Өлең, жыр, ақындар

Қанай – Абылай

  • 06.01.2023
  • 0
  • 0
  • 712
(поэма)

«Ту баста Абылайды хан көтерген
Қамқоры Қарауылдың шешен Қанай »
Мағжан.

Атыңнан айналайын Қанай баба,
Жырламай жайланайын қалай ғана.
Мұңданып аруағың мұнартқандай,
Жарқырап нұр шашқанда талай дана.
Тұсында Абылайдың құтпан едің,
Ұшына тілдің найза тұтқан едің.
Қазақта сөз қалдырмай қазып айтып,
Азаптан алып талай шыққан едің.
Семсердей қиып намыс жыртқан едің,
Серкесі, серек туған сырттан едің.
Суғарған шешендікті даналықпен
Сөгілген көкалалы бұлттан едің.
Халқына туғызбаққа күн мен айын,
Көтеріп ақ кигізге Абылайын,
Алашқа алтын заман орнатысқан,
Дариға, ұмытсын кім би Қанайын!?
Арғында,
Айнымаған ата жолдан,
Ұйытып қара суды бата қонған,
Құттымбет тақ әкесі би Қанайдың,
Ішінде Қарауылдың Қарашадан.
Батаның дарығаны сол емес пе,
Ұрпағы батыр Мәлік ер емес пе.
Жайлаған Зерендінің барқыт белін
Алты ауыл Қанай құтты ел емес пе.
Бүгіннің Қанайындай Баян ағам,
Ол дағы алты алашқа аян ағам.
Көкшенің көңілдегі биігі боп,
Қанайлық қасиетін жаяр ағам.
Балуан Шолақ ер де шалқақтамай,
Жар салған нағашым деп жалпақ Қанай.
Мен дағы бір жиенің
Қанай десе –
Жүрегім соға алмайтын атқақтамай!
Беу баба!
Батырлықпен қол бастадың,
Белсеніп билік айтып дауды ұстадың.
Басқыншы қалмақ сел боп төгілгенде
Бураша бұздың жайқап жау қыспағын.
Нар басын ел бағына байлап берген,
Талқыға түстің талай қайратты ермен.
Тар шақта жан сақтамай, арды сақтап,
Арқаға қонуға елін қайрап келген.
Қаратау қалды артыңда қайран қоныс,
Қалмақпен қан жұтысқан ойран соғыс.
Атығай-Қарауылдың серкесі боп,
Атыңды алты алашқа жайған сол іс.
«Ақтабан шұбырынды» шөкелеткен,
«Алқакөл сұламада» есе кеткен,
Еліне ес жиғызған ердің сойы,
Дес бермей дұшпанына дүсірлеткен.
Қазаққа –
Болмаса да хақтан қата –
Қан кешу қатты соққан ауырлата.
Арқаға бетті түзеп, көшті бұрды,
Атой сап балалары Арғын ата.
Сауырын Сарыарқаның жол қылыпты,
Сәйгүлік күн-түн қатқан болдырыпты.
Нәсілін Қарасопы Қанай бастап,
Көкторғын Көкшетауға қондырыпты.
Қошқарбай, Қосағалы, Есенберді,
Байқошқар, Түнқатардай көсемдерді,
«У жұтсаң – руыңмен» дегендей-ақ,
Ер Қанай ел-жұртымен есен көрді.
Сыр бойы сүмесінен сүрең кеткен,
Қаратау көзден жасты мөлдіреткен.
Бастаған батыр Қанай бахадүрлер
Көкшетау көк беліне келіп жеткен.
Бекітіп ел іргесін тыныс алып,
Бел бекем буылған соң бір іс анық:
Қалмақтың қорлығы өткен қайран ерлер
Деп тұрды «Қан майданда тұрысалық!».
Ертіске иек артып, Есілді өрлеп,
Атығай, Қарақайдың көңілі өргек.
Қайрылып қаскөй жаудан кек алмаққа
Құлшынып найзаларын көкке сермеп.
Оңтүстік жау қолында қанды қасап,
Орта жүз сауын айтып жиды жасақ.
Ызалы жолбарыстың күйін кешкен
Ұясын қас дұшпанда қалдырған шақ.
Құйылған қосынына бар қазақтың,
Сыйынған құдіретіне жалғыз хақтың,
