Өлең, жыр, ақындар

Маймылдар

  • 11.08.2022
  • 0
  • 0
  • 1343
Маймыл деген көп болады ыстық жерде,
Бөтен аңдай жауыз емес зиянгер де,
Әдеті біреу істеген істі істемек,
Әлінен әлек болып келмесе де.
Аңшылар осы ісінен көрер пайда,
Адам біліп болмаған бар ма айла?
Қай жерде маймыл көрсе көп отырған,
Көзінше ауын жайып етеді айла.
Кеңес бар жазылатын түрлі-түрлі,
Ішінде қалың ағаш аңшы жүрді.
Бір жерде көп маймылды көрді дағы,
Асықпай келістіріп ауын құрды.
Ауына түсіп өзі оралады,
Оранып қасақана шырмалады,
Маймылдар осы ісін көріп тұрып,
Сыбырлап бір-біріне таң қалады.
— Айлакер, әйдік екен анау кісі,
Ұнап тұр көңілімізге әрбір ісі,
Кей кезде домаланып қалады өзі,
Көрінбей аяқ-қолы әм денесі.
Біз дағы одан кем қып істемес ек,
Егерде ауын тастап, өзі кетсе.
Маймылдар асығып тұр кетсе екен деп,
Аңшы да ауға оралып жатыр терлеп.
Әртүрлі ісін істеп болғаннан соң,
Тұрды да жүре берді ауын жөндеп.
Барды да бір тасаға аңшы тұрды,
Қарашы тілеп алған мына сорды,
Маймылдар аңшы алыс кеткеннен соң,
Күлісіп, шуылдасып ауға кірді.
Шырмалып жатыр бәрі оралысып,
Кісідей боламын деп торға түсіп,
Соны бір әжептәуір күлкі деп жүр,
Білмейді іс ақырын надан күшік.
Көп ойнап азаптанды қызық көріп,
Білмейді алданғанын жатыр күліп,
Әбден оралып шыға алмастай болған кезде,
Қапқа сап, аңшы кетті жиып-теріп.
Білсең істе, біреудің істегенін,
Білмесең әуре болма күштегенмен.
Тыныш жүрген абзал күлкі болмай,
Кітап та қылмыстыны хош көрмеген.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есек пен сандуғаш

  • 0
  • 0

Отырған сандуғашқа келді есек,
Аузынан сөзі шығып кесек-кесек,
— Әй, бұлбұл, сені әнші деп естіп едім,
Сайрашы сынайын мен өзім естіп.

Толық

Шымшық пен көгаршын

  • 0
  • 0

Тұзаққа түсті шымшық соры қайнап,
Шыға алмай талпынса да, көзі жайнап,
Бұлқынып уайымда жатқан жерде,
Кез болды жас көгаршын құдай айдап.

Толық

Сандуғаш және шымшық

  • 0
  • 0

Хат жаздым көтерілер көңіл хошы,
Жарамас әзілге де сөздің босы.
Ертеде бір кісінің болған екен
Шымшық әм сандуғашы — екі құсы.

Толық

Қарап көріңіз