырзық табам,
Я, тақсыр, күні-түні жырлайтыным,
Уайым жоқ, жамағатым — тәуір адам.
Өзімнен табылады әрбір керек,
Біреуге борышым жоқ тағы бермек,
Қатыным — сұлу кісі, білесіз ғой,
Бір түрлі болатыны көңілдірек.
— Не істің берсін тәңірім езі жөнін,
Әркімге қайырлы етіп не бергенін,
Шүкірлік көңіліңде бар секілді,
Келмей ме бай болғыңыз, жаным, сенің,
— Дұрыс-ақ, мырза, сенің айтқан сөзің,
Дүниеге қолың жетіп тұрған көзің,
Мүбарак қайырлы болсын мал мен басың,
Жарық боп құрбың үшін ашық жүзің.
Пенденің пендешілігі қайда қалған,
Тоя ма мал мен басқа өзің көзің,
Алланың бергеніне мың шүкірлік,
Дәулетті бітсе мен де тастамас ем.
— Кісіні жалтақ-жалтақ керуші ем жек,
Сөзіңді пақыр, енді ұнаттым бек,
Саған бір көршілікпен сый қылайын,
Пұлымды жоқ нәрсеге шашпаған, тек.
Сөйтті де бес жүз теңге ақша берді,
Бір қапқа салған бәрі бір теңгелік.
— Осымен бар, мүсәпір, енді үйіңе,
Деді де қоя берді ойнап-күліп.
Етікші ақшаны алып тарқ-тұрқ етіп,
Жүгіріп келді үйіне жарқ-жұрқ етіп,
Шыдамай қай уақытта келеді деп,
Тұр екен қатыны да байын күтіп.
Қуанып қатынына үйге келіп,
Үндеме, қалмасын деп біреу біліп.
Ақшаны байдан алған қабыменен
Тастады келе сала жерге көміп.
Шықпайды күні-түні үйден қадам,
Көрмеген ондай пұлды кедей адам.
Төрт бөліп түн ұйқысын тынышы кетті,
Көршісі бұзық кісі екен жаман.
Үйіне келген-кеткен сенбей жұртқа,
Бейшара ақшаменен түсті азапқа.
Ұмытылып елең мен жыр, еткен сауық,
Бола алмай бұрынғыдай қамығыпты,
Қалпынан бұрынғыдан кетті жүдеп,
Ұйқы жоқ, күні-түні ылғи күзет.
Бір жерде мысық, тышқан қытырласа,
Аларып екі көзі түрегеледі.
Жаратты жоқтан бар қып алла бізді,
Біледі жақсы-жаман малымызды,
Өмірім бұл қалыппен арам да деп,
Ақшасын байға әкеліп айтқан сөзі.
— Мінекей, пұлыңызды әкелдім мең
Я, мырза, ашуланбай алуың жөн,
Ұйқымен күн-түн соққан өлеңіме,
Берсең де керек емес бір миллион.
Мысалы ғибраты біздің қазақ,
Сатылып жоқ нәрсеге көреді азап,
Қолың бос, уақытты тек өткізбей,
Тағы да тастасайшы қағаз жазып.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Екі кептер

  • 0
  • 0

Білмеген шығынданба көзге бекер,
Өмірің зая болып текке өтер,
Жасынан бір ұяда, бір орында,
Жүріпті мәжіліс етіп екі кептер.

Толық

Қасқыр менен қозы

  • 0
  • 0

Ашығып қасқыр байғұс іздеп тамақ,
Қыдырып жер қоймады күн-түн сабап;
Далада бір хайуан кез келмеді,
Ауылға жуытпады иттер қамап.

Толық

Шымшық пен көгаршын

  • 0
  • 0

Тұзаққа түсті шымшық соры қайнап,
Шыға алмай талпынса да, көзі жайнап,
Бұлқынып уайымда жатқан жерде,
Кез болды жас көгаршын құдай айдап.

Толық

Қарап көріңіз