Жасағын Қанай бастап, «Қарақайлап!»,
Ұрыс сап ұйтқып соққан қырғын шапқын.
Соңында үкілеген үміттері,
Атығай-Қарауылдың жігіттері.
Қаһары қотарылып лап қойғанда
Қалмақтың қан қақсаған сынып белі.
Итішпес, Аңырақай, Бұлантыда,
Қалмақтай,
Қырғын салып бұралқыға,
Қабанбай, Бөгенбаймен қатар шапқан
Қазақтың қасиетін ұран қыла.
Тіл безеп, найза кезеп батыр Қанай,
Жау күнін қараң қылып батырғаны-ай!
Алаштың аруағын асырысып,
Саңқылдап бірлікке елді шақырғаны-ай!
Қара тіл, қайқы қылыш – қос қаруы,
Даланың дана жүрек бостан ұлы,
Алатау бүркітіндей шаңқылдаған
Азаттық дабылына қосқан үні.
Есені қайтаруға жауда кеткен,
Ерлері еңсе тіктеп арман еткен.
Абыздай алысты ойлап, намыс қайрап,
Жортуыл, жорықтарда жаннан кешкен.
Қопарып қорғасындай ойды батпан,
Қотарып сөйлегенде қоймай айтқан.
Дау шешсе – төрелігін тура кесіп,
Кезі жоқ көздегенін алмай қайтқан.
Жақсының кеудесі алтын сарай деген,
Жан болмай қайран қалмай «қалай?» деген,
Сол шақта жалпақ жұртқа кетті тарап,
Бір есім айбыны асқан Қанай деген.
Елдің ер туғызатын кезі келген,
Төле мен Қазыбектің көзі көрген,
Қарауыл Қанай би деп атақ алып,
Кемеңгер даналардың ізіне ерген.
Сардала сабылдырып талай көшкен,
Саржелі олай да ескен, бұлай да ескен,
Қамалған ел тұйыққа тар заманда
Қамқоры Қарауылдың Қанай дескен.
Би Қанай, батыр Қанай, шешен Қанай,
Атығай, Қарауылға көсем Қанай.
Қорықпан қылдан тайып кетемін деп,
Қамқоры бар қазақтың, десем, Қанай.
Қолбасы, топтың басы суырылған,
Сірә да тайсалмаған ұлы дудан.
Қазақтың қара тілі, сөздің пірі,
Алты алаш айтқырлығын үлгі қылған.
Сол күнде би Қанайдың алтын басы,
Мүшелі – отыз жеті, ел ағасы.
Қан кешу, атыс - шабыс, ауыр майдан,
Қазақтың күңіренген сақарасы.
Тақ – жалғыз, тақ жолының таласы – мың,
Жау қалмақ – жойқын нөпір, қара шыбын.
Көкшеде толғаныпты Қанай бабам
Болжалдап болашағын Алашының.
* * *
Қапасқа күнін қазақ қоралатқан,
Жанына жауы салған жара батқан.
Жаяулап Үргеніштен қашып шығып,
Жапанда жалғыз жетім келе жатқан.
Артында қалған оның Қарсы, Ғұзар,
Аңдыған дұшпан көздің жансызы бар.
Түнерген алдындағы болашағы,
Түйілген қабағында зар сызы бар.
Кіреді қалың қазақ ішіне ендеп,
Кісіге ашылмайды түсі дендеп.
Үндемей отырса да, бәтшағардың
Басқаны басатындай мысы демдеп.
Ортаға опырылып шаңырағы,
Опынып қазақ іші қаңырады.
Намысқор назарымен бағып бәрін
Саяқтап сақарада сабылады.
Сол жеткін бір құпия жан болады,
Далада дәруіштей сандалады.
Қалаға Түркістандай келген кезде
Хандарға Әбілмәмбет жалданады.
Ішіне түйген сыры мол болады,
Ханның да қызметінен қорланады.
Жай - күйін жасырады жан біткеннен,
Айтуға ата-тегін арланады.
Келеді онан кейін Төле биге,
Көтерген дүйім қазақ төбе биге.
Түйесін Төле бидің бағып біраз,
Түседі бала тағы шемен күйге.
Балаға оңып кеткен бақ-бояғы,
Би атаң Сабалақ деп ат қояды.
Талқыға талай әлі салатындай
Тағдырдың кері кеткен шатқаяғы.
Сыртынан абыз Төле сырын барлап,
Тегін жан еместігін мұның аңдап,
Қосады батасына сол жеткінді –
Келешек көсем ердің дүрі болмақ.
Кемітпей, қорашсынбай, аласынбай,
Би баба күтіп тұрды баласындай.
Кебенек ішіндегі жасын жүрек
Кермеде жайланар ма аласұрмай?
Тілегін тәңірісі бере қалды,
Төтеннен қарт Бөгенбай келе қалды.
Арқадан аңыратып жеткен ерден
Абыз би аңқылдаған сәлем алды.
Көңілі Бөкеңнің де алаң екен,
Қалмаққа жортуылдап барады екен:
«Ер болса ерлік іздеп еретіндей,
Қасыма жолдас қылып ала кетем!».
Дегенін отырғанда оқыс тыңдап,
Көзінен Сабалақтың от ұшқындап,
Алдында би атаның басын иіп,
Бармаққа белін буып, алды рұқсат.
Жоңғардың жолын шолып, жерін шалып,
Жорықта әдіс алып, ебін салып,
Шалқыған от - жалындай орай соғып,
Оралды екі мәрте барымта алып.
Қадалып сегіз қиыр шартарапқа,
Қамалмай жау тықсырған жарқабаққа,
Атойлап ұлы қиқу төгіп жатқан
Ауаны ауа берді Арқа жаққа.
Қалмаған Әзірет Сұлтан кебеде де,
Тұрақтап тұра алмады Төледе де.
Бетке алып Сарыарқаны кетті тартып,
Болардай батыр, көсем көре-көре.
Сол бала Сарыарқаны жерім деген,
Қаймана қалың қазақ елім деген,
Хандардың қорлығынан қорынса да,
Халықтан қарапайым жерінбеген.
Шөңге мен шөгір қадап өкшесіне,
Арқаның жетті сұлу Көкшесіне.
Бекітіп бірте-бірте бұғанасын,
Сомдалып қаланардай текшесіне.
Сол кезде мекендеген Дәулет көлді,
Жақсылық Қарауылда Дәулеткелді,
Байлық пен билігін де қатар ұстап,
Көкшенің көркіне сай сәулет берді.
Сірә да болған шығар хақтың ырқы,
Сабалақ байға келіп бақты жылқы.
Елім деп келген бала бөтен емес,
Судай боп сіңбес бұлай жаттың ұрқы.
Әр жерде танытады текті мінез,
Бейәдеп бейпілдігі бек білінбес.
Бойында бекзаттығы байыз тауып,
Күпісін бүктеп биік соқты күмбез.
Күлкі мен қысыр сөзді малта қылмай,
Күпісін биіктетіп хан тағындай,
Тәкаппар бала кейде отырар-ды,
Тәңірдің бәйбішесі тапқан ұлдай.
Көкшеде ел иесі Қанай еді,
Кеудесі қазыналы сарай еді.
Назарын аударғаны Сабалаққа
Көрген бір керемет түс орайы еді.
Көлінен Караүңгірдің жағалатып,
Жорықтан шаршап Қанай келе жатып,
Ұйықтап сол арада түс көреді
Қиялын билеп алған таңырқатып.
Елестен сарсылғанда санаң үркіп,
Еліне әр уақытта дана бір құт.
Қанайдай киелінің қалғып кеткен
Қолына қонады алып қара бүркіт.
Аяқта балақ бауы зерлі екен деп,
Апырмай, жатқа неге қонды екен деп,
Басынан сол бүркіттің сипағанша,
Желпіген қанатынан жетті бір леп.
Күркіреп дем ішінде көк дүбірлеп,
Керемет қанатынан соқты бір леп.
Оянып сол арада кетті Қанай
Жанғандай кеудесінде от гүрілдеп.
Жар салып қасындағы жолдасына,
Жеткенде Қарамұрын қырқасына,
Көреді қоян бүрген сол бүркітті
Шығып ап таудың тарғыл жартасына.
Ойында көрген түсі жаңа ғана,
Оқиға болған мынау дем арада.
Алланың аянындай айқындалған
Сол сурет сұлбаланды санада да.
Ер Қанай тоқтатады серіктерін,
Жау келсе жапыратын берік белін.
Жаңағы түсін айтып жорытады
Қайсыңның бар, дегендей, көріпкелің?
Сол күнде ағайынды Малай, Қанай,
Тіл қатты Малай сонда: Қанайжан-ай!
Шеңгелін нәсібіне салды бүркіт –
Шошытып алмайықшы абайламай.
Шіркін-ай, көрген түсің тамашалы,
Боларсың қазағыңның дана шалы.
Қонады басыңа – бақ, еліңе – құт,
Қыран құс қарымыңа жол ашады.
«Әумин» деп жайды қолын Малай аға,
Ырымдап ел мен жерге, Қанайға да.
Аруақты Абылайдай хан келерін
Ақылгөй болжап білді қалай ғана!
Жетіпті жебе нақыл замандардан,
Зер көкірек, заңғар биік адамдардан.
Қанайға бақыт қара бүркіт болып
Қоныпты деген аңыз содан қалған.
Аңызы әдіптеліп шындықпенен,
Байланып бақас жауға кіндікпенен,
Қаһарлы Қалдан Серен уақытында
Қырқысы қазақ-қалмақ бір бітпеген.
Хабар кеп сауын айтқан жамағатқа,
Қайралған қайтадан ел қонады атқа.
Қанайдың қаптай шапқан қосынына
Қапталдан қосылыпты Сабалақ та.
Аттанған Дәулет байдың батасын ап,
Астында аңыратқан Шалқұйрық ат.
Жолдасты жортуылдас бір кездегі
Бауырға баса берді Бөгенбай қарт.
Тағдырдың шалдырғандай сал құйрығы,
Тәңірдің табылғандай дәл бұйрығы,
Таңдаған Дәулеткелді жылқысынан
Тәж-таққа алып ұшты Шалқұйрығы.
Сесінде селкеулік жоқ сол Сабалақ,
Жалғыз ат, жалаң қылыш, қату қабақ.
Жауменен ұрысардай, тұрысардай,
Намыстың найзасына сапы жалғап.
Қалың қол қарсы тұрған қазақ-қалмақ,
Қазақты іліктірген азап-қармақ.
Жүрегі қан қасаптан шайлықпайтын
Ер шықпай елі қайдан азат болмақ?
Сондай ер тудыруға толғатқандай,
Қан кешу толарсақтан жалдатқандай,
Бетпе-бет келген қолдың жекпе-жегі
Бар елдің батырлығын барлатқандай.
Мен деген талай ердің құты қашып,
Майданда Шарыш дәудің мысы басып,
Қазақтар жекпе-жекте жерге қарап,
Қарттары күрсінгенде уһыласып.
Бата алып Әбілмәмбет ханнан дара,
Ат қойды «Абылайлап!» жалғыз қара.
Аспанда атойынан бұлттар көшіп,
Дүбірі тұлпарының жерді жара.
Батыры баудай түсіп қаңтарылған,
«Бұл кім?» деп қазақ жағы аңтарылған.
Намысты Шарыш таптап тұрған сәтте
Онсыз да омақасып тау шағылған.
Ел көрді ес жиғанда Сабалақты,
Қайғырды қашырар деп бала бақты.
Халқымның үміт таңы тұрса да атып,
Күдігі көңілінен тарамапты.
Кезінде кеңесінен дегбір кеткен,
Найзасын толғай сұғып өндіршектен,
Шарышты шалқалатып ат үстінде
Өңгеріп кесті басын көк желкеден.
Жөнелді қанжығаға байлап басты,
Қазақтың қас дұшпаннан аруағы асты.
Қалың қол ұрыс салып, селдей қаптап,
Ұраннан үрейі ұшып қалмақ қашты.
Басына Сабалақтың бақ бөгелді,
Айбыны бет қаратпас шаққа келді.
Ардақтап ел көтерді алақанға
Ат қойып «Абылайлап!» шапқан ерді.
Әкеліп Әбілмәмбет хан алдына,
Өрлетті мәртебесін жоғарғыға.
Жаужүрек жас батырды тамашалап,
Жарқ етіп күн шыққандай қараңғыда.
Салмаған ұранды да асылық қып,
Тараған Есім ханнан асыл ұрық.
Тегіне тартып туған толағай ер
Тау-тасқа, туды қайта, басын ұрып.
Сабалақ алды солай сыйды көптен,
Себелеп қыдыр нұры құйды көктен.
Қуанып мұндай бауыр тапқанына,
Құшақтап Әбілмәмбет сүйді беттен:
– Белгілі бәрімізге асыл заты,
Баласы Салқам Жәңгір Уәлибақы.
Аруағын атасының аужал еткен,
Абылай болсын енді мұның аты.
Қаныққан жау қанына селебесі,
Қанішер Абылайдың немересі.
Көрсетті-ау қасиетін қаракөктің
Қозатын ұлы дуда делебесі.
Айтатын анық сөзім ағайынға,
Асықтай алшы түскен қолайыма.
Тақтың да ақ иесі сол емес пе,
Алла жар Абылайдың орайына!..
Сол сәтте саңқылдады шешен Қанай:
– Хан ием, қапысы жоқ айттың қалай!
Бас ұрған батырлыққа мәрттігіңе
Бас иер болашақта халқың талай.
Арсыдан жарылқанған алтын алап,
Ақсұңқар Көкшетаудан қақты қанат.
Еріме көрген түсті ырымдап ем,
Еліме ертең қонар бақты қалап.
Мың рахмет Жаратқанға, келді түсім,
Мың сан ел қыдыр - бақтың көрді түсін.
Атығай - Қарауылдың арзу хаты –
Датымның дәруғасын енді түсін.
Ат қойдың Абылай деп қыдыр-баққа,
Бақ бейіл ынтымаққа бұрылмаққа.
Тәңірім, тұғырымды төмендетпе,
Толайым ырымымды қырындатпа.
Жорасын бұрынғының жол қылайық,
Ордасын Көкшетауға қондырайық.
Қалмақпен көп соғысар орта жүзде
Хан тағын тұғырласақ, сол ылайық.
Алашта ақылы асқан нұр жазығым,
Алайық абыз Төле ырзалығын.
Жәнібек Шақшақұлы бата берсе,
Жасайды жалпақ Момын мырзалығын.
Атығай-Қарауылым өнікті орман,
Бақталас, бақастардан берік қорған.
Ұлықтап Ұлытауда хан көтеріп,
Абзалы Көкшетауға алып барған...
Осылай түйгенінде сөзді Қанай,
Ойларды сан-сапалақ кезді Қанай.
Ақжүрек Әбілмәмбет ханның дағы
Ақылға тоқтағанын сезді Қанай.
Қанайым ақ тілекті бастап тұрды,
Қабанбай, Ақтанберді қостап тұрды.
«Дулатып періштесін жұрт үстінен»,
Дүлейді Бұқар жырау жасқап тұрды.
Арқаның арыстаны қарт Бөгенбай,
Алашқа қорған болып жортқан ұдай,
Қанайдың қапияда тапқан жолын
Құп көріп күркіреді жағы тынбай.
«Жә!» деген білінгенде ханның райы,
Жадырап сала берді ел шырайы.
Жар салып дүниеге келді сол шақ
Қазақтың кеменгер хан Абылайы.
Шаттықтың шегі сол сәт болмап еді,
Алашқа алтын заман орнап еді.
Көкшенің көшіп келген орман елі
Көркем күй көкіректен толғап еді.
Алаштың асырғандай бағын айға,
Айналды Әбілмансұр Абылайға.
Дариға Хан асуы, Хан жайлауы,
Асатын Әзіретке жолы қайда?!
Абылай алапаның болды басы,
Аруақ аспандаған жиырма жасы.
Қанайдың хан көтерткен ақсұңқарға
Халқының ауа берді ықыласы.
Сөз бар ма халық өзі ұнатқасын,
Сын бар ма тәңірі өзі сынатқасын,
Көреген бабалар-ай, дәл көзеген
Мәңгілік ылайланбас бұлақ басын.
Би Қанай басшы болып, бүкіл елі,
Үш жүзден тоқсан жақсы үкіледі.
Жарқ еткен жалғыз сәтте сұлтан Абылай
Жұлдызын дүйім қазақ күтіп еді.
Жайылды жас жолбарыс даңы көпке,
Балады барлық қазақ бауыр етке.
Баяндап жайын Қанай айтқаннан соң
Батасын берді Шақшақ Жәнібек те.
«Әу бастан асыл тегін танып еді,
Мәпелеп баласындай бағып еді,
Төле би төрелігін берсінші» деп,
Абызға онан кейін алып келді.
Ағайын арасының жоралғысы,
Арналды тартуы мен таралғысы,
Ағадан ілтипатын аямаған
Би Қанай бірлік үшін алаң кісі.
Айғақтап алдаспандай жазылығын,
Айтады әділетті қазылығын.
Абылай Орта жүзді билесін деп,
Риясыз берді Төле разылығын.
Келтіріп әрбір істі ретке Қанай,
Қызметін қылды осылай көпке Қанай.
Қазына қара тілді қару етіп,
Қазағын жақындатқан шепке Қанай.
Көбесін қараңғының сөккен арай,
Қақпады ешкімді де шетке Қанай.
Ойқастап, елді бастап жүріп кетті
Алып бір Ұлытауды бетке Қанай.
Бауырдың бүтіндігін көрді Қанай,
Қоғамдап ұйыстырды ерді Қанай,
Бірлігі кетіңкіреп қалған елдің
Билігін берік қолға берді Қанай.
Тарқатып көңілдегі шерді Қанай,
Таңдады ту ұстайтын ерді Қанай.
Тірлігі тозыңқырап қалған елдің
Тізгінін темір қолға берді Қанай.
Тоқтамай, тыным таппай енді Қанай,
Кеудеде кеулеп қазды кенді Қанай.
Ұлытау, ұлан төбе көрінгенде
Үйірді бір жазыққа елді Қанай.
Ұлықтап ата-баба үлгі-үрдісін,
Ұшпаққа ұшырардай нұрдың құсын,
Ардағын ақ кигізбен көтергенде
Ұстады шешен Қанай бір бұрышын.
Алаштың шыққан сәті ерен белге,
Ауызы бармас ешкім төмен дерге.
Алтын тақ, ата мирас адастырмай,
Бұйырды Абылайдай кемеңгерге.
Хан тойы қалың жұртты жырғаттырды,
Қыранын қия шыңға самғаттырды.
Қанайдың қасындағы жігіттері
Қастерлеп хан киесін қорғап тұрды.
Ортада ұқсап Абылай туған айға,
Бөгелмей бет түзеді Бурабайға.
Орданы салтанаттап қондырудың
Билігі болып тұрды бір Қанайда.
Сарыарқа, сандал сағым, сары белі,
Көкшетау, көк бетеге, жәудір көлі.
Асқандай Оқжетпестің қиясына
Арналған Абылайға көңіл төрі.
Етегі кербез Көкше, шомбал тасы,
Қарағай, қалың жыныс, көлдің басы.
Аумағы ат шаптырым алаңқайға
Орнады Абылайдың Ақ Ордасы.
Басына Бурабайдың орда қонған,
Хан жайлау Қызылағаш ол да болған.
Қанайдың түсіндегі қара бүркіт
Қыдырлы Абылай боп самғады арман.
Көкшетау күмбірледі күйлі көкірек,
«Ақсарбас!» айтып тілек, ел дүркіреп.
Аруақты хан келгеннің белгісіндей,
Аспаннан жауып тұрды нұр сіркіреп.
Қалың ел қаумаласып етті ниет,
Ақжарма ағытылып кетті тиек.
Айна көл жағасында шаттанысып,
Ақ қайың ормандары кетті билеп.
Қоймастан сүйіншілеп алаш қауымын,
Қойнауын қыдыр кезді Көкшетаудың.
Ұлан-шу, ұлы думан
Арасында
Тәңірім тартқан сыйға бақша - баудың.
Жұмылтып жұдырықтай ел мен ерді,
Қалқандай тұтып берік бел - беренді,
Би Қанай бір ғажапқа бастай берді
Көкшеге хан қондырған сердебеңді.
Желіге мама бие байлатқызды,
Қотанға қоралы қой айдатқызды.
Қара үйде қара саба күрпілдетіп,
Қызметке төлеңгітін сайлатқызды.
Ақ Орда мәлім болып тігілгені,
Ақ туы Абылайдың желбіреді.
Құрмалдық болайық деп хан жолына,
Есілдей ақты құлдап ел тілегі.
Аспаннан ай сәулесі жалт үзілді,
Алламыз жарылқады халқымызды.
Жайнатып жасауымен түсірген шақ
Атығай – Қарауылдан алты қызды.
Көкшеге хан Абылай қонды құты,
Кернеді жүректерді өрлік оты.
Жау-жарақ, жігер-қайрат қайралғандай,
Ерлікке еңсерілді елдің беті.
Көкшенің көркі сұлу, серті мықты,
Көкседі ел бірлікті, еркіндікті.
Қазақтың басын құрап, бағын ашқан
Қанайым тапқан екен жер кіндікті.
Елдіктің тартылғандай сара жолы,
Қыдырдың нұсқағандай дара қолы,
Көкше мен Түркістанның арасында
Көлбеді Абылайдың қара жолы.
Шоқтығы қасқа жолдың асып тұрды,
Кеудесін кергігеннің басып тұрды.
Қанайдың қасиеттеп көтерген хан
Ырысын бар қазақтың тасыттырды.
Жылқысын қайырусыз бақтырады,
Қалыңсыз жар құштырып, шат қылады.
Қайғысыз ұйқы сыйлап қазағына,
Қоғамдап қалың елін жатты ұраны.
Қыранның аңсағаны зеңгір еді,
Армансыз тояттауға ділгір еді.
Қанайдың түсіндегі қара бүркіт
Қас жауға қара қайғы төндіреді.
Алашқа тәңірінің сыйы болған
Данамен қайта туған биік арман.
Абылай – азаттықтың алдаспаны,
Халқының несібесін қиып алған.
Қара орман ерлік рухын жиып алған,
Қалтқысыз тарқатылған түйіні алдан.
Қатардан Қанайды да қалдырмайық
Ақылшы, Абылайдың биі болған.
«Қылады Мекержеде байлар сауда,
Топ бұзар батыр жігіт қалың жауда.
Сұрасаң, Абылайдың тұрған жері,
Хан болған қырық сегіз жыл Көкшетауда».
Баласы Толыбайдың Арыстан ақын,
Найза тіл, Хан Кенені шанышқан ақын,
Жырлапты-ау осылай деп Абылайды,
Аруағы ұшып жүрген ғарышқа жақын.
«Ту баста Абылайды хан көтерген»,
Көш бастап Көкшетауға алып келген,
Қанайдың қарақұрым еңбегінің
Қызығын ата қазақ халық көрген.
Қотарып қасиеттің қормалынан,
Ұрпағын көз жаздырмай ардағынан,
Бағасын бабасының беріп кеткен
Айналдым Мағжанның да аруағынан.
Сан шешкен Абылайдың «Бұл қалайын?»,
Сырдесте орақ ауыз би Қанайын
Қазағы қастерлеуден жазбас, сірә,
Болжаған басындағы күн мен айын.
Күш қаулап, жау қалмақты түре қуған,
Шаңдатып жорық жолын сүре қылған,
Би Қанай Абылай асқан асуларда
Әсте де қалған емес ұлы дудан.
Хан сайлап Абылайды Түркістанда,
Бар қазақ мерей тауып, нұр құшқанда,
Онда да ер Қанайдың орны бөлек,
Биігі аласармас бір мысқал да.
Дананың Абылайдай жанабында,
Ұлыстың ұлы ханы талабында,
Ташкенттің төңірегін құзырға алып,
Билігін құрған Қанай заманында.
Ташкентке он екі қақпа жүрді әмірі,
Қанайдың ғибратының бұл да бірі.
Қырғыз бен өзбектің де дауын шешіп,
Білінген білігінің бір қадірі.
Қанайдан құт ұйыған қарабарқын,
Қазаққа Абылайдың заманы алтын.
Киесі сол ерлердің жеткізіпті
Күніме күлден өнген жаңа, жарқын.
Құт баба шыға қоймас қалай да естен,
Бүгінге келіп жетті арай көшпен.
Халқының жадындағы жәдігер сөз:
Қамқоры Абылайдың Қанай дескен.
Алашқа бақ - береке тіледі де,
Айналды Абылайдың тірегіне.
Қолдаса ел бағына туған ерді,
Жасаған жақсылығы-ау бұл еліне.
Шалқар көл, сақара бел, сайын далам,
Қанайды Абылайдан айырмаған.
Қапталда қалың елі тұрған кезде
Қылышын Қанай-Абылай майырмаған.
Абылайдың оң дізесін басқан биі,
Алдынан қара пәле қашқан биі.
Ақшора, Төле, Қазыбек, Толыбайдай
Бұл да бір келесінен асқан биі.
Ақылын кеңесіне қосқан биі,
Асауды сөзбен қайырып тосқан биі.
Дұшпанның ордасына даңы жеткен,
Аспаған басынан сөз бостан биі.
Ханнан да, қасқадан да ығынбаған,
Бектен де, басқадан да бұғынбаған.
Шағы жоқ зәһар ойы ем болмаған,
Шайпауға – шаян тілі сұғылмаған.
Дес бермес асып туған озғындайын,
Сөйлесе тамызар деп сөздің майын,
Аруақты Абылайдай бахадүр хан
Әмісе ардақ тұтқан би Қанайын.
Бұрынғы бұла жұрттың би Қанайы,
Бұл да бір бұлтқа жуық Бұланайы.
Тарихқа таңбаланып қалай түспес,
Жорықта жолдас етсе Абылайы.
Қалың қол жер қайысып дабылдаған,
Жақын-ау дүбірлеткен сарын маған.
Мәңгілік бесікте де Қанай-Абылай,
Дариға, қатар жатып дамылдаған.
Аламан асуында Абылай асқан
Қамшыгер емес пе еді Қанай бастан?!
Аруағы Қанай-Абылай, қолда елімді,
Ағында құлагер жыр, Қанай-дастан!
* * *
Құтпаны қазағымның Қанай баба,
Рухыңды тербетпеймін қалай ғана?
Арманы Абылайдың тұр желбіреп
Ақ Орда, алтын өрнек сарайда да.
Бұл күнде ұрпағыңнан қайғы қашқан,
Алты ауыл Қанай болып айдыны асқан.
Ардақтап аруағыңды ас беріліп,
Аяғы ұлан-думан тойға ұласқан.
Келісті Қанай аулы көркімен де,
Көршілес Кенесары кентімен де.
Ауылы Абылай хан аққуларша
Қонғандай абатталып зер кілемге.
Игілік, Қарабұлақ, Ескенжалы,
Өмірлік аламанда өскен жаны.
Ұялы, Жамантұз бен Қойсалғаны –
Қосылған көппен бірге көшке ордалы.
Қанайдың Көкшетауда алты ауылы,
Алаштың асқақ кеуде бар қауымы.
Ташкенттің түбінде де жұрат қалып,
Бабаның талып жеткен алқау үні.
Сап тыйып заманалар сарылысын,
Ұрпаққа қасиетің дарыды шын.
Қазаққа кемеңгер ұл тағы туып,
Қайтадан атқа қонды халық үшін.
Елдік бар, ерлік те бар, өрлік те бар,
Даналық, дарқандық пен кеңдік те бар.
Төрінде дүйім дүние билік айтып,
Қазағың күміс кемер белдік тағар.
Мұраты осы еді ғой би Қанайдың,
Арманы осы еді ғой Абылайдың.
Баянды болғай-ды деп баба тілек,
Жырыммен қыдыр-бақты жадылаймын.
Қанай мен Абылайдың үндестігі,
Би-бағлан, батырлардың бірлестігі,
Арқасы-ау сондай алып бабалардың
Ақын да ерттеп мінсе жыр-бестіні.
Асуда алмағайып қорғаламай,
Алашым, аса бергей алға қарай.
Асқарға Абылайды өрлеткендей,
Қамкөңіл қазағыңды қолда, Қанай!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шошала тас

  • 0
  • 0

Бала жастан ойымда, қиялымның көркі еді,
Шошала тас жайында ғажайып бір ертегі.
Алып келген әріден қариясы, данасы,
Жырлаушы еді сол жырды азаматы, баласы,

Толық

Сейтен сарыны

  • 0
  • 0

Елестеп сонау жырақта,
Есілде – Балуан ауылы.
Құяды бір сыр құлаққа
Сейтеннің ұлы сарыны.

Толық

Суалма

  • 0
  • 0

Суалмадан –
Құс дауысы шығады тыраулаған.
Тыраулаған –
Сол дауыс көкіректен сыр аулаған.

Толық

Қарап көріңіз