Өлең, жыр, ақындар

Тозақта

  • 15.09.2022
  • 0
  • 0
  • 1082
Сауапты су елестеп, баталы бел,
бір қиялдың шетіне тақалып ем...
салақтатып тілдерін әр көлеңке,
ойнап жатыр Сәскенің сақалымен.

Қай бір жақсы дейсің бұл елегізу,
Қайғым ерген қасыма, қабағы – зіл.
Мерекешіл көше де – мейірімсіз,
ерніндегі далабы ғана қызыл...

Мұңсыз да аман болғанмен, құнсыз да аман,
көбелектер бітті өліп жұлдызтабан.
Қаталаған-шөлдеген шерлі Түздің
шекесінде күлтілдеп Күн сыздаған!

Ақылды жұрт ішкізсін бүгін уын,
ашырқанар мендегі ыңыл-уіл.
Жел – қып-қызыл!
Тау – ессіз!..
Ессіздіктің
езуінен сағымы шұбыруын!..

Неге, неге мына жұрт салғырт-керең?
Ойсыздықтың ұлдары-ай мәңгүрттенер!
Бұрымыңды бұлдама, ей, ару Ән,
Руыңды бұлдама, ей, мұртты Өлөң!

Сөзге бүгін қажетсіз мың бір астар.
Астарсыз-ақ, Ақ Сөзім мұңға ұласқан.
Құдайды да құлатар у осы да –
күлгін Дала, күлгін Күн, күлгін Аспан!

Гүл тілімен Даламды пішіндесем,
нені ұғады өз тілін түсінбес ел?
Тағдырыңа тақырлық тап болды ма:
сыртыңда – шөл, жұртым-ай, ішіңде – шер?!.

Сен де, көңілім, болмасаң нысаналы,
Неге үнемі жүресің құсаланып?
Күрсінбеші, байқашы!...
қурап тұрған
бұл Даланың лап-п ете түсері анық!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шіркін-ай

  • 0
  • 0

Шіркін-ай, шексіз болса ғұмыр деген!..
көкшіл кеш, көбелектер күбірлеген.
Өзіңе жазар хатты бастай алмай,
отырмын иек сүйеп іңірге мен.

Толық

Қарауылда, автобекетте

  • 0
  • 0

Қарауылда, автобекетте,
Сені алғаш көргеннен-ақ,
бір шұғылаңды сезгенмін, шалқып тұрған.
О мезет — өзім де ауада қалқып тұрғам!..

Толық

Отаным

  • 0
  • 0

Отаным,
Мен Сенің ел-жұртыңды да,
Шер-құртыңды да сүйген бір титімдей араймын.
Шекараңдағы мола да болғым келеді - дұшпанға қарсы зор айбын.

Толық

Қарап көріңіз