Білсін деп ем

Қазақша өлең мәтіні, өлең жолдары және толық нұсқасы.

  • 15.11.2022
  • 0
  • 0
  • 646
Сұрарсыңдар туғандар бір күн менен,
Не берді деп саған бұл құрғыр өлең.
Берсін мейлі, бермесін кейінгілер,
Бір адамның болғанын білсін деп ем.
Білсін деп ем, бәрін де білсін дедім,
Қалсын дедім шаттанған, күрсінгенім.
Сол үшін де жүргенім өлең қылып,
Жүрегімнің әр соққан дүрсілдерін.
Білсін дедім болғанын бір ақынның,
Көрсін дедім шамасын қуатымның.
Білсін дедім кішкентай өлеңнің де,
Балаға ұқсап шырылдап туатынын.
Білсін дедім кімдермен жүргенімді,
Аз да болса сөз жайын білгенімді.
Білсін дедім ақындар қиялының,
Пырағына ауылда-ақ мінгенімді.
Білсін дедім бергенім, алғанымды,
Ізі қайым жоғалған арманымды.
Білсін дедім дүние сөйлейтұғын,
Қу кезеңде елеусіз қалғанымды.
Білсін дедім, бәрін де білсін деп ем,
Бұл күннің де өтерін бір күн менен.
Көзімдей боп сол кезде, ағайындар,
Бір кітабым ортаңда жүрсін деп ем!
ТҰСАУ ОҚИҒАСЫ
Жатқыза алмай еш әдеп белгісіне,
Таң қалғанмын әкемнің сол ісіне.
Рас, бірақ кімге опа қу дүние,
Өтті өмірден әкем де, ол кісі де.
Достықтары мейлі де, өз алдына,
Басқа жағдай боп өтті көз алдымда.
Сол бір жайдың өмірлік сабақ болып,
Қалатынын ол кезде сезе алдым ба?
Түсінбесем шығармын түсінбеген,
Тоқтатпаса тынар ед ісім немен.
Көзбен көріп, қолменен ұстағанды,
Кінәлімін бе айтқаным үшін дегем.
…Он бірде ме, жоқ әлде он екі ме?
Нақты қай кез, бүгінде жоқ есімде.
Көрші әрі қатар, дос кісіменен,
Отырды әкем сол күні көлеңкеде.
Тұт ағаштың қол жетер етегінде,
Бір ат тұсау тұратын әлі есімде.
Әлгі кісі көзді ала сол тұсауды.
Алды тығып қойнына кетерінде.
Байқап қалып, жүгіріп әкеме кеп,
Жаттым айтып бірнәрсе ете ме деп.
Етпек түгіл өзіме ұрыссын келіп,
Сол тұсаумен дүние жете ме деп.
Содан бір сәт тесіле қарап маған,
(Көрдім сол пішінін жаратпаған).
Әлгі кісі сәл ұзап кеткеннен соң,
Әңгімесін қайтадан сабақтаған.
– Болады ма дүние тұсау бізге,
Тати ма ол кеп кеткен мынау ізге.
Тоқтатқанда не болар еді оны,
Босқа ұялып қалар ек үшеуміз де.
Түсінерсің бәрін де ес жиғасын,
Өмір өтер, қалады тек сыйласың.
Біраз жерге апарып тастады әкем,
Таусылмайтын өзінің лекциясын.
Сол бір жайды есіме жиі аламын,
Содан ба екен ол жағын біле алмадым.
Ашкөзденген көргенде адамдарды,
Солар үшін кей кезде ұяламын.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Білсін деп ем өлеңінің авторы кім?

Әбдіғаппар Жақыпов — осы өлеңнің авторы.

Білсін деп ем өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін онлайн оқуға болады.

Білсін деп ем өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Әбдіғаппар Жақыпов өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Білсін деп ем өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні мен шумақтары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері