*** – Ақбота Бейбітбек

Бұл бетте «***» атты Ақбота Бейбітбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • kmm
  • 05.12.2022
  • 0
  • 0
  • 1575
Өлім өгіз секілді күшіне енген,
Орыс кемпір жылайды күшігі өлген.
Ару тұрды күрсініп айна алдында,
Әкесінің бейнесі түсіне енген.

Қош айтысты ғашықтар сүйген кеше,
Амал нешік жүректер именбесе.
Тып-тыныш шаршағанын басып жатыр,
Жаз бойы босамаған биден көше.

Тағдырының алмаған таңдап әнін,
Төзіміне кей жанның таң боламын.
Сыпырғысын ұстаған жесір әйел,
Тіледі іштей жапырақ жаумағанын.

Көп қайғының піскенмен күзде дәні,
Күзден бақыт көрмедік іздеп әлі,
Көңілдің күзін оңай өткеруге,
Жап-жақсы болсын дәйім бізде бәрі!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері