Күз кедергі бола алмайды – Айгүл Қадыр

Бұл бетте «Күз кедергі бола алмайды» атты Айгүл Қадыр жазған табиғат туралы өлең берілген.

Қараша күз, қараша айы, қара жел,
Қара желмен ырғалады дала, бел.
Жапырағын шашып алған ағаштың,
Мұң мен зарын әуре ме екен санап ел?

Қоңырауын соғып тұр ма күз суық?
Қыс хабары келеді әне із қуып.
Әлсін-әлсін жауған суық жауынмен,
Түздің жүзін жүрген кезде біз жуып.

Қабақ шытты міне тағы қара күз,
Қара күзде жадырауға сараңбыз.
Көше бойлап, қолшатырдың астында,
Бара жатты шаруасына алаң қыз.

Қырау бүркіп, аяз бүгін белсенді,
Үркер ұлып, Темірқазық теңселді.
Барша жұрттың қуырғанмен апшысын,
Бірақ менің баса алмады еңсемді
.
Себебі ме? Несін себеп сұрадың?
Көктем емес көңілдегі тұрағым.
Бақытыңды бағалауға ешқашан,
Күз кедергі бола алмайды, шырағым!
Айгүл Қадыр


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар