Өлең, жыр, ақындар

Бірәлі-дастан

  • 06.01.2023
  • 0
  • 0
  • 1046
(поэма)

Дүниеден өтті жампоздар,
Ойласаң соны жан боздар.
Халық өлеңінен

Жыр басы

Құдайым рахметiнен құр қылмасын,
Бастаймын Бiрәлiден жырдың басын.
Нар жүгiн заманының көтерiсiп,
Сүйсiнтiп, сұқтандырған сұңғыласын.
Көшелi ердiң сойы, ақыл-ойы
Аударған тамам жұрттың ықыласын.
Ердi де еске алмасқа бола ма екен
Өмiрдi өнегесi нұр қылғасын.
Қазаққа қайран ер деп аталғандай
Қарымы тас-түйiн қып мыңның басын.
Аруағын асыл жанның тербеткенде
Менiң де көкiрегiме нұр құласын.
Жырымның тереңдегi мәнiн ұғын,
Бiрәлi – бiрегейi дәуiрiнiң.
Сұрыптап елегiмен екшегенде
Замана жарқыратқан тәуiр ұлын.
Шөп-шалам жиегiнде қала берген
Тiрлiктiң аққан судай ағынының.
Өрлеген қия шыңға арқасында
Бойдағы қайрат-жiгер, жалынының.
Сан түрлi сұрапылдан аман өткен
Шалдырмай қырсығына қағындының.
Мен дағы бақыттымын, әз ағаны
Ардақтап аяласа ағын жырым.
Елiмнiң баһадүрi Бiрәлi едi,
Есiлдi өрлей бiткен шынар едi.
Төсiнде Алтын Жұлдыз жарқыратып,
Тұғырда тұрпаттанып тұрар едi.
Тiрелсе тығырыққа қандай iсiң,
Тұйықтан алып өзi шығар едi.
Аталы сөз айтқызған алдына сап
Арқада қауым жұрттың ұраны едi.
Сом болат топшылары шәулi бүркiт,
Самғаған шырқау биiк қыран едi.
Қабанбай, Бөгенбайы бүгiнгiнiң
Мақтаныш етерлiктей Тұран елi.
Ауыздан сөздi қалай қайтарамын,
Алашқа ардақты деп айта аламын.
Қолынан Қонаевтың жұлдыз iлген,
Жолына құт iлескен май табаным.
Қаршыға қағылез сары, құтқармайтын
Қашықтан қырық күндiк байқағанын.
Жұрт көрген заманының батыры боп,
Жұмысты оңды-солды жайқағанын,
Жүйткiген уақытының тұлпары боп,
Дүбiрi жер табанын шайқағанын.
Жастары Жақсы-Қима бүгiн таңда
Бастасын Бiрәлi деп айтар әнiн.
Еңбексiз ер жiгiтке бақ қона ма?
Әйгiлi Торғай менен Ақмолада.
Кеңестiк кезең дейтiн қилы кезде
Кеңшарын өрге сүйреп, тартқан алға.
Елiнiң ерiм деген ақ үмiтiн
Бiрәлi емес пе едi ақтаған да.
Бiрәлi емес пе едi сан бейнетте
Сенiмiн жүрегiнде сақтаған да.
Жанасып жақсыларға, жақын жүрген
Ұшпаққа шығаратын бақ-таланға.
Елiне танылатын ерен iсi
Ағаның шапағатты шақтары алда.
Артында қалған талай асқар iсi,
Бiрәлi – баба жұрттың мақтанышы.
Өрлетiп өндiрiстi, әйгiленген
Әлемдiк биiктерге аттанысы.
Бақытты болашаққа жол тартқанда
Болмаған кiдiрiсi, тоқталысы.
Қиынға салған сайын қайсарланып,
Бiтпейтiн бойда қуат, оқ-дәрiсi.
Кеудеде Күнi бардай, сарқылмайтын
Шалқыған шалқар шабыт шаттанысы.
Баршаға береке-құт дарытқан-ды
Бiрәлi Нұртазиннiң батпан күшi!
Өмiрдiң көрген талай азабын да,
Кешiрген қияметтiң тозағын да,
Бар шақта барқадарын жоғалтпаған,
Тар шақта тоздырмаған наза-мұңға,
Ауыр сын, алмағайып кездерiнде
Көтерген дүлей ғасыр мазағын да,
Торынан мың бiр пәле аман өтiп,
Өткерген өмiр-дәурен ғажабын да,
Сескенбей озбырлардан, Құлагерше,
Сiлтеген «шу қаракөк!» озарында,
Тағдырдың таңғажайып сыйы сынды
Бiрәлi бiртуар ғой қазағымда!
Гүлденткен терiн төгiп туған жерiн,
Жанкештi тәуекелге буған белiн.
Бақыттың ордасына айналдырған
Есiлдiң бойындағы думанды елiн.
Өзеннiң қос қанаты жасыл жайлау
Ел-жұрты ырыс-құттың жырғар кенiн.
Көгiлжiм көктiң нұрын жұта-жұта
Керiмсал күйге басып тұрған егiн.
«Ешiмнiң» атырабын гүлге бөлеп,
Өлкенiң шаттандырған орман-көлiн,
Жүрегi айналайын Бiрекемнiң,
Мейiрлi махаббатқа тұнған ба едiң?!
Хан тұтқан орыс,қазақ, немiсiң де,
Қалдырмас наз-өкпенi тегi iшiнде,
Ешбiрiн алаламай бiрдей көрген
Жалпақ ел, жалпы жұрттың тегiсiн де.
Бiр үйдiң баласындай күлiп-ойнап,
Мыңғыртып мал айдаған өрiсiнде.
Ырыздық арпа-бидай ел ырысы
Ырғалып биге басқан егiсiнде.
Өсiрген бау-бақшаны бағбандары
Күн сүйiп мәуелеткен жемiсiн де,
Орнатқан Бiрекеңнiң жер жұмағы
Тараған аңыз болып ел iшiнде.
Сол жұмақ бұл күндерi қайда кеттi?
Саны түзде, сирағы сайда кеттi.
Боршалап, бөлiнгендi бөрi жедi,
Еңбегiн Бiрекеңнiң ойран еттi.
Бiрекем болса мұндай болмас ед деп,
«Ешiмнiң» елi түгел байлам еттi.
Есiл ер, арыстаным екен-ау деп,
Толғанып, тоқсан тоғыз ойға кеттi.
Майда ескен ерке Есiлдiң сал самалы
Мазарын Бiрекемнiң жайлап өптi.
Ақын да әз ағаның өмiр жолын
Маздатып жүрегiнде ойлап өттi.
Тағдырмен арпалысқан жөргегiнен,
Таңдайы татқан талай кермегiнен,
Аштықта құдiретпен аман қалып,
Өмiрде өрмелеген өрге кiлең.
Соғыста жүрек жұтып ерлiгiмен,
Нұрланған бейбiт күнде еңбегiмен,
Батырын қос майданның Бiрәлiдей
Қазаққа табу қиын жер-көгiнен.
Пiр тұтып Бiрекемдi мақтамаған
Еш жерде көрмедiм-ау пенденi мен.
Арнаған ардагерге дастанымды
Жырымның жайнатайын өрнегiмен.

Қайран бiздiң бабалар!

Шарқ ұрып теңiздегi шағаладай,
Ойлаған халық қамын бабалар-ай.
Ұлысты Ұлан-ғайыр
Ұрпағына
Қалдырған қасиеттi даналар-ай!
Қаржасып қалың жаумен ғасырларда,
Зор қалмақ өктемсiнiп басынғанда,
Егесiп бiлек күшi, найза ұшымен
Ерлiгiн батыр бабам асырған да!
Баласы тiзе қосса үш арыстың,
Көзiнен жарқ-жұрқ етiп ұшады ұшқын.
Арттырып ынтымақпен берекенi,
Бiрлiкпен қуат қосып, күш алыстым.
Талапты ерi шырқар бұла жырын,
Тарақты – асыл тегi Бiрәлiнiң.
Рухына ата-баба сыйынғанда
Аруақ қолдайтынын ұғады кiм?
Маздатқан Абылайдың абат күнiн,
Байғозы бас батыры Тарақтының.
Тегiмнiң – тарам-тарам тамырлардай
Шiркiн-ай, шежiресiн таратты кiм?
Аңыздар болар ма екен бүгiнге сеп.
Тарихтың, алтын iзде, күлiн көсеп.
Түбiне ақиқаттың жетемiз бе,
Тарақты Ақселеуге жүгiнбесек?
Алыстан iздемейiк санатты бiз,
Арыспен Бiрәлiдей қанаттымыз.
«Ешiмнiң» орыс, хохол, немiстерi
Деп айтқан: бiздер-дағы тарақтымыз!
Олар да асыл текке бұрады ғой,
Жақсының жақсылығын ұғады ғой.
Бiздер де тарақтымыз деген сөздi
Айтқызған арыстаным Бiрәлi ғой.
Ұқтырды ағайынға қас-қабақты,
Бiреудi таспен атқан – аспен атты.
Өзегiн жұлып берген дос-жаранға,
Өзi ғой Бiрекеңнiң бас тарақты.
Бата алған Байғозысы Абылайдан,
Арқаның шұрайына қанат жайған,
Бертiнде Бiрекемдей асыл туған,
Тайпасы тарақтының шықты қайдан?
Дегенде деген-дағы деген екен,
Аса көп айтылмайтын өлең екен.
Арғынның ару қызы жүктi боп қап,
Ұялып шашын тарай бередi екен.
Оң жақта туған бала елде қалған,
Ер жетiп балпанақтай батыр болған.
Тұқымын шашып-жайып таратқанда,
Тарақты лақап аты содан қалған.
Бұл сөзге ешкiмнiң де жоқ таласы,
Тарақты арғындардың ноқта ағасы.
Мекендеп Сырдың бойын өз алдына,
Болмаған алты алашта бақталасы.
Не түрлi жаугершiлiк заман өткен,
Дананы заман елдiң дарағы еткен.
Ер шығып Тарақтыдан Боранбайдай,
Есiлге елiн бастап аман өткен.
Боранбай сол заманның данасы екен,
Батырдың Киiкбайдай баласы екен.
Ұстайтын елдiң сөзiн хан алдында
Сол кезде «Жетi жарғы» жорасы екен.
Жарлыққа Әбiлхайыр қаратыпты,
Ақылдың асыл кенiн жаратыпты.
Сөз ғой деп үш жүзiңiз үш-ақ ауыз,
Боранбай шежiренi таратыпты.
Хан сонда Боранбайға: аға, дептi,
Болса да не бұйымтай, қала дептi.
Қамқоры тарақтының би Боранбай
Қалауын түпке сақтап ала кептi.
-Хан ием, халқыңызға дем берiңiз,
Қараны қаракөкпен өңгерiңiз.
Алқакөл сұламада қаңғып қалған
Баласын Тарақтының теңгерiңiз.
Күн кешкен әр есiкте арып-ашып,
Жүргенiн намыс қылам беттен басып.
Баласын Тарақтының жинап бергiн,
Бүйрегiң шын-ақ бұрса, жарлық шашып!
- Дұрыс-ақ! Айтқаныңыз болсын, аға!
Ел болар!
Ел қонатын жер шыға ма?
- Сағасы Қайрақты мен Терiсаққан,
Есiлде еркiн жатқан мол сыбаға!
...Келiсiп осы сөзге тарасады,
Қуанып керi қайтып бел асады.
Iнiсi Боранбайдың Итен сонда
Иiлiп ағасына сыр ашады!
- Алдына iнi шықпас ұлы ағаның.
Ерлiк қой елдiң басын құрағаның.
Күнi ертең азып-тозып келер елге
Мал неге жерге қоса сұрамадың?
- Ай, қарағым-ай!
Сабырмен iстiң артын тоспай ма екен,
Үш жүздiң баласы бас қоспай ма екен,
Өзiмнен еншi басын алып ең деп,
Кiшi атаң бетке сонда баспай ма екен?!
Ал ендi, жер – құдайдың жерi емес пе,
Байтағың ен далаға кен емес пе.
Сол үшiн мал сұрамай, жер сұрағам,
Ұтылып қалмайын деп сөз егесте!
...Сөз – тамам,
Сапар шегiп, жол жүрiптi.
Боранбай болмайтынды болдырыпты.
Жетпiс үй тарақтыны бастап әкеп,
Есiлдi ен жағалай қондырыпты.
Есiлдiң өрге тартқан бұрылысы,
Қайрақты, Терiсаққан құйылысы.
Жайлауы Қалмақкөлге иек артқан,
Түбектiң ырыс-құтқа тұнып iшi.
Тайпасын тарақтының күттi ме екен?
Балқыған аспан нұрын жұтты ма екен?
Есiлдiң жағалауы ақтылы мал,
Елiме болды солай құтты мекен.
Көптен-көп тарақтының ерендерi,
Бабалар iшiндегi кемелдерi.
Бүгiнде еркеленген Есiлi мен
Еске алар толқын атқан кемер көлi.
Байғозы бас батыры, берен белi,
Бастаған би Боранбай кемеңгерi.
Бiрәлi – бабалардың сарқытындай,
Батыры бұл заманның, Еңбек Ерi.
Өткен күн толы шаттық, толы мұңға,
Тоғысқан сан тарихтың жолы мұнда.
Бейiтi Боранбайдай абыз бидiң
Мүлгiген Еркiндiктiң қорымында.
Еркiндiк – Қима жаны, жасыл дала.
Ұрпағы тамыр жайған осында да.
Елiңдi әз рухыңмен аялай бер,
Айналдым аруағыңнан, асыл баба!
Ұйтқысы ұлысымның солар едi-ау,
Ұранын бiршiлiктiң салар едi-ау.
Би баба, Бiрекемiз тiрi болса,
Басыңа белгi-күмбез соғар едi-ау!
Бiрәлi Еркiндiктен түлеп ұшқан,
Ортасын жарып шыққан бiр арыстан.
Өткендi жалғастырып келешекке,
Рухымен бабалардың сыр алысқан.
Ту тiгiп туған жерге, қалам алдым,
Тартамын таудай жүгiн қара нардың.
Бесiгiн Бiрәлi-жыр тербеткенде,
Қолдай көр, аруағы асыл бабалардың!

Атамекен

Пәниде туған жерге жер жетпейдi,
Басқа жер көңiлiңдi өрлетпейдi.
Жүректi елжiретiп, мұңға бөлеп,
Жаныңның сағынышын тербетпейдi.
Сарыарқа Абылай асқан сары белi,
Алашқа айбын болған алтын төрi.
Бес мейрам, жетi момын еншiлесiп,
Жайлаған жаһұт жердi арғын елi.
Есiл мен Атбасардың арасында,
Торғайдың терiскей жақ даласында,
Қайрақты, Терiсаққан басын қосып,
Есiлге ентелеген сағасында.
Ұйыған иман-нұрға дидар өңi,
Нәсiп пен берекенi жиған елi,
Ежелден қазағыма атамекен,
Ерге –ырыс, елге – қоныс Қима жерi.
Есiлдiң аты шыққан атырабы,
Аңыздың ғажайыбын сапырады.
Ақылгөй, абыз, шешен, ақын-жыршы,
Аз ба екен ел қорғаған батырлары.
Қанығып бiлушi едiм сырын көптен,
Нарқасқа туған жерге туын тiккен.
Бектауыл Баубек батыр тұлпарының
Тұяғы сақараны дүбiрлеткен.
Атанып батырлықпен бала Баубек,
Атойлап жасындықпен салады өрнек.
Жауға атқан хан Кененiң жебесiндей
Есiмi ел есiнде қала бермек.
Ауылы Баубек батыр Ешiмдегi,
Кiшкене түбектегi Есiлдегi,
Ас берiп аруағына, кесене сап,
Қима елi қастерлеген есiл ердi.
Бабалар сақтаңдар деп өсиет қылған,
Қойнына атамекен қасиет тұнған.
Киесiн кесiп өткен кесiрлердi
Сiлейтiп туған жердiң кепиетi ұрған!
Шөптiкөл, Шұңқыркөлi, Қалмақкөлi,
Шалқытқан бақ-дәулетiн саңлақ төрi,
Асылын атамекен кие тұтқан
Қима мен Жақсыдағы ардақты елi.
Еркiндеп Есiл тасып жайылмада,
Шұратын шұрқыратқан сайын дала.
Қолтығы, қолаттары көкмайсалы,
Шығатын түгiн тартсаң майы ғана.
Бұлаңдап түлкi құйрық сағым алдан,
Шалғыны келетұғын белуардан,
Көркiнiң кереметi көздi сүйiп,
Көк өзен көрiнбейдi қалың талдан.
Сылдыры сұлу қыздың күлкiсiндей,
Кәусары мөлдiреген нұр түсiндей.
Есiлдiң екi жағы гүлжазира
Құлпырған қалы кiлем түр-түсiндей.
Жалпақ жон бетегесi белден асқан,
Ақындар берекесiн жырға қосқан.
Моншаққа малшындырып аялаған,
Жаңбырлы жан нұрымен жырғап аспан.
Қаһары қыстың қатты қыр елiнде,
Ақырған ақ бораны, суық желiнде,
Табиғат қолдан соққан қора сынды,
Тебiндер жылқылары түбегiнде.
Алаштан келе жатқан айбыны бар,
Қазақтың жары – құдай, байлығы – мал.
Айналдым атамекен, ер бабамның
Түлетiп төрт түлiгiн сайлы қылар.
Ырысты шұрайына ұйыған елi,
Құтымсың, қыдырымсың, Қима жерi.
Атама алтын бесiк, ая болған
Ардақты атамекен, сүйем сенi.
Қимада талай-талай тарих өткен,
Ұлдары жаннан кешiп, жалын төккен.
Бiлiктi баба жұрттың қасиетiн
Бүлдiрмей бұл заманға алып жеткен.
Сарыарқа – сары қарын, кең iргеден
Еншiсi Жақсы-Қима бөлiнбеген.
Ертеде салып патша бекiнiстi,
Ерлерi жағаласқан елiм деген.
Одан соң күркiреген Кеңес келдi,
«Бақытты коммунизм» елес келдi.
Қазақты аштықпенен алқымнан ап,
Толтырған ақ сөңкеге белестердi.
Бар шығар бұл қазақтың қырық жаны,
Құрымай аштықтан да тiрi қалды.
Құрылған тозақ тордан тоза жаздап,
Құр сүлдер, алып шықты сiрi жанды.
Қайбiрiн қасiреттiң айта аласың,
Елбесiп ел көтердi қайта басын.
Қазағым қара нардай қайсарлықпен
Қоймады тiршiлiктiң тайталасын.
Бүгiнгi Есiл, Қима, Жаңадала,
Жарқайың, Жақсыменен жекедара
Жалғыз-ақ Баранкөлдiң ауданы боп,
Жылтырап жаққан шырақ сақарада.
Оятып дүбiрiмен Арқаны да,
Орнатып алтын көпiр ел таңына,
Отарба темiр жолы Ақмоладан
Тарамдап тартты желi Қарталыға.
Хорошо, орыс – жақсы, қазақ – жақсы,
Салынған темiр жолдай ғажап – жақсы.
«Жақсы» деп жан жадырап көп айтылып,
Аты да стансаның содан – Жақсы.
Кеңдiгi көз талдырған дала – жақсы,
Келтiрген жақсылығын жаңа – жақсы.
Елiме көп жаңалық әкелiптi
Есiлдiң стансасы – тың қақпасы.
Торғайда Жақсы-Қима топты жарды,
Басынан ұшырмады бақ-қыранды.
Астығын Қазақстан еселеген
Абырой алқасында аты қалды.
Жаутаңдап телмiргендей жат қораға,
Қарады одан кейiн Ақмолаға.
Келiсiп iстемеген iс оңар ма,
Кеңесiп пiшпеген тон шақ бола ма?
Тор құрып азаттыққа нарық келдi,
Ханталау, қара қасап қажытты елдi.
Пысықтар бүлiнгеннен бүлдiргi алып,
Қысталаң қиындықты халық көрдi.
Үкiмет айналайын басы қатты,
Қиманы қайта-қайта ашты-жапты.
Қайран ел қиянатты көрсе-дағы,
Толайым құдiретпен тасқын атты.
Жарасып Жақсы-Қима қосты басын,
Бiрлесiп, бiрiктiрiп ықыласын.
Тұғырын туған жердiң биiктеткен,
Ұйытып ынтымаққа кәрi-жасын.
Дүр етiп күл астынан қаулағандай,
Алауы атамекен лаулағандай.
Өркенi Жақсы-Қима қайта туып,
Өндiрге нұр-шапағат саулағандай.
Өңiрге өнегемен өрнектелген,
Ер тұлға, ерен басшы Ермек келген.
Ұрпағы Бiржан салдың алған қуат
Ән-жырын атамекен тербеткеннен.
Саулатып жүрегiмнiң нұр ағынын,
Жырладым туған жерiн Бiрәлiнiң.
Жасай бер қасиеттi атамекен,
Парнасы поэзия пырағының!

Әзiрейiлдi алдау немесе Бiрәлiнiң тууы

Алдағы шүкiр айтып туар күнге,
Бұрайық аттың басын Бiрәлiге.
Ерлерi Бiрәлiдей болмаса егер,
Ел сенiм артады екен сiрә кiмге?
Ғажап қой өмiрдiң бұл өрнегi де,
Тылсымын тумай жатып көрмедi ме.
Тағдырмен тайталасқан Бiрәлiнiң
Бiр аңыз дүниеге келгенi де.
Жiгiттiң Нұртаза да сұлтаны едi,
Намысын ағайынның жыртар едi.
Бiр ғана өкiнiшi, бала тұрмай,
Бiр пәле қыршынынан қырқа бердi.
Он құрсақ көтерсе де баласы жоқ,
Ажалға алып тынар шарасы жоқ,
Жан жары аңыраған Бибiғайша
Аңсайды ұл сүюдi анасы боп.
Шарана тұрса екен деп зарығады,
Перзентсiз өтем бе деп торығады,
Сұм ажал шетiнеткен сәбилердiң
Ата-ана санынан да жаңылады.
Қызы едi Бибiғайша Қозғанбайдың,
Зар болып бiр балаға қоздай ма мұң?
Ажал кеп әр бөбегiн алған сайын
Қыс еттi қасiреттi жаздай жанын.
Тоқталмай сәби-ғұмыр өше бердi,
Аңсарлы үмiттерiн кесе бердi.
Құдайдың салғанына қапаланып,
Қайғысы Нұртазаның еселендi.
Ағайын, туыс-туған дағдарады,
Аллаға, медет тiлеп, жалбарады.
Ажалға ара тұрар амал iздеп,
Шығатын тығырықтан жол қарады.
Таласбай немерелес бауыр едi,
Бауырдың бәйбiшесi Балық едi.
Болар деп үмiттенiп, ырым еттi,
Көретiн бiр баланың жарығы ендi.
Ұрпақты ниет қылып жалғамаққа,
Талпынып – тал да болса қармамаққа.
Бекiндi жаналғышты жаңылдырып,
Дәндеген әзiрейiлдi алдамаққа!
Қазақтың қағидалы ырымы едi,
Абысын қос бiлегiн түрiнедi.
Толғағы Бибiғайша қысқан кезде
Тағатсыз етегiне сүрiнедi.
Шар етiп сәби туды.
Көрдi халық.
Көтерiп шарананы алды Балық.
Ұстатып анасына иiскетпестен,
Аймалап бауырына салды Балық.
Иiскету тұрмақ
Көзге көрсетпедi.
Уыздан емiзбедi емшектегi.
Кiндiгiн қызылшақа кесе сала,
Құшақтап тартты үйiне.
Бел шешпедi.
Жатса да сай-сүйегi тебiренiп,
Анасы сүйе алмады емiренiп.
«Жалғызға жар бола көр, жаббар ием» –
Деп қана күбiрлеуге ернi келiп.
Бөбегiн абысыны Балық алды.
Өбедi жалағандай сары балды.
Айтқаны айдай келiп ырымының
Ажалды алдап соғып жаны қалды.
Серiгi пайғамбардың Әзiрет әлi,
Жайратқан шыққанында жерден Мәдi.
Қоршалып қасиеттi есiмменен,
Қойды атын болсыншы деп бұл – Бiрәлi.
Өзi – Бiр, өзi – Әлi, құдайға – жақ,
Қалдырмас алқауынан пайғамбар хақ.
Ажалмен арпалысып шиеттейден,
Тағдырға қайсарланып жайған құшақ.
Өренiң қаймықпаған бетпе-беттен,
Өмiрде өтер талай өткелектен,
Қасiрет теңiзiнен қайық жалдап,
Қан кешу қиындықтан көктеп өткен.
Бастаған болашағын – бала шақтан,
Белгi жоқ берешектен, алашақтан.
Жылдарда жиырмасыншы замананың
Ағынды салалары таласа аққан.
Сәбидi сүйiп-құшып жөргегiнде,
Ересен шаттық құйып өр көңiлге,
Бағады Бiрәлiнi Балық ана
Тигiзбей титтейiнен желге-күнге.
Жолатпай пәле-жала кесапатын,
Үйiнде ата-анасы қысар тақым.
Көл-көсiр көп тiлеуi перiштедей
Төгедi сары балаға шапағатын.
Есiнен еш шығармай жалғыз хақты,
Баланы Балық шеше бес жыл бақты.
Жасатып сүндет тойын, тай мiнгiзiп,
Таласбай қайтарды ендi аманатты.
Нұртаза ашылғандай бақ-таланы,
Баласы қолға тиiп шаттанады.
Бақытын Бибiғайша аяласып,
Есiлдiң шалқып-толқып жатты алабы.
Анасы басып ұлын бауырына,
Шаттығын ән қып айтты ауылына.
Сол сәттi бес жыл күткен сағынышын
Сапырып сар даланың сағымына.
Құлындай құлдыраңдап Бiрәлi де,
Басады қуанышты жыр-әнiне.
Тiлеуi айналайын ағайынның
Жеткiзген Нұртазаны мына күнге.
Табысты ата-анаға жас Бiрәлi,
Жүректiң жамырады тас бұлағы.
Ерекеш қорасында өскен солай
Болашақ қазағымның қас қыраны.

Зұлматты жылдарда
«В 1931 г. Аубакир женился на Ляйлим. Был голод. Все собирали колоски. Была сестра Орынбасар. Ходили на масак».
Бiрəлiнiң өмірбаянынан.

Сарқылған жаңбыр жаумай суат құсап,
Жалт етiп өте шықты шуақты шақ.
Қазаққа қызыл қырғын қаптай төндi,
Қалдырмай аша тұяқ, ұранды сап.
Апаты отыз екi обыр тажал,
Алапат ашаршылық сеуiп ажал,
Қанiшер қара дию сықылданған
Қазақтың қара түнек көрiн қазар.
Ес кетiп, есiрiктер әлек салды,
Еркiндiк колхозына алды малды.
Ерекеш қорасынан көрер едiң,
Сол шақта масақ терген сорлы жанды.
Жағасы қайран Есiл қаңырады,
Таяр деп кiм ойлаған елдiң бағы?
Нар жiгiт Нұртазаны бүлiкшi деп,
Қуғынның құрбаны боп кете барды.
Аңырап Бибiғайша ана қалды.
Бiрәлi тоғыз жаста бала қалды.
Жетектеп Орынбасар қарындасын
Миында масақ терген сана қалды.
Көрмеген азабы жоқ байғұс ана,
Ақ сөңке сүйек толған сай мен сала.
Нәубетке қос құлынын бермеймiн деп,
Налиды жүрегiне қайғы сала.
Өмiрде көтерсе де он бес құрсақ,
Өлмеген жарық көрiп қос құлыншақ.
Ананың құдiретiне не жетедi
Аштықта қос ботасын қалған сақтап.
Босқын ел босағадан ауа көшкен,
Аш өзек, ақыл қашып, танады естен.
Көз жазып қалған құйттай жан қызынан
Қасiретi сол заманның қала ма естен.
Тағдырдың тауқыметiн көрiп едi,
Қарындас – Бiрәлiге серiк едi.
Аштықта жан сақтауға паналатып,
Детдомға Атбасарда берiп едi.
Уақытта алақұйын, алмағайып,
Шарасыз мәжбүрлiкпен қылдан тайып,
Ұлды алып, қызы қалып детдомында,
Хабарсыз Орынбасар болған ғайып.
Салғанға шара бар ма – шыдап баққан,
Отыз жыл өтiп барып бiр-ақ тапқан.
Қасiрет хикаясы тарау-тарау
Тауыпты сөйтiп ақыр тұрақ-тоқтам.
Көктейтiн келешекте құрақ үшiн,
Ер ана ауыр сынға шыдады шын.
Өзектi талдырмайтын талшық iздеп,
Жетектеп жүрiп кеттi Бiрәлiсiн.
Көкшетау, Бурабайды бетке алады,
Сан мәрте сансырауға шақ қалады.
Степняк, Жөкей көлi, Қазгородок–
Сол жерге жетiп бiр кез тоқталады.
Тапқандай талыққанда саябақты,
Детдомға Бiрәлiсiн паналатты.
Тәңiрдiң несiбесiн үзiп-жұлып,
Ал өзi таңнан тұрып бұзау бақты.
Балаға басын тiккен қайран ана,
Кешпедi тақсіреттi қайда ғана!
Тарихтың қилы-қилы қиындығын
Еске алып, ұрпақ бүгiн ойлана ма?
Ауылы Даниловка дүбiрлеген,
Ашылып алтын зауыт дүрiлдеген.
Арыған аш-арыққа жұмыс берiп,
Қайтадан қайран өмiр күлiмдеген.
Әубәкiр, Молдағали iнiсi едi,
Бибiнiң тар шақтағы тынысы едi.
Әпкесiн бұл екеуi алып қолға,
Зауыттың жұмысына кiрiседi.
Қадiрi қайран бауыр осындайда,
Туысқа туыс күш боп қосылмай ма.
Жүректен мейiрiмнiң бұлақтары
Жолындай жақсылықтың жосылмай ма!
Би-апаң жанталасып,жағаласып,
Қайнаған тiршiлiкке араласып,
Алтынның зауытына Бестөбеден
Атойлап ат-шанамен көмiр тасып.
Зiлбатпан мойымайды тауқыметке,
Жiгерi жүк болғандай он еркекке.
«Жаббар хақ, жалғызыма жар бол» деген
Жетуге жаннан кешiп зар тiлекке.
Бауырлар қиын шақта бөлiнбедi,
Тар үйдi кеңiткендей көңiлдерi.
Абысын тату болса ас көптiгiн
Айғақтап Дәми, Ләйлiм келiндерi.
Айласқан ауыр тiрлiк жолдарында,
Айғаныш сiңiлiсi ол да мұнда.
Жұбайы Жаңабаймен бұл да медет,
Жұбатқан шалындырмай жанын мұңға.
Ие боп Бибiғайша ат басына,
Көмiрдiң тiке тартып шахтасына,
Әубәкiр, Жаңабайлар артысып тез,
Қасқа жол қайта шығар қақпасына.
Жеткiншек Бiрәлi де ер жеткендей,
Жылдармен ойда қиял тербеткендей,
Қажытқан ауыр бейнет ананы аяп,
Нышанын жақсылықтың белгi еткендей.
Аяғыш, аңғарымпаз, ашық көңiл,
Кеудесiн намыстының басып па өмiр?
Жаз болса жайдары бiр жiгерменен
Орнына анасының тасып көмiр.
Көз салып сағымына сұр даланың,
Шырқатып Ақан серi, Бiржан әнiн.
Есейiп жылдан-жылға Бiрәлi де
Толтырып келе жатты сырға жанын.
Мұңы көп өмiрiнiң көктемiнде,
Оқыды Даниловка мектебiнде.
Жүректе оянғандай өршiл арман,
Талпынған шырқау биiк көкте күнге.

Отан үшiн от кешу
«27/XII – 41 года пришли меня провожать. Я впервые выпил и закурил сигарету. 2 месяца в Акмоле учили на снайпера. Пошел на войну».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Басталды бiр алапат тажал соғыс,
Қаптатқан халықтарға ажал соғыс.
Қанқасап қырғын салып обырланған,
Тойымсыз аждаһадай аран соғыс.
Үйiнде болып қалған Бiрәлi бас,
От жүрек,
Отан сүйгiш он тоғыз жас.
Артыңа дүлей соғыс қарата ма,
Шақырту желтоқсанда келдi қағаз.
Қисын-ау жан баласын ана қайдан,
Сасқанда табылады сана қайдан.
Лап етiп жүрiп кеттi жас Бiрәлi,
Артында – елi-жұрты, алда – майдан.
Ең алғаш шылым тартты, татты шарап,
Көк түтiн, кермек тағдыр жан жаралап.
Белгiсiз бейiтi де әкесiнiң,
Өзiнiң сүйегi ендi қайда қалмақ?
Тiрлiктiң қалтарысы, қылтасы көп,
Ойлауға оның бәрiн мұршасы жоқ.
Сыныққа соғыс сылтау айтқызбайды,
Томсарған жазмышының сұр тасы боп.
Өткiзiп Ақмолада бiрер айды,
Көзге атқан мерген болды құралайды.
Өреннiң өнерi мен өжеттiгi
Өрлейдi төңкерердей Бұланайды.
Толтырды елдiң iшiн зарға соғыс,
Қарамас ұят пенен арға соғыс.
Аттанды тәуекел деп Бiрәлi де,
Артында – атамекен, алда – соғыс.
Ақпаны қырық екi ақырады,
Аспан-жер астан-кестен сапырады.
Волховтың батпағында барлаушы боп,
Атылған алғаш жауға запыраны.
Даусына жалпақ дала жаңғыратын,
Жырлаған Ленинград Жамбыл ақын.
Барлаушы Бiрәлiнiң батылдығын
Құрметтеп жолдастары таң қылатын.
Майданы Ленинград, Волховтың да,
Көрiндей қорқынышты Қорқыттың да.
Қаршыға қағылез сары ер Бiрәлi
Жаудан «тiл» әкелетiн жортып мұнда.
Ұрысқа талай кiрдi, жараланды,
Емделiп госпитальда, тағы оралды.
Орденi «Қызыл Жұлдыз» екi мәрте,
«Даңққа» қосып және медаль алды.
Достары Бiрәлiнi «Борис» дейдi,
Батылдық, батырлықта берiспейдi.
Әндерiн орыс, қазақ бiрдей шырқап,
Беделi күннен-күнге өрiстейдi.
Ақжарқын, мәжiлiстiң жайдарманы,
Жалғандық көрсе, сiрә, қайнар қаны.
Қиындық басқа түссе қайғы алмады,
Бөстекi әңгiмеге айналмады.
Қарулас жолдастардың ұйытқысы,
Әдiлдiк, ар-намысы биiк кiсi.
Не керек айтып-айтпай, болған солай,
Бiрәлi өз полкының сүйiктiсi.
Айқаста аруағы асар едi,
Көзiнен айбын отын шашар едi.
Шыңдалған шарболаттай
Шаршы топта
Мысымен талайларды басар едi.

«Борис Григорьевич»
Бiрəлiнi қарулас жолдастары, əрiптестерi соғыс кезінде де, бейбiт өмiрде де көбiнесе Борис Григорьевич деп атаған.
Автор

Қазақтың қаршадайын қас қыраны,
Соғысты ерлiкпенен жас Бiрәлi.
Отанды жаудан қорғау – асыл мұрат,
Фашистiң көзiн құрту – басты ұраны.
Барлаушы взводында жалғыз қазақ,
Қасиетi Бiрәлiнiң болды ғажап.
Әсте де арына кiр шалдырмайды,
Намысын қазағының жоғары ұстап.
Келбеттi, күш-қайраты тасқын ердi
Комбаты Григорий жақсы көрдi.
«Ты мой сын, ұлым менiң» деп әрқашан,
Әкелiк сезiмiне бәс тiгер-дi.
Бiрталай Григорий жасқа келген,
Көңiлде жасағандай асқақ әлем,
Әкелiк төктi мейiр, махаббатын
Сүйкiмдi Бiрәлiдей жасқа деген.
Қазақтың даласындай жаны дарқан,
Қамқоршы Бiрәлiге болды қалқан.
Бейне бiр баласындай бауыр басып,
Сенедi сырын ашып алқам-салқам.
Асықтай Бiрәлi де үйiрiлген,
Мiнезi шым жiбектей иiрiлген.
Шынайы адал жүрек, ақ пейiлге
Перзенттiк сезiмiнiң күйiн iлген.
Көңiлi мұның дағы көктем едi,
Әкелiк жақсылығын көп көредi.
Полкта Григорий ұлы болып,
Iзеттi сый-құрметiн шектемедi.
Бiрәлi кәдiмгiдей баласы боп,
Әкесi Григорий панасы боп,
Еркелеп асқар таудай жанашырға
Жүрiптi алтын тонның жағасы боп.
Осылай өкiл әкеден бата алады,
Атағын алыс жаққа апарады.
Ұмытпай дәуiрлеген кезiнде де,
Борис Григорьевич деп атанады!
Осылай қазағымның Бiрекесi,
Болған ғой орыстың да Грекесi.
Жақсыға қай жерден де төр табылған,
Жырымның кiре берсiн берекесi!

Бірәлі – барлаушы немесе тыртық сыры
«5000 км. фронтовой дороги прошел пешком пехота».
Бірəлінің өмірбаянынан

Бiрәлi Қыдыр ата қолдауында,
Ғайып ерен, қырық шiлтен қорғауында,
Топты орыс iшiндегi жалғыз қазақ
Полктың қызмет еттi барлауында.
Жиылған өңшең батыр, ердiң ерi,
Шетiнен қайсар перi, көкжал бөрi,
Ептi ерен, мұздай сабыр, салған дабыл,
Темiрмен құрсауланған төзiмдерi.
Бұл бақыт осалдарға бұйырмаған,
Әлсiздер айта алмайтын қиырдағы ән.
Бұлқынып iштен арман, отша жанған,
Бiрәлi асқан жаңа жиырмадан.
Бұлтылдап бұлшық етi ойнап тұрған,
Жасындай жауға тисе жайраттырған,
Айналып кетпеймiсiң, ағайын-ау,
Атадан асыл туған қайратты ұлдан!
Шоқ болып екi көзi жайнап тұрған,
Зұлым жау ыза-кектi қайнаттырған.
Қысық көз, мысық табан, сары барыс,
Атылып, алуан амал сайлаттырған.
Жолын тар, кешулерiн тайғақ қылған,
Барлауда басым жауға қайрат қылған,
Тапжылмай мықтап басқан, айласы асқан
Айналып кетпейсiң бе айбатты ұлдан!
Таудағы оқшау бiткен дара шыңдай,
Тұрпаты Бiрәлiнiң дәл осындай.
Қайтпайтын қайсарлығы тұлпар аттың
Көк мұзда тайғанамас тағасындай.
Бiр күнi командирден алды бұйрық,
Қиынға жiгiттердi салды бұйрық:
«Штабқа дереу бiр «тiл» жеткiзесiң,
Немiстiң офицерiн майлы құйрық!
Жай «тiлдер» құпияны бiле алмады,
Мардымды мәлiмет-дерек бере алмады.
Жоқтығы мәлiметтiң қолды байлап,
Қаһарын қызыл ғаскер төге алмады».
Бейне бiр майпаңдаған жорға-күлiк,
Жөнелдi барлаушылар түн жамылып.
Асынып автоматты, арқан алып,
Тағардай ай сұлуға сырға қылып.
Еңбектеп емпең қағып, шептен өтiп,
Қатердiң қыл көпiрiн көктеп өтiп,
Бес жiгiт жар астына жасырынды,
Қылт етсең жарылатын өтке жетiп.
Аңдиды екi-үш үйдi немiс жатқан,
Барлауда құрды солай барыс қақпан.
Бес қадам сәттiлiктi жақындатып,
Бес қадам бар дүниенi алыстатқан.
Ауғанда түн ортасы келдi немiс,
Жағалап жардың шетiн төндi немiс.
Ағытқан кителiнiң түймелерiн,
Жай емес, бiр марғасқа шендi немiс.
Бұлардың төбесiнен шүмектеттi,
Су қылып, жаңбыр жаумай, дiрдектеттi.
Қаққанда қараңғыда артынан кеп,
Астынан аяғының тiрек кеттi.
Құлатып, аузын басып, шегiп айбат,
Тас қылып аяқ-қолын және байлап.
Сүйретiп жөнеледi дедектетiп,
Сыбысын шығармаудың қамын ойлап.
Немiсiң жер ортаға жете бере,
Шешiлiп аяқ-қолы ит жемеде,
Жан бермек оңай ма екен, айқайды сап,
Ойбайлап алас ұрып тебiнгенде.
Етiктiң өкшесiнде темiр таға,
Ышқынып қатты тепкен жемiр таға,
Сыдырып Бiрәлiнiң ет-терiсiн
Оңдырмай ойып салды бетке жара.
Немiстер айқайды естiп бiр жағынан,
Жандәрмен жанталасып оқ жаудырған.
Оттары прожектор жарқ-жұрқ етiп,
Сол жерде болып кеттi улан-шулан.
Алғы шеп апыр-топыр азан-қазан,
Тарсылдап тұнды құлақ даңғазадан.
Жалма-жан жiгiттер де жиып естi,
Немiстi сарт еткiзiп соқты ауыздан.
Талдырып өшiредi үнiн солай,
Табады тiл-немiстiң қыбын солай,
Сүйрелеп әрi-берi азаптанып,
Жеттi ақыр өзiмiздiң шепке қарай.
Жiгiттер аман-есен келiп жеттi,
Немiстi тiк тұрғызып дедектеттi.
Тапсырма тап-тұйнақтай орындалып,
Алғысы командирдiң жебеп кеттi.
Тепкенде темiр таға еткен iсi,
Жалбырап Бiрәлiнiң бет терiсi.
Салбырап пәрша-пәрша қызыл етi,
Немiстiң шықты-ау мүлде шектен iсi.
Тоқтатып аққан қанын, таңып дәке,
Апарып жатқызады лазаретке.
«Тiл» тартқан ерлiгiнiң таңбасындай,
Тыртығы өмiр-бақи қалды бетте.

Бiрәлiнiң елге келiп-кетуi
«В августе 1945 г. приехал домой в отпуск с лейтенантом Гопкало».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Кеудеге құйылғандай таң самалы,
Жеңiстi Ростокта қарсы алады.
Қуаныш ұлан-асыр, ұлы бақыт,
Жетпекке жарқын күнге жан салады.
Қырық жыл қырғын болса ажалды өлер,
Сыйы сол құдiреттiң саған берер.
Мойнына бұршақ салды Бибiғайша:
Құлыным, деп, қалайда аман келер.
Ананың арсыға ұшып әнi жеттi,
Алламыз тiлегiн сол қабыл еттi.
Жақсыда жарым көңiл отырғанда
Жалғызы жауды жеңiп келiп жеттi.
Қоржыны ықшам ғана арқасында,
Лейтенант Гопкало бар қасында.
Бiрәлi бiр жасады аунап-қунап,
Қуанған ағайынның ортасында.
Көрiстi көзайым боп анасына,
Есiлдiң естен кетпес саласына.
Иiлiп перзенттiк бердi сәлем
Сағымды Сарыарқаның даласына.
Есiлдi, емiренген елдi көрдi,
Көкорай туып-өскен жердi көрдi.
Ерекеш қорасында, Еркiндiкте
Бас иiп баба рухқа тебiрендi.
Баласы Айғаныштың Елеш едi,
Бес жасар құйттай ғана бөлесi едi.
Елешке құбыланама – компас сыйлап,
Дариға, болған сонда мәре-сәре.
Алпыс жыл өттi уақыт содан берi,
Сапырып сан құбылды заман желi.
Бiрәлi компас тартқан сол бақытты
Елеш те ұмытатын адам ба едi?
Десек те, уақыт – тығыз, мерзiм – қысқа,
Аз күндiк келiп едi демалысқа.
Сағыныш, мауқын басып аттанды тез,
Ағайын, қош айтысып, ел-туысқа.
Өмiрде қасiреттi көп көрген-дi,
Қиямет, қиындығын өткерген-дi.
Бәрi де соның артта қалған шығар,
Бақытым алдан шығар деп сенген-дi.
Арттағы анасына қарайлаған,
Алдағы болашағын көп ойлаған.
Қара бұлт көңiл көгiн қайтып шалмас,
Қайғы-зар қайта оралмас деп ойлаған.
Жұлдызым деп ойлаған жанды жаңа,
Алдынан күтедi аппақ таңды ғана.
Бiрәлi бiлген жоқ-ты басталарын
Тағдырмен шын тайталас ендi ғана.
Айнымас алла жазған тағдыр ма екен,
Несiне көрешегiн қалдырды екен?
Қырғынның қияпатын өтсе-дағы
Тауқымет, тозақ әлi алдында екен.

Сәтсiз сапар
« ... отмылись и отправили в Днепропетровск в казармы. Потом отправили в Одессу охранять эшелон. А в эшелоне недостача обнаружилась в 290000 р. Потом засудили на 25 лет».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Әскери ар-ұжданын кiршiк шалмай,
Мiндетiн өтей бердi ары қарай.
Өмiрi жауынгерлiк казармада
Барқадар бейбiт күнде дамыл алмай.
Жiгiттер шығарында жаны бiрге,
Взвод бұйрық алды тағы бiрде.
Эшелон ұн тиелген күзетуге
Жөнелдi тастүйiн боп бәрi бiрге.
Айлағы Одессада соңғы нүкте,
Жауапты күллi взвод болды жүкке.
Жетiспей әр вагоннан бес қап ұннан
Жығады сақшыларды мол күдiкке.
Жазықсыз жiгiттерге жала жапқан,
Жандары суық соғып болады ақпан.
Ашқұрсақ өз халқына бұйырмастан,
Астық қой Африкаға бара жатқан.
Бар пәле басталғандай осы арадан,
Апырмай, қандай сұмдық тосады алдан.
Қыранның қанатын қырқып, шалды қырсық,
Тосқандай жазмыш-ұры Қособадан.
Соққандай соңғы түйiн сағаттары,
Ай-шайға, асықтырып, қаратпады.
Әп-сәтте взвод түгел тұтқындалып,
Әкеттi айдап бәрiн қаматқалы.
Бетiнiң қуқыл тартып торғын нұры,
Iшiнде Бiрәлiнiң солды гүлi.
Кеудеге нала бойлап, ананы ойлап,
Өксiгiн солқылдатты жан дүбiрi.
Тергейдi, тексередi, жанды қинап,
Талайсыз маңдайыңа сор бұйырмақ.
Болса да жүрегiң – тас, жүйкең – темiр,
Қайнап бiр зығырданың қан құйылмақ.
Айырмай ақ-қарасын асар-атар,
Советтiң қаныпезер заңы қатал.
Наһақтан наһақ күйiп кеткендердi
Күтедi керең құлақ трибунал.
Жоқтығын кiнәсiнiң құлаққа iлмей,
Артады ауыр айып зiл темiрдей.
Сенбейдi, статья басып, соттауға асық,
Тоқтамас тегершiгiн мойынға iлмей.
Айтса да адалдығын – тыңдау қайда?!
Басынан қоғам-бұлақ былғанбай ма?
Қорқыту, қодар қылық, қоқан-лоққы,
Қолданып әккi, аяр нелер айла.
Азапты тергеуменен үш жыл өттi,
Жүдеттi қан-қиянат жас жүректi.
Кешегi сайыпқыран солдаттарға
Отаны қолдан жасап тас түнектi.

Асыл ана
«Бибiғайша Днепропетровскi де тергелiп түрмеде жатқан Бiрəлiнi iздеп, жылап-сықтап, екi рет барып қайтты».
Бiрəлiнiң бөлесi Бибiсара Жаңабайқызының əңгiмесiнен.

Баланың жанға батып зарлы халы,
Бұл жақта Бибiғайша қан жылады.
Қайысып қабырғасы ана жүрек,
Не iстерге бiлмей, ойын дал қылады.
Өзегiн өртеп осы нала, қайғы,
Бойына iшкен асы тарамайды.
«Түрмеде балаң!» деген суық хабар
Төбеден тарс ұрғандай табалайды.
Шырылдап қарлығаштай ана жаны,
Қаралы хабар сiңбей санаға әлi,
Ұшуға дәрменi жоқ, үнсiз жылап,
Қанатын жаралы аққу сабалады.
Дегенi Днепропетровск жер түбiнде,
Қол қысқа қайраттанып серпiлуге.
Қажыған қайран ана жасығандай,
Құм болып жiгерi мен еркi мүлде.
Бар ма едi құдiретке берешегi?
Көрсеткен тағы қандай көрешегi!
Еңiреп салса дауыс, зар қосқандай,
Есiлдiң қабағынан жел еседi.
Аз ба едi бұған дейiн жылатқаны,
Алдынан қашан туар мұрат таңы?
Төрт жылдық тозақ соғыс аз болғандай,
Тосады ендi қандай сынақ тағы?
Жалғыздың жанды қинап тым алысы,
Жетуге дәрмен таппай тынады iшi.
Не күйде екен-ау деп Бiрәлiсi,
Келедi зар еңiреп жылағысы.
Не пайда құр еңiреп жылағанмен,
Құтқарар амал қайда мына халден.
Тiледi тәңiрiнен қайрат-қажыр,
Алысқан жүз бiр пәле, мың ажалмен.
Анасы Бибiғайша ер тұрпатты,
Ақылға салып салқын, сабыр тапты.
Бекiнiп Бiрәлiге бармақшы боп,
Бел буып тәуекелге күн-түн қатты.
Қайтсiн-ай, қайран нала, асыл ана,
Өмiрдiң өрге тiктi қосын ана.
Баласы – бауыр етiн бiр көрмесе,
Меңдеткен сағынышы басыла ма?
Iнiлер ақыл қосып барма дейдi,
Қатерлi, шықпа, мұндай жолға дейдi.
«Адамның басы – алланың добы» деген,
Қаңғырып бiр қиырда қалма дейдi.
Көнбейдi бұған әсте ана жүрек,
Қайсарлық оты маздап жанады үдеп.
Шұбалған сұрқай күндер керуенiн
Шыдамай ана жүрек санады көп.
Өмiрдiң ұмытылып шатты өлеңi,
Қарақшы ой қапияда тап бередi.
«Жүдедi Борис қатты» деп мұңайған
Таныс қыз Мариядан хат келедi.
Бұдан соң Бибiғайша тоқтамады,
Бойына тасқайрақтай от тарады.
Жүрекке ұялатып жiгер-сенiм,
Жол қамын жасамаққа оқталады.
Қапшыққа құрт-iрiмшiк қалап алды,
Көп қылып пiсiредi таба нанды.
Тайынбас перзентi үшiн от пен судан
Қазақта қайран ана балажанды!
Әлi де тоғаймаған ел өзегi,
Соғыстан кейiнгi тар кезең едi.
Күйзелген шаруасы жадау тiрлiк,
Қолынан туыстың да не келедi?
Аз-мұздан ағайыны жиып ақша,
Сәлемдi сағынышты түйдi қанша!
Зарыққан түрмедегi жалғызына
Жөнелiп жүрiп кеттi Бибiғайша.
Батысқа, Украинаға беттi бұрып,
Сыйынып бiр құдайға кеттi жүрiп.
Жаһанда жалғыз қалған жандай-ақ бiр
Көмейге назаланған кек тығылып.
Жолында қанша бейнет, азап көрдi,
Әр жерде қорлық пенен мазақ көрдi.
Жеткенде Бiрәлiге түрменi емес,
Түрме деп аталатын тозақ көрдi.
Жүрегi қайран ана дүрсiлдедi,
Бiрәлi қалған екен құр сүлдерi.
Iлiнiп қыстан шыққан көтеремдей,
Ас бермей ашықтырған шiркiндерi!
Жүдеген жақ-сүйегi адырайып,
Көгерген сiңiрлерi, бадырайып,
Әлжуаз, әл құрыған, түртiп қалса,
Болғандай бұл дүниеден жаны ғайып.
Түрмеде тоқсан тобыр, мың түрлi адам,
Сұғанақ, содыр, сотқар, сұрқы жаман.
Көбiнiң адам сиқы қалмағандай,
Көзiмен iшiп-жейтiн құлқы жаман.
Шошынып мұны көрiп жылап-сықтап,
Аймалап аялайды ана құшақ.
Күн сайын күлше нанын тығып берiп,
Бағады Бiрәлiсiн бар жанын сап.
Ананың арқау болып күлше наны,
Талғажау аш өзекке нәр салады.
Қасықтап құрт-iрiмшiк қатық қылып,
Тiлейдi мың шүкiр деп қалса жаны.
Сорпалап қақтап алған сүр етiнен,
Сүр еттiң айналсайшы құдiретiнен!
Аймалап анасының махаббаты
Көңiлi Бiрәлiнiң күн етiлген.
Бәйек боп абзал ана бақты-қақты,
Бұлағын мейiрiмнiң атқылатты.
Қасында үш ай болып, әлдендiрiп,
Жұбатып жан баласын күн-түн қатты.
Соққысы сұм тағдырдың аса қатты,
Көрдi ғой небiр бейнет, машақатты.
Жанының сiрiлiгiн тексеруге
Жаратқан жiбергендей бұл сынақты.
Мойымай бәрiне де шыдап бақты,
Нар төзiм кеудесiнен тұрақ тапты.
Әлемде айнымайтын бiр-ақ нәрсе:
Аналық махаббатқа шуақтатты.
Құдайым қысылшаңда қуат бердi,
Сарқылмас мейiрiне бұлақ бердi.
Алыстан туған жердi медет қылып,
Көзiне елестеттi құрақ көлдi.
Бiр емес, Бiрәлiге екi келдi,
Сарсаңға салып тағдыр екiлендi.
Жiгерiн құм етпедi асыл ана,
Көруге не салса да бекiп ендi.

Сiбiр-итжеккенде
«Потом засудили на 25 лет, отправили на Соловки. Находились в селе, учились на прораба ...»
Бірәлінің өмірбаянынан

Қайран не кер заманның сұмдығына?
Құлады қайтып шықпас құрдымына.
Әр күнi ерлiк сынды, елден ерек,
Бақыт қой Бiрекемдi жыр қылу да.
Ақпаны қырық сегiз, болды соты,
Бүйiрден шаншығандай желдiң өтi.
Жалмаңдап жалаңдайды жеп қоярдай,
Сумақай сумаңдаған тамұқ оты.
Туғаннан маңдайының соры қалың,
Етiктей тулақ қылған сiрi жанын.
Өндiрдей өңшең жастар қалды бiлмей,
Өкшелеп қанды қақпан құрылғанын.
Сарт етiп үкiм шықты – жиырма бес жыл!
Жалп етiп сөнгендей-ақ жиырма бес нұр.
Взводтың өңшең өрiм өрендерi –
Тарп етiп тапталғандай жиырма бес гүл!
Толған-ды Бiрәлiге жиырма бес жас,
Өшкендей мәз өмiрден жиырма бес жаз,
Жиырма бес күзi, қысы, көктемiмен,
Өшкендей мәз өмiрден жиырма бес наз!
Командир Мирошниченко, ол атылды,
Ақ арман қия шыңнан құлатылды.
Тоздырған бұғалық сап бұла күндi,
Азған заң аяр дейсiң сiрә, кiмдi?
Арқалап жиырма бес жыл кете барды,
Бар байлық – иемденген жеке нарды.
Өзiне қарайды өзi жат көзбенен,
Жанына енгiзгендей бөтен арды.
Үмiтiн топан басып, тажал алды,
Болды деп неге бұлай мазаланды.
Апыр-ау, әдiл заңы советiмнiң
Аярлық жасады-ау деп азаланды.
Арының азаптады сан сұрағы,
Көмейге кермек жасы тамшылады.
Шер батып, жүрегiне шемен қатып,
Өз-өзiн аямастай қамшылады.
Тiрлiктiң қысқа жiбi күрмеле ме,
Жолықпас адам бар ма бiр бәлеге?
Өмiрдiң толас таппас тайталасы
Жалғасты темiр торлы түрмеде де.
Қамаған жан-жағынан қара түнек,
Қасқыр ой, дөкiр сойыл, дарақы кек.
Жылт еткен жалғыз сәуле жеткiзер ме,
Түбiнде көк мұнардың дара тiлек.
Үш күнде үйренедi көрге деген,
Тырмысып түрмеде де өрмелеген.
Тереңнен бiр ойы бас көтередi:
Түсiрме ұнжырғаңды, өлме деген.
Түсiп пе түрмеге бұл текке өлгелi,
Өзеуреп ешкiмге де кектенбедi.
Тағдырдың талқысы деп бiлдi дағы,
Өнiмсiз өкiнiшке бет бермедi.
Қайтадан қайраттанды ер Бiрәлi,
Қайтадан өжеттендi өр Бiрәлi,
Өшiрмей өмiр отын үрлеп қайта,
Қоздатып қоламтасын жандырады.
Атқарып бiр жұмыстан бiр жұмысты,
Меңгердi мамандығын құрылысшы.
Сiбiрдi жетi айналып шыққанында
Игердi талай-талай құбылысты.
Қыр-сырын ұғынады прорабтың,
Өнерiн үйдi қалай құрамақтың.
Жасынан зейiнi мол Бiрәлiден
Ақысын керек тастың сұрамақ кiм?
Айналып өзi де бiр абаданға,
Бой бермес анау-мынау қабағанға.
Iрбiтте, Қиыр Шығыс, Салехардта,
Мекенi мәңгi мұздың Магаданда.
Солтүстiк, сiрескен мұз, аязында,
Шыбыртқы саясаттың саязында,
Қажымай қара нарша тарта бердi,
Пейiл мен парасаттың таязында.
Алынып қиындықпен бар қамалы,
Әр жерде ауыр азап арқалады.
Өзiндей он сан бейбақ, тағдыр айдап,
Көңiлден бұлыңғыр бұлт тарқамады.
Кеудеде шалқымайды күй шанағы,
Қақаған үскiрiкте үй салады.
Ыңылдар Ақан серi, Бiржан әнiн
Күйкiлеу күйдiргiге күйсе жаны.
Еңсесiн ер Бiрәлi түсiрмедi,
Тiлегi түнек түнде кесiлмедi.
Алыста жылтыраған жарық сәуле
Аңсарлы үмiт отын өшiрмедi.
Уайымды жанабына жолатпады,
Пайымды қайрат-күшiн жоғалтпады.
Бүркiттей тұғырдағы нық отырған
Бiр сенiм бойына кеп қонақтады.
Мұңайтып қайтқан құстың тiзбелерi,
Шағынып жоғарыға iзденедi.
Жалықпай арыз-хатын жолдай бердi,
Жаз-көктем, қыс демедi, күз демедi.
Мықтыға Мәскеудегi мұң шағады,
Шынымен айыпты боп тұрса, қане?!
Жазықсыз, жалғыз шеше, жалған айтса,
Ант ұрып, талша болсын қылша жаны!
Дариға, тамшы мұзды теспей ме екен,
Замана ауық-ауық көшпей ме екен,
Зарығып нұр-шуаққа тұрған шақта
Бiр самал бой балқытып еспей ме екен?
Сталин – қаталдықтың бас тұғыры,
Өлген соң мұзды қойып, тас жiбiдi.
Жарқанат жасауылдың жұмсарғандай
Тұтқынды тұншықтырған қасқыр үнi.
Елемей қар-мұзыңды сере қатқан,
Сезедi бiр шуақты келе жатқан.
Күтедi Чукотканың әрбiр таңын,
Бiр хабар әкелер деп бостандықтан.

Оралу
«Писали жалобу, она попала Ворошилову и нас отпустили. В 1954 году вернулся в Казахстан, через Петропавловск, в Акмолу. Назначили мастером-прорабом в Жаксынский совхоз».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Сарғайған сағыныштай қағаз-құжат,
Шертедi сараң сырын суыртпақтап.
Дастанын Бiрәлiнiң жатқа соғып,
Айтады аңыздайын жырын сақтап.
Жеткiзген бостандыққа, нұрлы таңға
Елу төрт - қоңыр күзiн ұмытар ма!
Майда ескен қыркүйектiң жиырма бесi,
Хабары келiп жеттi ұрымталда.
Делосы таразыға салыныпты,
Сотталған деген айып алыныпты.
Әскери алқа-соттың шешiмiмен,
Бiрәлi кiнәсiз деп табылыпты.
Түнегi тоғыз жылдың сырылғандай,
Өмiрдiң сыйын қайта ұғынғандай,
Қадiрiн бостандықтың ендi бiлiп,
Көрiнген тәттi болып ғұмыр қандай!
Бiр ғажап тебiренiс күйге кiрдi,
Құмарта, құштарлана сүйдi өмiрдi.
Құстай боп ұшып жеткен хат арқылы
Алғанын азаттықты үй де бiлдi.
Бойында баяғыша байсалдығы,
Сақталған жүрегiнде қайсарлығы,
Құныға бостан өмiр жұтты ауасын
Қайтадан оралғандай жайсаң күнi.
Асықпай лагерь басшы сабаздарың,
Бұйрықпен реттегенше қағаздарын,
Тағы да ай жарымдай өттi уақыт,
Әуреге салғанынша араздарын.
Ішiнде қарашаның алды мұрсат,
Үйiне құстай ұшар келдi бiр шақ,
Сыпырды темiр ноқта, бұғалығын,
Тоғыз жыл тапжылтпаған жанды құрсап.
Көңiлi дариядай толқып-шалқып,
Жүрегiн сағыныштың оты шарпып.
Қайран ел Қазақстан қайдасың деп,
Бiрәлi атажұртқа кеттi тартып.
Тұрғандай таудай мақсат иығында,
Тағдырдың бар шығар деп сыйы мұнда,
Бетке алып Сарыарқаны кеттi тартып,
Бiрәлi бiр құдайға сыйынды да.
Есiнен шықпай қойған Ел мен Есiл,
Сағынған туған жерiн ер кәдешiл.
Сыпсыңдап самал желi, торғын белi,
Дейтiндей Бiрәлiге: кеңге көсiл!
Селеулер желге шашын тарайтындай,
Балаға Бiрәлiнi балайтындай.
Ой пiскен, бой таралған, ми шыныққан –
Басқаша туған жерге қарайтындай.
Тоғыз жыл тар қапаста түңiлмеген,
Өр басын еңкейтпеген, бүгiлмеген,
Тозақтан тоқсан тоғыз өтiп келiп,
Бiрәлi жолыққандай қыдырменен.
Қауышты кең сақара даласымен,
Есiлде Қайрақтының сағасымен.
Жаһанда жан бiткеннен артық көрген
Табысты Бибiғайша анасымен.
Көрiстi Жақсыдағы елiменен,
Өбiстi Қимадағы теңiменен.
Еркiндiк, Ерекештiң қорасында
Кiр жуып, кiндiк кескен жерiменен.
Көтерiп аруағын шырқатуға,
Кестелеп түсiрейiн жыр-хатыма.
Көзiме елестетiп, таңырқаймын
Сондағы Бiрәлiнiң тұрпатына.
Қайраты, тау да болса қопарардай,
Қажыры тасқын селiн қотарардай.
Еш кеткен жылдарынан есенi алып,
Арманын алғы күнге апарардай.
Жiгерi жалын оттай лапылдаған,
Немесе сары аяздай сақылдаған.
Екпiнi – тасығанда жардан асып,
Есiлдiң суындай-ақ лақылдаған.
Өрлiгi құзар шыңды құлатардай,
Нұр шашқан мейiрiмi бұла таңдай.
Құлшынған құдiретi жан күшiнiң
Қамалды алмас дейсiң, сiрә, қандай?!
Бiрәлi оралғанда ту алмаған,
Аумақта жан қалмады қуанбаған.
Басалқы айтып отыр ақсақалдар:
Адамның пешенесi бiр Алладан.
Хабары сүйiншiлеп байтақ елдi,
Барша жұрт құтты болсын айта келдi.
Бiрәлi туыс-туған, ағайынды
Ырыс-құт, берекемен байыта келдi.
Қуантып оралғаны байтақ елдi,
Өрлiгiн өренiнiң байқады ендi.
Дос-жаран, қыз-қарындас, жора-жолдас
Шаттықтың шалқар көлiн шайқады ендi.
Бiр дейдi қуанған да, қорыққан да,
Бар түсi жақсы болған жорытқанда,
Анасын– Бибiғайша жұбатады
Бiр тосқын болды ендi деп торыққанға.
Құдайдың бұл дағы бiр уақыты шығар,
Оңалып ендi алдынан бақыты шығар.
Бөленер болашақта бақытының
Төлеген, бұл бейнетi, ақысы шығар.
Зарыққан анасына өрен келдi,
Жабыққан шаңыраққа өлең келдi.
Пiшенбай, Шәрiп, Рақым үлкендердi,
Қарсылап iзетпенен сәлем бердi.
Қуанып нағашысы Молдағали,
Тосты алға бар дәмдiсiн Ләйлiм, Дәми.
Жүрекке бiр шоқ тастап өткендей-ақ,
Жолында жолығып қап жас қыз Зәйни.
Көбейген кейiнгi жас көбегендер,
Бүркiтбай, Елеш, Абай, Төлегендер.
Жас өскiн өрттей лаулап, көктей қаулап,
Қолтықтан Бiрәлiнi демегендер.
Бiрәлi кiрiстi өмiр күресiне,
Көп едi алар одан үлесi де.
Аз күнде шебер болып кеттi кiрiп,
Жақсыда құрылыстың тресiне.
Азабын артта барлық қалдырғандай,
Жүректе жаңа бiр от жандырғандай.
Дариға, қандай жақсы бостан өмiр,
Қолына бақыт құсын қондырғандай.
Лақтырып қасiретiн тастағандай,
Бақыт бар бостандықтан басқа қандай?!
Анадан қайта туып, белiн буып,
Жаңадан жарқын өмiр бастағандай.
Дариға, мына дүние қандай жарық!
Тамсанып таңданардай таңдай қағып.
Өмiрде мастануға болмайды екен,
Жүргенге жарқанатша жарды айналып.
Дүние мұндай ма едi бұрын-дағы,
Ғажайып бiлмеппiз-ау сырын-дағы,
Бақытты дәурен сол-ау, жiгiттер-ау,
Өзiңнiң өз тағдырың қолыңдағы.
Бiрәлi осылай деп толғанады,
Құрылыс қиын iсiн қолға алады.
Жаңа бiр леп кiргендей тынысына,
Жақсыда талай тiрлiк жанданады.

Бибiғайша ананың баласы Бiрәлiмен көрiсiп аңырауы

«В 1931 году умер отец. До меня было 13 детей. Все умерли. Потом остались я и сестра».
Бiрəлiнiң өмірбаянынан.

Жан балам, есен келдiң бе,
Қиямет-қайым көрдiң бе?
Құдай басқа салғасын,
Қайтейiн-ай қарағым,
Азабына көндiң де.
Ел басына күн туса
Етiкпенен су кешер
Мехнаты көп ердiң де.
Айқасқанды жайратып,
Алысқанды жеңдiң бе?
Айналайын, жан балам,
Амандығың Алладан.
Асқанымда алпыстан
Бел таянып қарманам.
Құдай берген бүгiнгi
Қуаныштың үстiнде
Запыран төгiп зарланам.
Кебенек киiп кетiп ең,
Келгенiң олжа сол маған.
Бұдан артық бақытты
Тiлемеймiн Алладан!
Басқа салған құдайдың
Уақытына жылаймын.
Қуаныштың үстiнде
Көздiң жасын бұлаймын.
Шалқар дария жайылған
Өмiр деген бiр айдын.
Он бес құрсақ көтерiп,
Он үшiнен айрылған
Сор басыма жылаймын.
Қолдан топырақ бұйырмай,
Қабiрi қалған қиырда-ай,
Жолдасыма жылаймын.
Соның бәрiн ойласам,
Сорлы басым, жазған-ай,
Неге ғана бұлаймын?
Бiрәлi-жаным келгенде
Ойлап соны мұңайдым.
Тең құрбымен жарасып,
Қатар түзеп жүрмедiм.
Жас күнiмде бұлаңдап
Үкiлi дәурен сүрмедiм.
Заманымда жарқылдап,
Жайраң қағып күлмедiм.
Той болғанда жарқырап,
Топты жарып кiрмедiм.
Зұлматы ма жазмыштың
Басымдағы бiр менiң.
Содыр заман сойқаны-ау
Сөгiлгенi iргенiң.
Тағдыр салған қастығы,
Алды алқымнан аштығы.
Өзек талып, өртенiп,
Өксуменен өттi ғой
Бiрәлiнiң жас күнi.
Құртып болған бiр өзi
Белге қамшы байланған
Белсендi шолақ бастығы.
Қанатымнан қайрылдым,
Қабырғамнан майрылдым.
Бүлдiргiсi аштықтың:
Бүлдiршiндей қызымнан
Алас-күлес күндерде
Қапияда көз жазып,
Тiрiдей-ақ айрылдым.
Орынбасар жан қызым,
Қарындасы жалғыздың,
Запыраны қайғымның.
Жан қызым-ау, кеше көр,
Детдомда сенi қалдырған
Анашыңның айыбын.
Қасiреттi теңiзден
Өтер ме екен қайығым,
Өтпес пе екен қайығым?!
Бордай болып егiлдiм,
Бейнетiне жегiлдiм.
Аранында қалмасқа
Аштық деген жемiрдiң,
Табанымнан тозғындап,
Қарамадым сiрә да
Бүгiлгенiне белiмнiң,
Төгiлгенiне терiмнiң.
Iшiмдегi жегiнiң
Қасiретiн кемiрдiм.
Мұңлық жаным зарлады,
Зарлық жаным сарнады.
Пешенеме жазылған
Еркек кiндiк атқарар
Ауыр жұмыс ол дағы.
Бағып бұзау, сиырды,
Тас көмiрдi тасыған
Айдадым ат-арбаны.
Бiрәлiнiң сондағы
Кенептен көйлек-шалбары.
Одан келiп сұм соғыс
Лаң-бүлiгiн салғаны.
Бiрәлiнiң майданға
Жауынгер боп барғаны.
Төрт жыл қырғын соғыстан
Аман-есен қалғаны.
Айттым шүкiр құдайға,
Аруақ, пiрлер алқалап,
Ғайып ерен, қырық шiлтен
Жалғызымды қорғады.
Сонда дағы сор қалың,
Басыма, бақыт, қонбадың,
Көгiмдi, бұлттар, торладың.
Естiмей-ақ өлсемшi
Жабысып пәле жолына
Жалғызды қырсық шалғанын.
Кетер ме сiрә есiмнен
Еңiреп жылап, аһ ұрып,
Аруақ, пiрдi шақырып,
Алысқа iздеп барғаным.
Бiлдiм-ау сонда, не керек,
Бұл дүниенiң жалғанын.
Көрмей қайда кетерсiң
Құдайдың басқа салғанын.
Бәрiнен де сол батты,
Таңдайдағы жалбызым,
Маңдайдағы жұлдызым,
Айналайын Бiрәлiм,
Наһақтан наһақ сотталып,
Жалалы болып қалғаның.
Үмiтiн көктей солдырып,
Өшiрген алау арманын.
Бiлдiм-ау сонда, қайтейiн,
Бұл дүниенiң жалғанын!
Итжеккенге айдалды,
Бар бойымды қайғы алды.
Түн баласы жас төгiп,
Ойлайтынмын, ойпырмай,
Нелер сұмдық ойларды.
Желiм болып жегенiм,
Iрiң болып iшкенiм,
Сiбiрдегi ұл үшiн
Жүрекке шемен байланды.
Жан дүнием қақырап,
Дауыл жайпап кеткендей
Салып сойқан ойранды.
Айналайын жан балам,
Амандығың Алладан.
Тоғыз жылғы түнектен
Құдiреттiң күшiмен
Келгенiңе есен-сау
Тәуба қылып, таң қалам!
Жаратушы Құдайдың
Құдiретi шексiз-ау,
Өшкенiңдi жандырып,
Өлгенiңдi тiрiлтiп,
Үзiлгендi жалғаған!
Кеудедегi шыбыным,
Омыртқада – жұлыным,
Емшегiмдi идiрген,
Емiрентiп сүйдiрген
Ерiндегi күбiрiм,
Құлақтағы сыбырым.
Он бес құрсақ көтерген –
Iшiндегi жалғызым,
Тау басында жалбызым,
Тоғыз жылдық тозақтан,
Аман-есен келдiң бе,
Анаңды тiрi көрдiң бе,
Айналайын құлыным!!
Құлағың сап тындасаң,
Жүрегiмнiң естiрсiң
Қуанышты дүбiрiн.
Айналайын жан балам,
Анашыңа кел, балам,
Құшағыма кiр, балам,
Он бес жылдық сағыныш,
Өртiн ендi басайын.
Тоғыз жылдық дермене
Дертiн ендi басайын.
Тұмшаланған көңiлдiң
Шымылдығын ашайын.
Қабақтағы кiрбiңдi
Көз жасыммен жуып бiр,
Есiлдейiн тасайын.
Маңдайыңнан иiскеп,
Мауқымды бiр басайын.
Ендi жүз жыл жасайын!
Тоғыз жылдық тозақтан
Келгенiңде дiн аман,
Ендi қайтып жыламан.
Бәйтеректi көктетiп,
Қайта тұрғыз әкеңнiң
Шаңырағын құлаған.
Нұртазаның әулетiн
Нұрыңменен алқа деп,
Бiр Алладан сұрағам.
Құр қалдырмас сенi де,
Ештен де кеш жақсы деп,
Жазмыштағы сыбағаң!
Айналайын жан балам,
Амандығың Алладан.
Толсын ендi кенере,
Айтып-айтпай немене,
Арманымның үлкенi,
Көкiректiң нұр кенi,
Көп ұзатпай, жан балам,
Сүйгiз маған немере!..

Зәйни
«В 1955, январе вызвали в Жаксы, мать, Ляйлим, Дами, Молдагали и сказали, что должен жениться. Женился – февраль, 55-год».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Қонақтап барғанында Ләйлiмменен,
Есiлден көрдi бiр қыз Зәйни деген.
Ауылы «Қазақстан» аталатын,
Ажары теңескендей ай-күнменен.
Тегiнде, ағайындас жеңгесiмен,
Сол қызды шығарсайшы ендi есiнен.
Үйленiп, үй болу да үлкен мұрат,
Ырысты болар десең ер несiмен?
Бiрәлi бiр көргеннен ұнатады,
Бүрленiп махаббаты гүл атады.
Көз iлмей ұзақ түнде толғанады,
Қаңтардың атқанынша құба таңы.
Зәйнидiң он жетiге келген шағы,
Бұрымын әдемiлеп өрген шағы.
Оянып жүрегiнде уыз арман,
Қиялға қыздың ерiк берген шағы.
Ел iшi еркелетiп Зекен деген,
Жат мiнез бiлiнбеген секеңдеген.
Iнiсiн iзiне ерген жеткiзудi
Көредi парызындай өтелмеген.
Әкеден ерте қалып, өстi жетiм,
Ерке емес, шолжаң емес, естi жетiм.
Он үште анасынан айрылғанда
Кезi едi кәдiмгiдей ес бiлетiн.
Әке атын болашаққа алып өткен,
Ұл мен қыз қалды тұяқ Жәнiбектен.
Құлындар өзiм өтсем не болар деп,
Көңiлiн қайран әке жарым еткен.
Келместiң шегiн сонда аттағанда,
Айтар сөз аманатқа таппағанда,
Алам деп о дүниеде өз қолыңнан,
Ұл-қызын тапсырыпты Сақтағанға.
Сақтаған орындайды аманатты,
Соғыстан жан-тәнiнде жара қапты.
Туыстың туыстығы сол емес пе,
Зәйни мен Жұмабайды паналатты.
Бiрi емес, бiрегейi сұңғыланың,
Бiрәлi бұл жағдайдың бiлдi бәрiн,
Зәйниге оңашада сырын ашып,
Бiлдiрдi өмiрлiкке жар қылмағын.
Кернейдi екеуiн де ынтық сезiм,
Қадайды сүйгенiне сыршыл көзiн.
Бiрәлi бiлегiнен ұстап тұрып,
Айтады махаббаттың шыншыл сөзiн.
Тағдыры жарастырып екi жасты,
Серттесiп сүйген жүрек уағдаласты.
Созбаққа салып ендi не керек деп,
Бiр түнде ер Бiрәлi алып қашты.
Шығарар шын бақытын уыстан кiм,
Жұптасу еншiсi ғой ұғысқанның.
Зәйнидi жөнелдi алып оқып жүрген
Үйiнде Қимадағы туысқанның.
Жақсыда уағаданы пiсiредi,
Үйiне Молдағали түсiредi.
Алдынан туысының өтiп дереу,
Басты иiп құдаларға кiшiредi.
Кит берiп танытады мырзалығын,
Көңiлдiң көрсетедi гүл жазығын.
Сонда да салыңқылау жүрдi бiраз
Сақтаған бере қоймай ырзалығын.
Шамасы, үлкенсiнген сыңайы бар.
Болсын-ау үлкен болса – шырайы бар.
Бойында кернеп тұрған жастық жалын,
Кеудеде жарқыраған күн-айы бар.
Бос белбеу болбырағың Бiрәлi емес,
Құрмайды езбелермен сiрә кеңес.
Сұлтаны жiгiттердiң сол болатын
Шыңдаған шынықтырып өмiр-егес.
Қыздан да сезiлмеген көңiл бөтен,
Тапқаны жұртқа мәлiм теңiн Зекен.
Iшiнен кебенектiң ердi таныр,
Қате етпес қыз жүрегi тегiн бе екен?
Бас екеу болғаннан соң сiрә дағы,
Мал-жаны бiрте-бiрте құралады.
Отау боп өз алдына бөлек шығып,
Шалқыды шаттығының шығанағы.
Өмiрге бiр жыл өтпей Роза келдi,
Шар етiп шаттық әнiн соза келдi.
Бергендей жанұяға жаңа тыныс,
Парағын жарқын дәуiр жаза келдi.
Жiбидi мұны көрiп Сақтаған да,
Шаттанып елi түгел мақтағанға.
Жұбанып Зекен бақыт тапқанына,
Бауырдың аманатын ақтағанға.
Жан жарын Зекенiм деп еркелеткен,
Бiрәлi домбырасын шертедi еппен.
«Асау кер ат жүрмейдi-ау шалдыққанда...»,
Деп бастап көңiлiн әнмен көркем еткен.
Бек разы баласына Бибiғайша,
Елжiреп немеренi сүйдi Ғайша.
Бiртiндеп үбiр-шүбiр көбейгенде
Отырды ортасында толған айша.
Өмiрi Зәйниiмен ажарланды,
Үйiнде бала күлкi – базарланды.
Iңгәләп Аймұхамбет, Әдишалар,
Әжесi әлди айтып, созар әндi.
Жарқырап көңiлiнiң лағыл тасы,
Одан соң келдi өмiрге Бәдишасы.
Әкелiк бал сезiмге бөленедi,
Қайтқандай қияметтiң қарымтасы.
Тамсанып тәттiден де татып көрдi,
Алдынан арай таңы атып келдi.
Шаттығын шаңырақтың тағы еселеп,
Өмiрге Әлихан мен Бақыт келдi.
Зәйниi жаймашуақ, жарқын ғана,
Асыл жар, адал серiк, алтын ана.
Жарқырап Бiрәлiнiң күн кеудесi
Асыр сап ойнайды үйде алты бала.
Толтырып жүрегiне шуақ-нұрды,
Жадаған көңiлiне гүл аттырды.
Сүйгiзiп алты бала Зекен жары,
Қамалын жалғыздықтың құлаттырды.
Бақыт сол алған жарың керiм болса,
Арада сүйiспендiк, сенiм болса.
Жақсының шал-кемпiрi бердi бата
Зекендей болсыншы деп келiн болса!..

Баспалдақтар
«...назначили мастером-прорабом в «Жаксынский» совхоз... В 1962 г. отправили в село Подгорное, управляющим».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан.

Бiрәлi жiгiт едi құдай берер,
Құдайым сүйген құлға құлай берер.
Күпсiнiп кекiрейген кеудесi емес,
Өнерi ер жiгiтке шырай берер.
Көтерген Бiрәлiнi өнер болды,
Әуелi құрылыста шебер болды.
Алды – кең, жаны – дарқан, қолы – мырза,
Жаудырып жақсылығын төгер болды.
Атанып еңбекте де ерен батыр,
Салады жатпай-тұрмай элеватор.
Жағалап жас жiгiттер Бiрәлiнi
Жапырлап құрылысқа келедi ақыр.
Алдағы жанған шырақ, үмiт көрген,
Құрады бригада жiгiттерден.
Төлеген, Елеш, Бүркiт, Жұмабайлар
Құм тасып, кiрпiш құйып, шынықты елмен.
Жақсыда өрбiтедi нелер iстi,
Ашады құрылысқа кең өрiстi.
Әуелi құдай қолдап, жанын жалдап,
Маманы болып алды өте күштi.
Үй салып көркейтедi көшелердi,
Елi де еңселенiп өседi ендi.
Дарыны топ iшiнен дараланып,
Қарымы күннен-күнге еселендi.
Шаршауды бiлмейтiндей сiрә дағы,
Еңбекке ештеңесi құрамады.
Шеберден бiр сатыға өсiп ендi,
Болады учаскенiң прорабы.
Әр iстi байыптайды ақылға сап,
Әсте де қалдырмайды басын бастап.
Әдiлдiк – алдындағы нысанасы,
Әрқашан таразысы сабыр, ынсап.
Қайтпаған бойындағы жалын жастық,
Танылып қабiлетi болды бастық.
Қазақтан сонда жалғыз Бiрәлi едi-ау
Ден қойған құрылысқа ықылас қып.
Ауданда алғыр жiгiт саналады,
Жiлiктi бiр-ақ ұрып шаға алады.
Тресiн құрылыстың таратқанда,
Совхозы Жақсыдағы қалап алды.
Бiртiндеп таралады ғажап аты,
Өмiрдiң бәйгесiнде озады аты.
Сыйлайды Бiрәлiнi құрмет тұтып,
Жақсының жақсы, жайсаң азаматы.
Әдемi әуенiндей асқақ әннiң,
Парасат белесiне бастап әр күн,
Бөлiскен тiршiлiктiң қуанышын,
Басы да құралады дос-жаранның.
Бөлiскен қуанышты, ренiштi де,
Достарға өмiрдегi өрiс тiле.
Ойнайтын отырып ап преферанс,
Сол дәурен берген мәуе жемiстi де.
Тарихқа тағзым етiп тiк тұрайық,
Өткеннiң өнегесiн ұқтырайық.
Бiр досы Бiрәлiнiң емес пе едi
Полковник Кенжеш аға Түктiбаев.
Есiлдей еркелетсек жыр ағынын,
Ендiгi қамқор досы Бiрәлiнiң,
Үлгiсiн үрдiс қылып айтар едiк
Банкир Оразбеков Нұралының.
Ағалар тау суындай тасып өттi,
Өмiрдiң алқабына асыл ектi.
Замандас Бiрекеңе сол тұстағы
Жауғашов жайсаң аға Жәшiбек-тi.
Үшеуi Бiрәлiге бередi дем,
Кең толғап, ойласады тереңiнен:
Шыңдалған шетте жүрiп серке жiгiт,
Тағдырын таспадай қып өре бiлген.
Тұншыққан алыс жақта iзгi арманы,
Елдiктi танытайық бiздер дағы.
Доспыз деп құр даурықпай, дұрыс-ақ қой,
Достықтан шарапатты iз қалғаны.
Жiгiттер осылайша қолдасады,
Жұмысы Бiрәлiнiң алға асады.
Жақсының жақсылары бiрлiкте боп,
Жарқырап еңбегiнiң жанған шағы.
Райпотреб-Союз деген мекемесi,
Шегесi, тақтай, шифер, бөренесi,
Бәрi де не керектiң қолда тұрған,
Жәшiбек барлығының нақ егесi.
Шынайы шын көңiлден, салық артпай,
Тостырып дымын құртпай, дамылдатпай,
«Ләббай!» деп, не сұраса соны тауып,
Бередi Бiрәлiге қолын қақпай.
Евдокия Зайчикова райком хатшы,
Әдiл жан бiрталайға келген жасы.
Көмектес бұл балаға – дейтiн ол да,-
Қалатын жұмыс десе iшкен асы.
Бiрәлi совхоздағы прорабы,
Өрлеткен өндiрiстi бiр маманы.
Директор Таркиевский Иванменен
Шаруасын клуб салу қолға алады.
Ордасы мәдениет елге керек,
Биiкке өнер сонда өрмелемек.
Халыққа қажет жұмыс болғаннан соң
Көңiлiн Бiрәлi де бөлген ерек.
Клубты саңғыратып тұрғызады,
Iшiнде ойын-сауық, жыр қызады.
Сәулетi көрген көздi сүйiндiрiп,
Ерiксiз мойындарды бұрғызады.
Ауданда әйгiленiп болған атақ,
Әуелгi қағазынан шықты шатақ.
Орнына сиыр қора клуб салған,
Банкте өткiзбейдi байлап-матап.
Қабағы директордың түйiледi,
Басына қара бұлттар үйiрiледi.
Болмайды таппаса егер бiр амалын,
Наһақтан күйiп кетсе, кiм бiледi?!
Бiрәлi «тәуекел!» деп шықты сонда,
Болмасты болдырам деп алды қолға.
Қалдырмай әрiптестi қиын шақта,
Турадан кеттi тартып Москваға.
Табаннан таусылып, көп есiк қақты,
Қағазын клубының дұрыстатты.
Бекiтiп министрге қол қойғызып,
Бiтiрiп әкеледi жұмыс-бапты.
Иванның шаттығында шек болмады,
Пәледен Бiрәлiнiң құтқарғаны.
Есiнен ешқашан да шықпай әсте,
Өмiрде Таркиевский көп қолдады.
Қолынан Бiрәлiнiң iс келедi,
Жолында бөгет көрмес ештеңенi.
«Жасаймыз!» деген ғана бiр ауыз сөз,
Жалындап жiгер-сенiм күш бередi.
Қажыры ұйымшылдық тас жарады,
Алдында алып мiндет асқаралы.
Бiр өзi бiр совхозбен тең түсетiн
Подгорный бөлiмшесiн басқарады.
Бiр бақыт жұмыс iстеу Бiрәлiмен,
Нұрлантар әр жүректi жыр-әнiмен.
Жасты да, кәрiнi де жылытады
Парасат төккен мейiр шуағымен.
Төске өрлеп тұрғанында бақ-таланы,
Ешқашан қиянатты жақтамады.
Бастықты бастық демей бетiне айтып,
Әлсiздiң әдiл iсiн ақтап алды.
Айғақ көп айыратын ақ-қараны,
Ғибраты ел есiнде сақталады.
Бiр топ шал Белағаштың сайын құлдап,
Бел шешiп қол шалғымен шөп шабады.
Сол кезде Таркиевский келiп қалып,
Шалдарды шулыған қып беттен алып:
«Бұл жерден шөп шабуға рұқсат жоқ!» деп,
Қуады тым-тырақай ойбай салып.
Қуалап сүтке тиген мысықтай ғып,
Қаталдық танытады құнсызданып.
Шөп түгiл, шөңге де жоқ, кете барды.
Иванның қылығына шалдар налып.
«Ойпырмай, құдiреттiң құрығын-ай,
Қайдағы келiмсектiң қылығын-ай.
Өзiңдi өз жерiңе өгей қылды-ау,
Алсаңшы көрсеткенше мұны құдай!»
Шалдарың қылады да жағын зарда,
Опынып несiбеден қағылғанға,
Амалы құрып ақыр кеттi тарап,
Не опа табамыз деп шағынғанда.
Боларын бiр пәленiң сезген едi,
Бiрәлi бұл шалдарға кез келедi.
Бiлген соң шөптiң жайы не болғанын,
Ажары қуқыл тартып өзгередi.
Саспастан сабыр сақтап айтты сонда:
«Қарттарым, қамкөңiл боп уайымдама.
Жылдағы шапқан жерден шаба бергiн,
Жауабын өзiм берем директорға».
Содан соң директорға келдi жайлап:
«Iс қылсақшы ақылға салып ойлап.
Бекерге ренжiтесiз шалдарды анау,
Өнiмсiз бос нәрсеге қолды байлап.
Матвеич, сайда сонау бар ма ақыңыз?
Шалдар да Айдан емес, өз халқымыз.
Онсыз да отыз мыңдық жерiмiздi
Оқсатып игiлiкке ұқсатыңыз.
Шалдардың ата-баба жерлерi ғой,
Шөп шапса, құдайдың сол бергенi ғой.
Қам қылса қайта осылай, қыстың күнi
Шөп сұрап, мазаны алып келмейдi ғой!»
Бiрәлi қисынымен ой толғады,
Бұған уәж Матвеич те айта алмады.
Беделдi басқарушы болғаннан соң,
Тоқтады сөзге, бетiн қайтармады.
Бiрәлi барған сайын көшелендi,
Күн санап абыройы өсе бердi.
Сағымы сайын дала еркеленiп,
Самалы Сарыарқаның есе бердi.
Алауы арманының сөнбейдi ендi,
Асқақ күй жан-жүрегiн тербейдi ендi.
Адамдық бақытына биiктеген
Сатылап баспалдақтар өрлей бердi.
Сырттан оқып жоғары бiлiм алды,
Сырларын агрономдық бiлiп алды.
Сыртынан бәрi жақсы көрiнгенмен,
Iшiнде тобықтай-ақ мұңы бар-ды.
Кейде кеп анасына сырын ашар,
Шипасы табылар ма мұңын басар?
Көңiлiн күптi қылып мазалады
Жоғалған қарындасы Орынбасар.

Қайран қарындас!..
«Ағалап еріп соңыңнан
Анаңнан бетер аймалар.
Айың боп туар оңыңнан
Қарындас сезiм қайда бар?!»
Автор.

Жабысқан жүрегiне шемендейiн,
Мәңгiлiк зар-сағыныш өлеңдейiн.
Өтсе де қанша жылдар ұмытылмай,
Шанышқан шаншу болып тебендейiн.
Қайран сол қарындастың жоғалғаны,
Өрттей боп алаулайды жан арманы.
Дерттей боп өксiтедi сол қайғысы,
Дәруiн iздесе де таба алмады.
Нәубеттiң салып кеткен мұң-наласы,
Детдомға берiп кеткен қыз баласы,
Жылдарда ашаршылық көз жаздырып,
Жылаумен қайғы шегiп жүрдi анасы.
Детдомда қалдырдым деп неге ғана,
Өз-өзiн өкiнiшпен сөгедi ана.
Баласы – бауыр етi емес пе едi,
Көз жасын көлдей қылып төгедi ана.
Бiрәлi – жалғыз ұлы басыбайлы,
Екеуiн ана қалай асырайды.
Заманы түзелген соң алам десе,
Зұлматта болды өзiнiң басы қайғы.
Одан соң соғыс келдi күркiреген,
Ұйқы мен ұмытылды күлкi деген.
Дауылда дүркiретiп соғып өткен
Өрт шалған орны қалды бiр түп емен.
Бұларға жауған шұға жетпей қалып,
Жеңiстiң қуанышы өттi айналып.
Тәңiрден тiлеп алған Бiрәлiсi
Түнекке тоғыз жылдық кеттi айдалып.
Қашанғы жылатсын-ау құдайы да,
Қазiрде туғандай-ақ күн-айы да.
Бiрақ та ана жаны жабырқаулы,
Көзiнен кетпес бiр мұң ұдайыда.
Ол мұңы – жоғалған қыз Орынбасар.
Табылса, талайы сол шерiн басар.
Шарт етiп сынып шыны үмiттерi,
Шақ қалып ұстатуға сағым қашар.
Бiледi Бiрәлi де ана мұңын,
Бiрi өзi жаны шерлi жаралының.
Қайғысы қарындастың батпаса егер,
Несiне деп санайды саналымын?!
Есiнде құйттай ғана қарындас та,
Бола ма қарындасты сағынбасқа.
Ойраннан аман-есен шықты ма екен,
Ойпырмай, шыныменен табылмас па!
Көмескi бұлдырайды елестерi,
Талайсыз балалық шақ белестерi.
Екеуi қол ұстасып аштық жылы
Аңызда масақ терген емес пе едi.
Қинайды ми-жүйкенi бұрау салып,
Iздейдi жатпай-тұрмай сұрау салып.
Жоғалған қарындасты тапсам деген
Жанайқай кеудесiнде ұран салып.
Кездерде аласапыран тағдыр айдап,
Айрылған туысынан аз ба бейбақ.
Қарындасым деп қалып талай жанды
Қайтатын суып сосын көңiл жайдақ.
Үмiтi он алдады, жүз алдады,
Шаттықтың шалқарында жүзе алмады.
Күдiгi күзгi желдей кеулесе де,
Күдерiн қарындастан үзе алмады.
Сiрiдей төзiмдi ғой адам деген,
Сенiмiн жоғалтпады табам деген.
Бiр жақта қыз шырқырап анам деген,
Бiр жақта аңырады ана балам деген.
Бiр күнi қарындасты тапты ақыры,
Тағдырдың тас жаңғағын шақты ақыры.
Отыз жыл көз жаздырған Орынбасар
Табылып шаттық селiн төктi ақыры.
Көрiсiп Орынбасар көп жылады,
Тұншыққан iштегi өрттi жандырады.
Анам-ау, Бiрәлiден неге айырдың,
Болмадық неге бiрге деп жылады.
Алладан ажал келсе өлмес пе едiк,
Бiрге не көрсек те – көрмес пе едiк.
Қарнымыз аш та болса, тоқ та болса,
Бiр үзiм нанды бөлiп жемес пе едiк!?
Дегенде босамаған жан қалмады,
Көзден жас ытқығанын аңғармады,
Қосылып ана мен қыз, аға-қарындас
Қайтадан жарды бүрiн армандары.
Осылай өлген тiрiлiп, өшкен жанды,
Ерiттi өмiр күнi түскен қарды.
Жадырап жарық дүние жазы келiп,
Жiбiттi жүректегi қысқы ызғарды.
Бар екен күйеуi де, баласы да,
Иiлдi Орынбасар анасына.
Сый-құрмет көрiп барлық ағайыннан,
Табысты Бiрәлiдей ағасына.
Көздегi өмiр нұры көнергенше,
Ұстаған өзiн-өзi кемеңгерше,
Бiрәлi жаннан артық жақсы көрiп,
Сыйлады қарындасын өле-өлгенше.

Ешiм
«В 1969 году переехал в Ишимский директором».
Бiрəлiнiң өмiрбаянынан

«Ешiм, ерке Есiлдiң суын емген,
Толысып жылдан жылға кемелденген.
Бiрəлi, Əбдiрахман ел мақтаны –
Үлгiсi ұрпағына жiгер берген».
Есмұхамбет Айтмағамбетұлы.

Ақырған аяз едi ақпандағы,
Жадында содан шығар жатталғаны.
Долырған дүлей қыста бет қаратпай,
«Ешiмге» директор боп аттанғаны.
Бұрынғы директоры Берда деген,
Қоғамның малын ойлап қам жемеген.
Найқалған жүрiсiне Берда-ағаңның
Айтыста айтады екен арнап өлең.
Берда-ағаң ол сыныңды мойынсұнбай,
Ақ iшкен, қызылыңды алымсынбай.
Жатса да мал қырылып, масаң күйде
Сабазың жүре берген сағы сынбай.
Бетiмен жiберiптi бар жұмысты,
Қыс келiп алқымынан алды, қысты.
Тап мұндай ел көрмеген көптен берi
Қақаған үскiрiгi қарлы қысты.
Жiберген Бiрәлiнi жол табуға,
Жағдайды тығырықтан құтқаруға.
Ақырған ақпаныңның аязында
Асықпас аялдауға құт та мұнда.
Шөбi жоқ, түк қалмаған шөмеледен,
Келерiн қаһарлы қыс елемеген.
Жалқауға жаббар ие жар болмаған,
Кердеңдi қыдыр әулие жебемеген.
Қиын қыс тимедi оңай малға-жанға,
Қайран жоқ жақыннан да дорбалауға.
Арқаның ақкөзiнде тура келдi
Алыстан ат арытып арбалауға.
Қыраулы қыстың көзi жанталаста,
Бiрәлi ұрып басын тау мен тасқа,
Совхоздың малын жұттан сақтау үшiн
Жан алып, жан берiскен арпалыста.
Сарыарқа сары аязы сақылдаған,
Дегендей соқты боран: ақымды алам!
Жұмысқа көздi жұмып қойып кеттi
Бiрәлi бойда жалын лапылдаған.
Бұйырып күндiз-түнi тоқтамауды,
Тасытты бес облыстан шөп-сабанды.
Азамат, айдың-күннiң аманында
Обал-ау аштан қырсақ қанша малды!
Өткен жаз артық етiп терген-жиған,
Алдырды бiраз жемшөп Подгорныйдан.
«Алғанда жау жағадан, бөрi етектен» –
Өңмеңдеп ақкөз боран алдан қиған.
«Ешiмнiң» жұртын түгел жұмылдырды,
Ортақ iс екендiгiн ұғындырды.
Кердеңдеп керi тартқан кейбiреуiн
Кең толғап, ақылына жүгiндiрдi.
Оңалып қиын жағдай кеңшардағы,
Бiртiндеп түстi иықтан мол салмағы.
Барша жұрт Бiрәлiге сенiм артып,
Қолдады әсiресе жастар жағы.
Қатырып қатал қыста бұғананы,
Шығынсыз малды жазға шығарады.
Бiр сыннан тайталаспен өткенi сол,
Қыруар iс күтiп алдан тұра қалды.
Кеңшарын бiлдi зерттеп жан-жағынан,
Жоқ мұнда бөтен тiлек ел қамынан.
Адамға арнаса бар игiлiктi,
Еңбегiн сiңiрмес пе ол да бұған?
Болса егер алған ғибрат, сабағы шын,
Қызмет етедi өмiр дарағы үшiн.
Толғанып келген сонда тұжырымы:
Жемiсi еңбегiнiң адам үшiн!
Ойында талай жоспар құраған-ды,
Мұны да талқыға сап сынаған-ды.
«Жұмыста ең бастысы не нәрсе?» – деп,
Министр Моторико сұраған-ды.
Күтпеген сұрақ едi, қалды ойланып,
Кiдiрiп, аспай-саспай толғай барып,
«Бастысы – адам!» деген сол сәтiнде
Министр: «Дұрыс!» дедi жайраң қағып.
Жанына iзгiлiктi мұра тұнған,
Қыран ғой Бiрекең де тiк атылған.
«Ешiмдi» басқарды аттай жиырма бiр жыл,
Айнымай адам деген мұратынан.
Ұнатқан қағидасы бiрегейдi,
Жағдаймен танысады түбегейлi.
Кеңшардың келбетiне шiркеу салар
Көп екен келеңсiздiк көлегейлi.
Селоның келiспейдi сән-жобасы,
Ауылдың қақ ортасы мал қорасы.
Сұрықсыз үйлерiнiң түрi жаман,
Шашылған сайда саны, қырда басы.
Ешкiмге ешкiм аса бағынбайды,
Бастықтың босаң болса бәрi ыңғайлы.
Е, мейлi, түске дейiн шөп жемесе,
Үкiмет малы аштан қағынбайды!
Ешкiмге ештеңенiң керегi жоқ,
Техника, құрал-жабдық дерегi жоқ.
Көтерем жүдеу-жадау арық малдың
Не төлi, ет пен сүтi, берерi жоқ.
Онша көп алаңдатпас жұмыс жағы,
Көрiксiз, көңiлсiздеу тұрмыс халы.
Баршаны жайлап алған бойкүйездiк:
Көргенде Бiрәлiнiң «жыны» ұстады.
«Ешiмдi» көтере алмас дестi мұны,
Емес қой өмiрiнiң кешқұрымы.
Болсын деп: «жұмыста да соғыстағыдай»,
Қозады Бiрәлiнiң ескi «жыны».
Көк езу, көлденеңдi бұл не қылсын?
Құрылтай шақырады жиналысын.
«Ешiмнiң» ескiлiгi адыра қап,
Елiме жаңашылдық күй дарысын!
Бiрәлi талдан таяқ таянбады,
Бағытын батыл айтып баяндады.
Жойылсын жалқаулық пен керенаулық,
Жасасын жасампаздың ой-арманы!
Тоқтады тыңғылықты бiр нұсқаға:
Үлгiлi сүрсiн өмiр үрдiс қана.
Кең ауқым, сұлу сапа, жедел қарқын –
Жұмыста, тұрмыста да, құрылыста да!
Даңғыл боп қай тұрғыға қарасақ та,
Бiрдей боп берешекке, алашаққа,
Жобалы жоспар үлкен: таяу жылға
Және де жиырма жылдық болашаққа.
Белгiлеп осылайша бағдар-бағыт,
Шамшырақ жарқыратып алдан жағып.
Ұйысып ұйымды боп ұжымымен
Ұмтылды нысанаға темiрқазық.
Жұмысты кеттi бастап кең көлемдi,
Ұршықтай әрбiр iсi дөңгелендi.
Iрiктеп сай тасындай жiгiттердi,
Жiгерiн жанып қойып дем бередi.
Көтердi малшысы мен егiншiсiн,
Солар ғой еселейтiн ел ырысын.
Бар күштi жұмылдырып салу керек
Береке, соның түпкi өнiмi үшiн.
Тазартып ауыл-село ордаларын,
Қиратты қора-қопсы қордаларын.
Батпағын аршып алып, боғын төгiп,
Тұрғызды қалашығын мал қораның.
Аулақта мал қоралар жаңарады-ай,
Аумағын мұнтаздай қып тазалады-ай.
Қора деп кемсiтудiң өзi қиын,
Жарығын төккен кезде самаладай!
«Ешiмнен» өту қиын араламай,
Сап түзеп сәндi үйлерi шағаладай,
Орталық мекенiнде орта мектеп,
Ондаған ғимаратты бағаламай.
Аурухана, кафесi, асханасы,
Кiшкентай балалардың нән бақшасы,
Үйiнде Мәдениет ән шырқалып,
Өтедi спортзалда сан додасы.
Әр үйде жылу-суы мәнiменен,
Қоршалған шарбақталып сәнiменен.
Бақытқа бөленедi ешiмдiктер
Арайлап атқан әрбiр таңыменен.
«Қызыл ту», Монастырка, «Қазақстан»,
Бәрi де – бөлiмшелер – ғажабстан.
Бiрәлi айналғандай ақ сұңқарға
Есiлдiң жазирасын орап ұшқан.
Астығы, төрт түлiгi, етi, сүтi,
«Ешiм» де болған ендi елдiң құты.
«Болмасты болдыратын директор» деп,
Дүркiреп Бiрәлiнiң даңқы шықты.
Тұғырда өрлеп бағы тұрса-дағы,
Кей-кейде қас-қабағын мұң шалады.
Даңғаза, дабыра мен мақтан-мадақ
Астынан ар тұншығып үн салады.
Ауданнан тексередi күнде бастық,
Жылдағы ет, жылдағы сүт, жылдағы астық.
Құрдасы Жылқыбаев Әубәкiрге
Айтады әзiл-шынын аралас қып:
Ойпырмай, осы күнгi басшыларды-ай,
Қозы-лақ, торпақ-торай, ет сұрайды-ай.
Ең ғажап асылымыз – адамдарды
Қаперге алып тiптi елең қылмай.
Адамның мән бермейдi хал-жайына,
Қарамас азаматтың жағдайына.
Қанша жан жұрт болды деп сұрамайды-ау,
Шiркiндер, цифр тұнып таңдайына.
Жоспарды үстi-үстiне төге беред,
Бұйрықтар мәндi-мәнсiз келе беред.
Өмiрдiң бiз жасаған ғажаптары
Болмаса адам үшiн – неге керек?!»
Әбекең «Рентабельный» кеңшарында,
Сардар боп келе жатқан қанша жылдан.
Түрмеден шыға сала тыңға келген –
Ел қылған телi-тентек өңкей сұмнан.
Құптайды Бiрәлiнiң сөзiн ол да
Жасынан жанып тұрған жалын ол да.
Адамнан үкiметке сиыр артық,
Кереңге кеңес айтып мәнi бар ма?!
Бiрекең осылайша толғанады.
«Ешiмдi» көркейтудi қолға алады.
Қорғаннан екi вагон көшет әкеп,
Орнады ауылдарға орман бағы.
Орталық қоныстағы жасыл желек,
Ауылын саябақты нуға бөлеп.
Сәулетi қаланы еске түсiргендей,
Серуендеп өткен кезде көңiл жебеп.
Кәрi-жас сүйдi «Ешiмiн» тағат таппай,
Асфальты, аллеясы – абат бақтай.
«Ешiмде» болған адам кете алмас-ты
Шарықтап қиял көкке қанат қақпай.
«Ешiмге» Бiрәлiмен бақ дарыды,
Тап мұны жас та бiлдi, қарт та бiлдi.
Ауылға сәулет, халыққа дәулет келiп,
Ырыс, құт, берекесi ақтарылды.
Салынды кiрпiш құйған зауыты да,
Шүмегi лимонадтың ағытылған.
Өсiрiп көкөнiстi қыста-дағы,
Қаңқылдап қаз-үйрегi тағы тұрған.
«Ешiмге» қан жүгiртiп өмiр бердi.
Жемшөбiн, отын-көмiр тегiн бердi.
Балға дейiн табылып бәрi өзiнен,
Жұмыскерге жiгер мен сенiм бердi.
Мама бiр биелердей желiдегi,
Көркем үй көше-көше өрiледi.
Бiр көше «Жастар» деген атақ алып,
Өңшең жас жанұяға берiледi.
Ән салып әр кеудеден кернейлер де,
Сенiмдi көмекшiлер өрлейдi елде.
Әкемiз, көкемiз деп Бiрәлiнi
Жылқайдар, Келден, Виктор, Сергейлер де.
Қолдайтын айтқан әрбiр бастаманы,
Бәрi де кеңшарының бас маманы.
Бақыт деп Бiрекеңмен жұмыс iстеу,
Аузынан өмiр-бақи тастамады.

Тоған
Тұрса да жұмыс қайнап, өмiр жайнап,
Толқиды тынши алмай көңiл-қаймақ.
Жыл сайын зығырданын қайнатады
Жемшөптiң жетiспеуi қолды байлап.
Жыл сайын қыс iшiнде алаңсырап,
Қол жайып, қайыршылап сабан сұрап.
Тасиды мал азығын басқа жақтан,
Көршi облыс кердеңдейдi сараңсырап.
Қамыс та, құрақ-тағы, қияқ-тағы –
Жер түгi бәрi қорек тұяқтағы.
Есiлдi ен жайлаған елдiң шөбi
Жетпесе, азаматқа ұят-тағы.
Қысы жоқ көңiлдi тоқ жайландырған,
Арық мал аузын қалай майландырған.
Есiлдiң ен жағасын жайлап жатып,
Ұят-ау шөп тасыған ойдан-қырдан.
Кеңшарда көп алқапты егiн алған,
Мардымсыз жайылымда мал бағылған.
Жоспардың қыспағына түсе-түсе
Құлаштап шөп шабатын жер қалмаған.
Аңызғақ ыстық жазда ерте-кешi,
Шалғын шөп, селеуi мен бетегесi,
Табиғи шабындығы шүйгiн емес,
Нөсерге тоймаған соң бел-белесi.
Солай-ау, су болмаса шөп болмайды,
Малың да шөп болмаса тоқ болмайды.
«Тоқ малдан төл өрбидi» дегендейiн,
Бiрәлi бұл жайларды көп толғайды.
Кеңесiп қарттармен де ақылдасты,
Қылтитып көп шындықтың бетiн ашты.
Iргеде Есiл ағып жатқанында
Көктен су сұрағаның ненiң ақысы?!
Алысқа жосығы жоқ сабылғандай,
Қасынан iздегенi табылғандай,
Басында бiр жасын ой жарқ ете қап,
Есiлден телегей су ағылғандай.
Жазира даламыздың жыры мұнда,
Есiлдiң еркеленген бұрымында.
Бiржола шөп түйiнiн шешетiндей
Бiрәлi тоқтады бiр тұжырымға.
Арқасын сүйемейдi неге көпке?
Бiрәлi бекiндi бiр кереметке,
Өзеннiң арнасына тұсау салып,
Есiлдiң аққан суын бөгемекке.
Жағаға бөгеген су жайылмай ма,
Ойпаңға жалпақ табан ағылмай ма.
Шұрайы шабындықтың белуардан кеп,
Шешiмi шөп жайының табылмай ма?!
Бiрәлi айтты-бiттi, iске кiрiстi,
Көрмеген Қима өңiрi құрылысты,
Жобасын өзi бастап, дереу жасап,
Бастады қара күзде бұл жұмысты.
Қошқартай көлге құяр қырқасынан,
Өзеннiң жiңiшкелеу қылтасынан,
Үйгiзiп тас-топырақ тоспа жасап,
Бекiттi темiр-бетон қақпасынан.
Болмаған бiр ғаламат нәтi мұнда,
Адамның шет-шегi жоқ ақылында.
Аңғарды орап жатыр бөгет-тоған
Созылған отыз екi шақырымға.
Алмаған аудан-облыс ұрұқсатын,
Бiрәлi бұл жұмысқа тiктi басын.
Кеңшардан жүз сан адам жапты осында,
Бульдозер, тракторы, техникасын.
Жартасын, тау мен тасын қопарады,
Тоғанның бөгетiне апарады.
Арбалап, мәшинелеп қарбаласып,
Бөгетiн биiктетiп қотарады.
Қуалап сай-жыраны үйiлдi жал,
Тұрғызған топырақ-құмнан үймек дуал,
Көрiнбей көз ұшында кеткен кезде
Шешкендей шаттанады түйiндi бар.
Күндiз-түн жұмыс қызып қарбаласты,
Қараша, желтоқсаннан қаңтарға асты.
Бiрәлi бөгеп жатыр Есiлдi деп
Бастықтар естiгенде қатты састы.
Өтсе де қыстың боран, бұрқасыны,
Көктемнiң келе жатыр су тасуы.
Бөгетiн бұзып-жарып, ауылдарды
Не болар алып кетсе сел-тасқыны?
Жетедi облатком жедел ұшып,
Сұрайды Бiрәлiден келе қысып:
«Кiм бердi рұқсатты бұл бассыздыққа,
Көтендi жүрмейсiңдер неге қысып?
Жобасын жасаған кiм, бастаған кiм?
Салуға бұл тоғанды қыстаған кiм?
Мәскеудiң рұқсатынсыз байлауға өзен
Болмайды дегенге құлақ аспаған кiм?».
Сұстанған төрағаға тура қарап,
Қасқайып Бiрәлi де бердi жауап:
«Басшысы бар жұмыстың мына менмiн,
Ешкiмнен сұрамадық бұған рұқсат.
Себебi, белгiлi ғой сiзге тегi,
Алғанша рұқсат қанша жыл өтедi.
Арық мал, жемшөбi жоқ, өлiм-жiтiм,
Соның да обалын кiм көтередi?
Су келiп, тоған салсақ – шөп болады.
Малымыз қысы-жазы тоқ болады.
Басы сiз боп басқа жаққа шапқылайтын
Жемшөптiң проблемасы жоқ болады».
Дегенде облатком елжiредi,
Көз қылып қатайғаны белгiлi едi.
Бөгеттi вертолетпен бойлап ұзақ,
Көредi ұшып-қонып әрлi-берi.
Содан соң айтты бiр сөз қоштасарда:
«Асаусың, ай, Бiрәлi, от басарда.
Әдетiң қалмай қойды партизаншыл,
Жамандық болмасын де алда-жалда.
Қызыл су жүрiп кетпей алқын-жұлқын,
Қайырлы қыла көргей артын мұның.
Жамандық болса – өзiң жауаптысың,
Еңкейiп батпағай-ды жарқын күнiң.
Болса егер айтқаныңдай – болдың батыр.
Аяқта жұмысыңды ақыр-тақыр.
Сақтыққа шара қылып, сайлан, қамдан,
Моторлы құтқарушы қайық шақыр!» .
Кiсi едi кеңпейiлдi нәтi жұмсақ,
Кеттi ұшып күтiп артын, сабырға сап.
Бiрәлi қалың ойда қала бердi,
Алысқан жаумен жалғыз батырға ұқсап.
Сырттай сыр бермегенмен, iшi күптi,
Күбiрлеп көп айтады шүкiрлiктi.
Қолдасып Қостанай, Ақмоламен,
Десантын құтқарушы түсiрiптi.
Сәуiрде мұз көбесi сөгiледi,
Жарылып сатыр-сұтыр сең жүредi.
Түйгiштеп бiрiн-бiрi ойнақ салып,
Жөңкiлiп жөнелердей көрiнедi.
Сайланып сардар Бiкең ол тұрады,
Қайтпаған жiгiттерден қарқын әлi.
Бөгетке мыңдаған қап құм әкелiп,
Осал-ау деген жердi толтырады.
Арнадан тасып ағып, су келедi,
Ылдиға құйылады iргедегi.
Ойпатқа оң қолдағы жайыла көлкiп,
Тоғанға тосып алған тiреледi.
Лақылдап бiрте-бiрте көтерiлдi,
Қойтасты көрер емес шөрке құрлы.
Бөгеттi сықырлатып қозғайтындай
Есiлдiң еркiндеген еркелiгi.
Сiлтiдей тынып қалған қыр басында,
Қыруар жұрт қадалады ырғасынға.
Лап қойса бөгетiңдi талқан қылып,
Қос ауыл қалғалы тұр сел астында.
Бiр жерден – тоқтамайды – кетсе лықсып,
Топырақ қорғаныңды бұзып өтiп.
Меймiлдеп тоған iшi толған кезде
Жұрттан да, тықыршыды, дегбiр кетiп.
Қырағы күзет, жасақ бөген басы.
«Ешiмнiң» қаулап өскен өрен жасы.
Бiрәлi баулып өзi тәлiм берген,
Жаңадан жасақтаған командасы.
Халықты қиындыққа қайрап салған,
Бар малды дөңге қарай айдап салған.
Орнынан жиырма күзет минут сайын
Жағдайды хабарлайды рациядан.
Ұйқысыз әбiгерлi күндер өттi,
Толассыз төтен жағдай қауiп еттi.
Үшiншi күн дегенде: жайылма су
Өрлеуi тоқтады деп хабар жеттi.
Дәл шығып Бiрәлiнiң есебiндей,
Толқын су тоқтай қалды көтерiлмей.
Сейiлтiп жұрт бойынан қорқынышты
Тоқтады қауiп қылған шекке жетпей.
Сау етiп құйылды су жаңа арнаға,
Сүйiнiп ер қарады құмарлана.
Сапырған ел шаттығын сабадай боп,
Шүпiлдеп меймiлдейдi тоған ғана.
Дария танытқандай жаңа қалып,
Дарытып нәрiменен жағаға құт.
Тоғанның артық суы орағытып,
Есiлге ескi арнамен барады ағып.
Халықта қарап тұрған ес қалмады,
Атылып сан бөрiктер аспандады.
Жер – құты, ел – ырысы су жарықтық
Тапқан-ды берекелi басқа арнаны.
Аңғарда жалпақ табан мейiрi қанып,
Iшедi Есiл суын қылқылдатып.
Жағалау нұрға балқып,суда шалқып,
Жайылма қызығына қырық күн батып.
Одан соң жiбередi суды ағызып,
Шалғыны суда жүзiп, нұрға қызып.
Бойындай атты кiсi жайқалды шөп,
Арқаның алтын күнi мың тамылжып.
Аңыз боп Бiрәлiнiң бұл ерлiгi,
Бастады батыл iске жiгерлiнi.
Осындай ерлер өттi-ау заманында
Ойлайтын он жыл бұрын iлгергiнi.
Тамызда шүйгiн шөптi орып алды.
Ауылмен, аумағымен жарылқанды.
Қол жайып жұрттан сабан сұрайтұғын
Азапты ауыр күндер артта қалды.
Жыл сайын шөп алады мая-мая,
Ауыздан ақ май аққан жал мен жая.
Ауданға артылғанын берiп шөптiң,
Болмайды Бiрәлiде «твоя-моя».
«Ешiмнiң» шөбi шүйгiн, малы семiз,
Табады жарқыратып саулығы егiз.
Тоғанды «БАМ» деп атап бүкiл аудан,
«БАМ» барлық берекеге болды негiз.
Бiрәлi «БАМ»-ның осы бас сардары,
Атақ пен абыройы аспандады.
Анадан ел бағына туа салған
Алда едi азаматтың асқарлары.
Дариға, дүние жалған қас-қағымдай,
Дәуiрдiң болды ма ерi басқа мұндай.
Шаттанам шабытты жыр туғанына
Бiрәлi ерлiгiнiң дастанындай.

Алтын жұлдыз
Алашта алыптардың бiр кенiшi,
Арқада дүбiрлеген Торғай төсi.
Алладан тiлегiңдi тiлер едiм,
Уа, дүние, мiнәжат қып ерте-кешi.
Ұласып бiр дабылға бiр дабылдан,
Қарт Торғай бiр ашылып, бiр жабылған.
Ардагер ерлерiм-ай, сондай шақта
Тарихтың тайсалмаған сындарынан.
Толағай Торғайдағы ағалар-ай,
Талайы туа бiткен даралар-ай.
Құла дүз, сар даланы шарықтатып,
Даңқына даңқ қосқан даналар-ай.
Қаратай, Өзбекәлi, Мақтай, Сақан,
(Қаратай Тұрысов, Өзбекəлі Жəнібеков, Мақтай Сағдиев, Сақан Құсайынов – 1971 жылы Торғай облысын алғаш құрған басшылары.)
Құдайым төрт серкенi қалай қосқан!
Дәл осы марғасқалар емес пе едi
Торғайды күллi Одаққа дабылдатқан.
Тауды тау көредi ғой алыстан-ақ,
Дүбiрi жетiп жатқан дабыстан-ақ.
Төрт заңғар облыстағы жайраң қақты
Бiрәлi екен-ау деп арыстан-ақ.
Дарасы аймаңдайлы Сақан едi,
Дариядай ақылы шалқып жатар едi.
Құрметтеп алғырлығын Қонаев та
Сақан демей «Сәкең» деп атар едi.
Сақан да сақи жүрек көреген-дi,
Еңбекке Торғай төсiн бөлеген-дi.
Жанымен жақсы көрiп тұрушы едi
Ерлерiн ескергендi, елегендi.
Сол Сақан Мақтайға айтып сыралғыны,
«Байқашы, деп қояды, Бiрәлiнi.
Торғайдың директорлар корпусынан
«Жұлдызға» дайындармыз, сiрә, мұны.
Байқаңдар, бұл жiгiттiң сыры терең,
Тегiннен шықпайды анау iсiң ерен.
Есiлдi байлау деген ердiң ерi,
Шығады көзсiз батыр кемеңгерден».
Сақанның iш пiкiрiн айтпай бiлген,
«Ләббай» деп кiрiседi Мақтай бiрден.
Еңбегi Мақаңның да ерен едi
Жүйрiктi Бiрәлiдей баптай бiлген.
Бiрден-ақ Бiрекеңдей қолдап ердi,
Әуелден қасиетiн танып көрдi.
Аяулы азаматтан аясын ба,
Техника, жабдық-құрал, бәрiн бердi.
Бергенiң Бiрекеңе құр кетпейдi,
Қызығын халық көрiп, ел көктейдi.
Жiбектi түте бiлмес жүн қылғанша,
Қырандар шарықтасын өрлеп, мейлi.
Иiген жердiң төсi, мал сүмесi,
Тасыған байлығы мен берекесi,
Кеңшарын шырқау көкке самғатқан ер,
Өсуге лайық едi мәртебесi.
Бола ма мұндай ердi қолдамасқа,
Жақсыны жең ұшынан жалғамасқа.
Әдiлi Алтын Жұлдыз алып берген,
Атағын асқақтатып алты алашқа.
Дәл осы Мақтайдың да көздегенi,
Ауданмен тез өткiздi лездеменi.
Ресми цифрларын сәйкестiрiп,
Созбай-ақ ұсынысын тез бередi.
Болсын деп Бiрәлiге қалмай жаны,
Дүр Мақтай дүрiлдетер талмай жағы.
Мақтайдың өзi дағы ел мақтаған
Толағай емес пе едi Торғайдағы.
Кеудеде мақтаныштың отын жағар,
Мәскеуден көп ұзамай жеттi хабар.
Жұлдыз да кез келгенге құламайды,
Киенi, қасиеттi, тектi табар.
Тегiнде текке кетпей төккен терi,
Бiрәлi болды солай елдiң ерi.
Сол кезде айдай әлем таңырқаған
Атағы Социалистiк Еңбек Ерi.
Шаттанып, сүйiншiлеп ел қуанды,
Ердiң де елiм деген жанды бағы.
Таққаны алтын Жұлдыз болды абырой
Жұртына Торғай, Қима, Жақсыдағы.
«Ешiмнiң» қуанышы мүлде бөлек,
Ес қалмай қарындаста елден ерек.
Шашу мен құттықтаудың қисабы жоқ,
Қоярдай Бiрәлiнi гүлге бөлеп.
«Ешiмде» ел ырысы сел-жыр аққан,
Бастауын алғандай-ақ нұр бұлақтан.
Бiрекең құт арнасын мол ақтарып,
Шығарды тағы бiр ер – Әбдiрахман.
(Əбдірахман Біргебаев – «Ешім» кеңшарының шопаны, Социалистік Еңбек Ері.)
Осылай Бiрәлiге құдай бердi,
Бергенде жырымдамай құлай бердi.
Жарығын жұлдызының елге төгiп,
Халқына ер Бiрәлi ұнай бердi.

Бiрәлi мен Тұрсынбек Кәкiшев

Сөйтiп жүргенде Жақсы станциясында салынып жатқан элеватор құрылысына барып, жөн-жоба сұрастырып жүргенде 1935-1941 жылдарда Даниловка орта мектебiнде бiрге оқыған Бiрəлi Нұртазин кездесiп, құшақтаса кеттiк. Тұлғалы бойына табанды мінезi ғана емес, шешiмдi ойы, толымды пiкiрi ажар дарытып, қасына жақындағанды баурап алатын адамгершiлiгi еселей түскен екен».
Тұрсынбек Кəкiшұлы.

Айтсайшы қыдыр қонған бұл бiр шақты,
Бiрәлi өңiрiне жұлдыз тақты.
Жинайды саңлақтарды астанаға,
Жиылыс Алматыда салтанатты.
Орденi, медальдары жарқырап бар,
Жиылған өңшең герой, шамшырақтар.
Бәрi де бiр-бiр облыс бағландары,
Қашан да қыздар жақтап, халқы мақтар.
Нұр-шуақ жүздерiнен төгiледi,
Ғажапқа жан жадырап семiредi.
Алқалы топ iшiнде ажарланып,
Бiрәлi сонда да ерек көрiнедi.
Жақын кеп Димекең де жiгiттер деп,
Арналсын өздерiңе сый мен құрмет.
Мың алғыс төккен терге, деп тағы да,
Суретке танытты ыңғай бiрге түспек.
Фотограф сол арада шырт еткiздi,
Қобдидан от-сәулесiн жылт еткiздi.
Патшамен жүздестiм-ау деген бiр ой
Бүйiрiн Бiрәлiнiң бүлк еткiздi.
Айшықты астанада әсерленiп,
Тартады ғажабына әсем көрiк.
Шiркiн-ай, суретке де түстi-ау бiрге
Қасына Қонаевтай көсем келiп.
Керемет кiшiпейiл едi неткен,
Бiлетiн адамдай-ақ менi көптен.
Атымды «Бiрәлi» деп атап айтты-ау,
Сыпайы, салиқалы сөзi неткен!
Бөленiп бiр әдемi күйге осылай,
Жеткенде қонақ үйдiң дәл қасына-ай,
Бiр адам бас салып кеп құшақтады:
«Бармысың аман-есен сұңқарым-ай!
Жүрмiсiң аман-есен, Бiрәлiм-ай,
Сөнбеген сұрапылда шырағым-ай.
Алғаның Алтын Жұлдыз құтты болсын,
Арқадан ұшып жеткен қыраным-ай!»
Құшағын сәл босатып жiбердi көз,
Көрдi де қайта құшты күлiмдеп тез.
Дәл бүгiн келгенi iздеп қандай бақыт –
Тұрсынбек Кәкiшевтей ежелгi дос.
Бiр татқан балалық шақ кермек дәмiн,
Өмiрдiң бiрге салған өрнектi әнiн,
Қаратал, Даниловка мектебiнде,
Бiлiмнiң сол жылдарда терген дәнiн.
Аштық та ауыр азап салған едi,
Есiлден тарақтылар ауған едi.
Талғажау табылар деп аш өзекке
Алтынды руднигiне барған едi.
Көкшетау көк мұнарлы берi қалған,
Бурабай, Бүркiттiден ары қонған.
Тресi «Қаззолото» Степнякта,
Әудем жер Бiржан салдың ауылынан.
Әндерiн алаш тегiс мұра қылған,
Әудем жер Қожағұлдың бұлағынан.
Керейдiң ортасына топ еткенде
Кеудеге әннiң сыңғыр сыры ағылған.
Алтынды-Даниловка мектебiнде,
Өмiрдiң мұң бөлеген көктемiнде,
Табысып Тұрсынбек пен Бiрәлiлер,
Жүрекке достық нұрын сеппедi ме.
Оқыған сонда талай жалын жастар,
Әсия, Бибiсара қарындастар.
Бiрәлi балалардың ересегi
Серкедей серек туған тобын бастар.
Алты жыл – алтын дәурен тез өттi де,
Сұм соғыс бұзды шуақ мезеттi де.
Қалқан қып зұлым жауға, ел қорғауға
Әкеткен Бiрәлiдей өжеттi де.
Көз жазды Тұрсынбектен,талай достан,
Ағайын, туыс-туған, қимас жаннан.
Көрiскен араға сап он бес жылды
Өтiп кеп талай-талай сұрапылдан.
Ол кезде элеватор Жақсыдағы,
Бiрәлi салып жатқан бас қыраны.
Кәкiшев келген уәкiл Алматыдан,
Бәрiнiң шырқағаны астық әнi.
Миллиард Қазақстан беретiн жыл,
Егiнi ғаламат боп өнетiн жыл.
Бiрәлi алғыс алып, орден тағып,
Жұлдызды болашаққа сенетiн жыл.
Сүйреген дәнекер боп жұмыс бабы,
Тап келiп таңданысып тұрып қалды.
Түс емес, өңi екенiн бiлгеннен соң
Екi дос бiрiн-бiрi құшаққа алды.
Көңiлде шаттандырған шуақ қалды,
Еске алды күңгiрт тартқан шырақтарды.
Зекеннiң шайын iшiп, түн баласы,
Өткеннен сағынышты сыр ақтарды.
Шөлмегi босағанмен, сыр таусылмас,
Тиегi ағытылған жыр таусылмас.
Дүрсiлдеп екi бiрдей ұлы жүрек
Сауылдап құйылатын нұр таусылмас.
Бiрәлi қуқыл тартып сол арада:
«Тұрсынбек, есiңде ме Бекжан аға?
Оқытқан жағрафия ұстазымыз,
Болған-ды немiстердiң тұтқынында.
Соғыстан елге келiп сотталыпты,
Осында былтыр ғана оралыпты.
Басымыз екi шәкiрт қосылды ғой,
Ұстазға сәлем бере баралық-ты».
Екi дос осылайша уағдаласып,
Жетедi жел-құйынмен араласып.
Жақында соқталдай ұл суға кетiп,
Ұстазы отыр екен нала басып.
Жегiлiп жазмышының арбасына,
Түссе де талай талқы нар басына,
Бәрiнен мына қайғы басым түсiп,
Орнаған қаралы күй ордасына.
Келгенi қос шәкiрттiң көтередi,
Болмаса шөгiп мүлде кетер едi.
Қамалын қасiреттiң бұзып-жарып,
Парызы сәлем беру өтеледi.
Таянып Бекжан аға тұрды белiн,
Тағы да тәуекелге буды белiн.
Қос шәкiрт жұбаныш қып құйғандай-ақ
Тiрлiкте табылмайтын қасiрет емiн.
Iшiнде оянып бiр мұңды сезiм,
Айтады шәкiрттерге алғыс сөзiн.
Қоштасып Бекжан аға қала берген
Қос шәкiрт дарытқандай сабыр, төзiм.
Ойқастап асау кердей заман желi,
Жиырма жыл тағы өтiптi-ау содан берi.
Бiрәлi биiгiнде абыройдың,
Құр кетпей еткен еңбек, төккен терi.
Тұрсынбек емес ол да құралақан,
Бiлгiрi әдебиет ғалым болған.
Сұңқарды Сәкендейiн кiтап қылып,
Шығарған Москвада «ЖЗЛ»-дан.
Сағынып кездескенге қуанысып,
Табысын бiр-бiрiнiң құп алысып.
«Ал ендi не тұрыс бар, тарттық үйге!» –
Тұрсынбек лыпылдайды құрақ ұшып.
Талай сыр сол кеште де шертiледi,
Қимайтын, қуанышы мол күн едi.
Ерекше ерен достар бiр-бiрiне
Дәм-тұзы таусылмайтын жол тiледi.
Бiрекең сомдағандай құз-арманын,
Сол жолдың тағы көрдiк ұзарғанын.
Алладан адал достық даритындай,
Дөйлер-ай дос дегенде үзер жанын.
Әлбетте, әке көрген оқ жонады,
Жас қыран бүркiттейiн қомданады.
«Ассалаумағалейкүм, Тұрсынбек әке!» деген,
Әлихан Бiрәлiұлы, сол болады.
Тойы боп жетпiс жаста Зекен апа,
Тұрсынбек Кәкiшұлы абыз ата,
Әкенiң өнегесiн жалғастырған
Бiрәлi ұрпағына бердi бата.
Айқындап алаш рухын, ақтаңдағын,
Алыптар аялаған атпал дарын,
Тұрсекең – абзал аға тербетiп бiр
Асыл дос Бiрекеңнiң бақты аруағын.
Қазақта қалт айтпайтын мәтелдi бiлген,
Әлихан кереметтi көтердi күлден.
Әулетi Бiрәлiнiң жасай берсiн,
Өлмесiн ешуақытта әкеңдi көрген!

Найзағайлы Нұртазин немесе Бiрәлiнiң аудандық партконференцияда сөйлеген сөзi

Заманның жалаң қаққан сұрқылтайы,
Төбеде ойнақтаған тұрымтайы.
Салиқа салтанатпен өтiп жатқан
Қимада коммунистер құрылтайы.
Жарқылдақ, жалт-жұлт еткен даңғазасы,
Жарамсақ, мақтау-мадақ дабырасы.
«Жасасын Компартия!» деп келедi
Сөзiнде шешендердiң бисмилләсi.
Төрiнде обком хатшы Голубенко,
Қасында райком хатшы Касьяненко.
Қолпаштап қолтығына су бүрiккен
Тiзiлген оң мен солы көп көкжелке.
Жалтақтап қарап қойып солар жаққа,
Лепiртiп көбiк сөздi тасқындата,
Шешендер бiр-бiрiнен асып түскен,
Осынау дәуiр дертiн асқындата.
Кезiнде көбiк тасқын толас тапқан,
Кәстөмi келбетiне бек жарасқан.
Мiнбеге көтерiлдi көркем кiсi,
Найқалмай, жас жiгiтше жылдам басқан.
Жасқанып ешкiмнен де ықпайтындай,
Мойынын иығына тықпайтындай.
Байыпты сабырымен салмақтанып,
Бой тартып мықтылардан бұқпайтындай.
Келбеттi кесек дене ер тұлғалы,
Көрiндi шиыршық атқан серпiн бары.
Асықпай айналаны шолды барлап,
Қимылы қаршығадай қағылез сары.
Ажары бiрте-бiрте қатаңданып,
Салмақты сабырынан сұс танылып,
Жаңылмай сыпайылық рәсiмiнен,
Шегелеп әрбiр сөзiн ұстамды қып.
Саңқылдап сөйлеп кеттi орысшалап,
Жай-күйiн кеңшарының бiр баяндап,
Сөзiнiң бар уытын келе-келе,
Аңдатты тұрғанын да түпке сақтап.
Сiлтiдей залдағы жұрт тынып қалған,
«Ерiм-ай, жарайсың!»деп қыбы қанған.
Семсер сөз ожарлықты осқылаған
Сол күнi көп жүректiң жыры болған.
«Құрметтi құрылтайшы делегаттар,
Жатпасын жасырынып жаманаттар.
Мен – Интернационалистiң нақ өзiмiн,
Ұлтшыл деп түсе алмайды маған ақпар.
Алалап қылдан тайып көрген емен,
Украин, орыс, қазақ, немiсiңнен.
Тағдырым өмiр-тарих соны үйреткен,
Кешегi Отан-соғыс от кештiрген.
Алайда, райкомбюро басшылығы,
Қазаққа қаны қатқан тас қылығы.
Отырса – опақ, тұрса – сопақ қылып,
Түртпектеп, күн көрсетпей асқындырды.
Ысылған қабiлеттi ұлт кадрын,
Беруге қызғанады тұтқалы орын.
Қазақты жек көретiн пасық пиғыл
Басады етегiнен сырттан ұлдың.
Қоздырып қоламтаны дем берушi,
Қазақты басқалардан кем көрушi.
Райкомның ұйыстыру бөлiмiнде,
Симакин, сиықсыздау меңгерушi.
Қазақтың қызметiн күндей қалған,
Кейбiрi тiзiмге де кiрмей қалған.
Осындай бейбастықты Бiрiншiмiз,
Қалайша Касьяненко бiлмей қалған?
Осыны әдiл сынмен саралаймыз,
Қазақты басыну деп бағалаймыз.
Бұл сыннан қорытынды шықпаса егер,
Бiз-дағы кiм де болса қарамаймыз.
Үмiтiн коммунистер неге алдаймыз?
Мұншалық жолсыздыққа көне алмаймыз.
Ендеше, Касьяненко жолдасқа да
Бiрiншi хатшылықты сене алмаймыз.
Жолдас Голубенко, бек бiлерсiз,
Тым қатты менi, бәлкiм, кеттi дерсiз.
Әйтеуiр бұл сөзiмдi Құсайынов
Жолдасқа бұрмаламай жеткiзерсiз».
Осылай шешен сөзi аяқталды,
Демейiк зал да қолын аяп қалды.
Дулатып шапалақты айыз қанып,
Намысын қай-қайдағы оятқан-ды.
Залдағы басым жұрт та қазақ едi,
Қылыққа шовинистiк назалы едi.
Жаңағы қайрақтайын қайтпас сөздер
Жанының түкпiрiнде мазалы едi.
Бәрiнiң қойып жұрген сұрағы едi,
Алдынан әркiмнiң-ақ шығар едi.
Сiлейтiп шовиниске соққы берген
«Ешiмде» ер директор Бiрәлi едi.
Зал толы жұртшылықты дем арасы
Дүр сiлкiп, қалмай тегi дүбәрасы,
Алайды екi көзi Касьяненко
Тұрғандай алдарында дар ағашы.
Аспаннан ашық күнде жай түсiрдi,
Ықтырды Симакиннiң шәйкiсiн де.
Бүрi жоқ Бiрекеңмен айқасуға,
Бұрады Бiрiншiнiң гәйкiсiн де.
Батса да қатты сөздер шымбайына,
Әдiлдiк тауып жүрген ұдайы да,
Асқынып кетер деген қауiппенен
Жығылды Бiрәлiнiң ыңғайына.
Бетсiздер беттесуден тайқап қашты.
Тасада құр шәуiлдеп айтақтасты.
Қазаққа жымысқысын жасауға да
Қимада аяқтарын байқап басты.
Қазақты қиянаттан арашалап,
Берiлген бейпiлдерге дара сабақ.
Осындай, оспадарды осып түсер
Жасынмен қандай бетпақ таласа алад?
Сыйлаймын сондай ерге жыр тәжiмдi,
Көзiме елестетем нұр сағымды.
Кеудесiн кердеңдерге бастырмаған
Жырлаймын найзағайлы Нұртазиндi!

Тайга дастаны
Бiрекең жан-тәнiмен құрылысшы,
Бастайды бiрiнен соң бiрiн iстi.
Көрмеген көбегендер таң қалысқан,
«Ешiмде» бұрын мұндай құбылысты.
Бейiл боп қайрат-күшiн танытуға,
Ашады кiрпiш құяр зауытын да.
Жастарға құрылысшы мамандығын
Құлшынып кiрiседi дарытуға.
Кеңшарда көркейтедi құрылысты,
Шырқалды құрылыстың жыры күштi.
Сәулетiн ауыл-село ғажап етiп,
Кеңiнен өрiстеттi бұл жұмысты.
Мұнымыз бола қоймас оғаш дерек,
Табуға ақиқатты талас керек.
Ескiрмес ережесi, ең алдымен,
Салуға құрылысты ағаш керек.
Есiгi, еденi мен терезесi,
Мәткесi, төбесi мен керегесi.
Ағашсыз үй салғанда iс бiтпейдi,
Тақтайы, сырғауыл мен бөренесi.
Жетем деп қалай ғана ен ағашқа,
Бiрекең ұрды басын тау мен тасқа.
Рұқсатын Москвадан алды барып,
Тынымсыз түсiп жүрiп жанталасқа.
Өлкесi Краснояр Тайгадағы,
Сол жаққа сапар шегiп, сайланады.
Ағашын дайындайтын учаске ашып,
Көңiлi Бiрекемнiң жайланады.
«Ешiмнiң» iшi сөйтiп майланады,
Вагондап ағаш келiп айналады.
Көркемдеп ғимаратын неше түрлi,
Сәулетi дәулетiне сай болады.
Лесхозын Таежныйда ашып алды,
Ағашты вагон-вагон басып алды.
Басқалар қаңқылдайды ағаш сұрап,
Қазындай Бiрекеңнiң асыранды.
Ағашын ағызады Ангарада,
Лықсиды тау-теңiз боп арман алға.
Мұндай сый бұйыратын сирек бақыт
Тек қана Бiрекеңдей заңғарларға.
Телiмi Чадевис деген жерi,
Тайганың қарағайы, емендерi.
Шығандап ұшар басы көкке бойлап,
Сiбiрдiң өлеңдеткен өрендерi.
Батпайтын ит тұмсығы қалың орман,
Тоқтайтын жүрегiнiң түгi бар жан.
Толағай ағаштарды құшақ жетпес
Аралап құлатар тек сырын алған.
Еменi, қарағайы, самырсыны,
Шыдайтын ердiң ерi ауыр сыны.
Осында танылардай темiр төзiм,
Осында сыналардай сабыр шыңы.
Бiрәлi сай тасындай өзi iрiктеп,
Сұрыпты жiгiттерiн алады тек.
Абай Оразалин – бригадир,
Николай, Серiк, Толик, Қуанышбек.
«Ешiмнен» төрт жарым мың шақырымда,
Оппа қар, обыр жазмыш тақымында.
Әр ағаш жалғыз көздi дию-дәудей,
Шыдамас бұған ешбiр батырың да.
Ангара кеткенiнде жазда жүрiп,
Арнаған асау арна аз ба бүлiк?
Астында алып ағаш майып болма,
Бойдағы тасқын күштi аздап iрiк.
Сiбiрлiк ағаш, тақтай – мақтан қылып,
Айына тоғыз вагон аттандырып,
«Ешiмнiң» жiгiттерi Ангарадан
Жатады жерлестерiн шаттандырып.
Бiрекең оқта-текте өзi келiп,
Кетедi жiгiттерге жiгер берiп.
Ондайда өмiр–бұлақ, көңiл–шуақ,
Қалғандай төрт құбыла түгелденiп.
«Жiгiттер, әр нәрсенi бiлу керек,
Өмiрдi әр қырынан көру керек.
Ауылда бос жүргенше, мынау деген
Емес пе романтика бiр керемет!»
Бiрекең деп қайрайды азаматты.
Тайганың тылсым сыры ғажап-ақ-ты.
Сiбiрде алау жақты армандарға
Перзентi өр халықтың қазақ атты.
Тайгамен жалғастырып Сарыарқаны,
Орманды вагондарға сол артады.
Бөрене, ағаш, тақтай сәулет құрап,
Өңiрiн ерке Есiлдiң жаңартады.
Тайгаға терезенi шауып берген,
Ерлiгiн сол заманғы нарық дер ме ең?
Арманын самғатуға туған елдiң
Орманын Сiбiрдiң де алып келген.
Арқаның самалымен аймаласқан,
Жайнады ауыл-село, жайнады аспан.
Бiрекең бедерлеген туған жерге
Осындай шертедi сыр Тайга-дастан.

Қарақойын
«Ешiмнiң» малы да көп бағыстағы,
Мыңғырған төрт түлiгi қалыспады.
Ұлытау, ұлы дала, сары сағым,
Жайлауы Қарақойын алыстағы.
Алыс жер неше күндiк мал айдаса,
Әйтпесе, айшылық жол жаяуласа.
Үп еткен самалына құлағың тос,
Шырылы шегiрткенiң баяуласа.
Бұл жерлер полигонның маңайында,
Мемлекет меншiгiнiң орайында.
Айтпасқа мың алғысты амал да жоқ,
Қарасқан қазақ деген ағайынға.
«Ешiмнiң» малы көп те, өрiсi тар,
Қаншама қыруар танап егiсi бар.
Әр жазда Қарақойын тыныс берер,
Әркiм-ақ малын айдап келгiсi бар.
Бiрекең алады ғой қалағанын,
Шырқатып сар далада салады әнiн.
Жер қара, күн жылыда қарбаласып,
Айдайды үш мың тұяқ қара малын.
Қойнында Қарақойын жайлатады,
Қоң алып, малын күйлеп сайлатады.
Әкелiп шөпшiлерiн, пiшен шауып,
Алдағы қыс қамын да ойлатады.
Алабы Қарақойын жатар шұбап,
Сарыкөл, Қонақай көл, Бақалы бұлақ.
Бiр жақта жайлап аққан Қыпшақ өзен,
Құлындай кей тұсында құлдыраңдап.
Жайлауын әр малшының бөлiп берген,
Шұрайын мамандары келiп көрген.
Жайылым, шабындығы бөлек-бөлек,
Бар құтын Қарақойын төгiп берген.
Айдатқан бес күн бұрын қара малдан,
Отыз бас жоғалды деп хабар алған.
Су құйып жiбергендей суық сөзден
Жүрегi Бiрәлiнiң жараланған.
Белгiлi жүретiнi ұры-қары,
Шiркiн-ай, бұған ендi кiм кiнәлi,
Күйедi кiмнiң жаны, кiмнiң ары –
Соны ойлап толғанады ер Бiрәлi.
Бiреулер ақыл салды қасындағы:
Айтайық милицияға осындағы.
Амалы құрып әттең тұрса-дағы,
Бiрәлi бұл пiкiрге қосылмады:
«Мәлiм ғой талай малдың жоғалғаны,
Бiрiн де милиция таба алмады.
Ұстаймыз бұл ұрыны бiз өзiмiз,
Құдайдың таймасын тек берген бағы.
«Ешiмде» мылтығы бар түгел келсiн,
Iшiнде жарты сағат әзiрленсiн.
Алынсын артық бензин, керек-жарақ,
Завгар он мәшине дереу берсiн».
Жоғалтпай бiр минутты артық тiптi,
Қолма-қол Қарақойынға тартып кеттi.
Басқарып бұл жорықты Бiрәлi өзi,
Бәрiне рациядан жарлық төктi.
Бередi жiгiттерге бағыт-бағдар,
Бөледi мәшинеге басшы сардар.
Тұп-тура әскердегi тәртiппенен
Құрады алғын, шолғын, торуылдар.
Сай-сала, ойпаң-жыра, кезiп бәрiн,
Табиғат қолдан құйған қорықтарын.
Екiншi күн дегенде бiр көгалда
Түйiндеп тұжырады жорықтарын.
Бiрәлi жекедара кезген едi,
Бiр сәтте жағдай шұғыл өзгередi.
Ас қамдап айдалада, шай қайнатқан
Төбедей төрт жiгiтке кез келедi.
Жайылған анадайда көрдi малды,
Ен-таңба малында да белгi бар-ды.
Басылып көзiне оттай, жiгiттерге
«Тез жет!» деп рациямен хабар салды.
Жан-жақтан он мәшине қоршап алды,
Кезенiп мылтықтарын тұра қалды.
Тапжылтпай табан асты қысып сұрап,
Үрпитiп ұрыларды ұстап алды.
Және тұр тракторы вагонымен,
Жүретiн көзге түспей қамағымен.
Ұрылар қан қақсатқан қанша жұртты
Осындай айла асырып амалымен.
Содырлар сорған елдi лаңды қылып,
Соларға ер Бiрәлi салды құрық.
Ұрлық та осыдан соң сап тыйылып,
Алғысын тамам елдiң алды жиып.
Әкеткен қолды қылып тап iңiрде,
Жүз отыз мал жоғалып тағы бiрде,
Таба алмай үш күн iздеп дал болғасын
Амалсыз айтады елi Бiрәлiге.
Бiрәлi бата тiлеп бар халықтан,
Самолет алдырады Арқалықтан.
Аулынан Амантоғай малын тауып,
Тағы да тамам елiн таңырқатқан.
Бiрекең ұнатпайды өктегендi,
Дегендi аққа қара жек көредi.
Жаны қас жатып iшер жанбағыспен,
Сұм менен сұмырайға кектенедi.
Қолында қатты тиер бар қамшысы,
Бiрәлi бейбiт күннiң барлаушысы.
Жоламай ұры-қары маңайына,
Аяғын тартып басты алдамшысы.

Еркiн Әуелбеков
Бiр күнi Алматыдан жедел бекiп,
Торғайға келдi Еркiн Әуелбеков.
Көкшеден самғап ұшқан сұңқарым-ай,
Көрмеген зеңгiр көгiн төмендетiп.
Еркiн ғой ежелден-ақ сүйiктi елге,
Лайық ер заңғардағы биiк төрге.
Халқы мәз көтерер деп қалай дағы
Торғайды талай-талай биiктерге.
Қайран ер ол сенiмдi ақтады ғой,
Рахатын өзi бiрақ таппады ғой,
Ебiде ескен желдей Еркiнiм деп,
Есiмiн есiнде елi сақтады ғой.
Салса да қыран етiп әр қияға,
Жампозым жақпай қойған партияға.
Тәуелсiз елiнде де талқылы боп,
Ақыры жұмды-ау көзiн қапияда.
Өмiрде оттай жанып лапылдаған,
Қырандай самғап биiк саңқылдаған.
Жүргенде бiр көруге ынтызар боп,
Торғайдың жайды құшақ халқы да оған.
Еркiн де, Бiрәлi де жұлдыз таққан,
Елiне екi батыр, екi мақтан.
Тiрлiкте екi жақсы сыйласқанын
Аңыз қып айтады жұрт көрген-баққан.
Құдайым қалай ғана шебер едi,
Соңынан жақсылардың сөз ередi.
Көре алмай Бiрәлiге қонған бақты
Кейбiреу көзi тұздай көгередi.
Сыртынан сөз таратып жамандайды,
Сыпсыңдап өсек таңып амалдайды.
Өзгенi менсiнбейдi деп қояды,
Басқа мiн мысы құрып таба алмайды.
Ер ме едi Ерекең де сөзге еретiн,
Қыран ғой құбылысты тез көретiн.
Қағида тектiлiгi тумысынан,
Құбылма мiнезi жоқ өзгеретiн.
Бiлетiн Бiрәлiнi дабысынан,
Ер емес ешкiмнен де сағы сынған.
Шәуiлiн кандендердiң елең қылмай,
Танбаған Құлагердей шабысынан.
Сыртынан атағына қанық едi,
Сүйсiнiп игi iсiне қалып едi.
Зерделеп Бiрәлiнi тереңiрек,
Пайымдап парасатын танып едi.
«Ешiмде» еңселенген безбендердi,
Одан соң өзi барып көзбен көрдi.
Мырс етiп миығынан қоя салған,
Елемей езулетiп езгендердi.
Риза боп атқарылған жұмысына,
Кеңшардың түрдi құлақ тынысына.
Орнатқан жерде жұмақ Бiрекеңдi
Балайды бар ауданның ырысына.
Ақсақал Қимадағы дана құтып,
Жоспарын кең толғаған алады құп.
Өрелi әңгiменi өрiп айтқан
Сыйлайды Бiрәлiнi аға тұтып.
Салмаған «Ешiмде» бұл құрылысы жоқ,
Ғажайып iстемеген жұмысы жоқ.
Тұрады аудан тұрмақ, обылысқа
Толайым жақсылығы жұғысты боп.
Мұнысын көрмесе тек соқыр көрмес,
Жөн iске бетпақ қана бетiн бермес.
Батырын барақ итке талататын,
Ерлерiн елемейтiн Еркiн емес.
Осылай атқара бер бар iстi деп,
Ерекең кеттi жөнеп табыс тiлеп.
Тұз жалап, күйiп iшi қала бердi
Көрмейтiн көрсоқырлар алысты көп.
Қазақтың екi бiрдей ер батыры,
Күншiлдер күйкiсiнен алда тұрды.
Жарасып жаныменен, арыменен,
Алдағы абат күндi арман қылды.
Ойланды, бәлкiм, әлде, ойланбады,
Шабақтай шошаң етiп қайраңдағы,
Қиманың бiр басшысы айтып қалған
Көпшiлiк кесiр сөзге қайран қалды.
Басқарып Әуелбеков тiзгiн қаққан,
Обкомның бюросы едi жүрiп жатқан.
Әлгi сөз қабағына қондырды бұлт,
Артынан андағайлап зiлi батпан.
«Нұртазин Ешiмдегi кеттi керден,
Артықпын деп санайды өзiн елден.
Менiңше, директорды менменсiген
Шығарып пенсияға жiберген жөн!»
Көтерiп алды басын Еркiн сонда,
Жарқылдап жасын оты жанарында,
Саңқылдап сөйлеп кеттi, сәл ойланып,
Басшыға барлап бiраз қадалды да:
«Жолдастар, адам бiзде басты байлық,
Байлықты шашып-төгiп сарп қылмайық.
Жұртыңа жақсы кадр құт емес пе,
Болмайды ол көрiнгенге сулық-майлық.
Бiрәлi облыстағы ардақты адам,
Аудан тұрыпты ғой, елге мақтан.
Ерiңе ерек туған ит қосатын
Баяғы қалмай қойған әдет жаман.
Бiрәлi – барымыз да, нарымыз да.
Жақсымыз аспанда емес, жанымызда.
Асылды Бiрекеңдей сақтамасақ,
Сын болар бәрiмiздiң арымызға.
Көбiрек сол асылға бармайсың ба,
Үлгi қып өнегесiн алмайсың ба,
Тұлпардың тектi мiнез тiлiн тауып,
Еңiстен төске өрлетiп салмайсың ба!?
Тартпаңдар кежегеден, көштi кейiн.
Несiне жөн бiлместi естi дейiн?
Қорлайтын Бiрәлiнi қораш сөздi
Қайтып мен кiм-кiмнен де естiмейiн!»
Еркiн ер iреп сойып сақ еткiздi,
От шашып көздерiнен жарқ еткiздi.
Пышақпен кескендей қып тыйды осылай
Күлбiлте, қуыс кеуде, көлтек сөздi.
Жал-құйрық, қанат берген серпiлерге,
Риза Бiрәлi де Еркiн ерге.
Сондай-ды серке туған серек шыңдар
Лайықты қазағымның көркi дерге!
* * *
Басынан өттi дәурен, Құлагер күн.
Қимаға Атбасардан құлап еркiн,
Өзi де назалы бiр күй кешкендей,
«Ешiмге» аттың басын бұрады Еркiн.
Жеткен-дi тiрлiкте де қадiрiне,
Тәу еттi Бiрәлiнiң қабiрiне.
Арыстан асып белден кеткеннен соң
Елдiң де келмей қалған сәнi мүлде.
Еркiн ер әз ағамен сырласқандай,
Асылдың аруағымен мұңдасқандай,
Кiрпiшiн мазарының сипай берген
Рухымен Бiрәлiнiң жалғасқандай.
Мақамын Құран-кәрiм тыңдай бердi,
Жүрегi Бiрекем деп жырлай бердi.
Еркiннен Әуелбеков қалған бiр сөз:
Болмайды марқұм деуге мұндай ердi!

Бышовец, Стрельцов, Әбiлсейiт Айханов һәм спорттың досы Бiрәлi
Қиманы өрлетуге жанды салған,
Райкомның бiрiншiсi Ғабдысалам,
(Ғабдысалам Доскейұлы Жоламанов – Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы)
Саласын әлеуметтiк өркендетiп,
Халқынан қуанарлық алғыс алған.
Көп жайды Бiрекеңмен кеңеседi,
Ауданның айдарынан жел еседi.
Көркейiп өнер-думан, ойын-сауық,
Дәулет пен сәулетi де тең өседi.
Ғабекең Бiрәлiнi алға салып,
Жүредi ауданына олжа салып.
Iнiлер сыйлағанға iзет қылып,
Қалады Бiрекең де бiр жасарып.
Ағаға қандай ғана сын тағасың?
Ағадан қандай ғана мiн табасың?!
Еңбектi ұштастырған демалыспен,
Қояды спорт десе iшкен асын.
Мазмұнды, мәндi қылып демалысын,
«Ешiмде» өткiзедi сан жарысын.
Спортзал саңғыратып салып берген,
Дегендей жас мұраты оңғарылсын.
Арманның сан тиегiн ағытады,
Спортты кеңшардағы дамытады.
Арнайы ақы төлеп, адам ұстап,
Жiгерiн балғын жастың жанытады.
Ғажабын бiлмек болсаң мынаны аңғар:
Мектебi музыкалық және де бар.
Кешенi Мәдениет Сарайының
Жастардың жан-жүрегiн бағындырар.
Бiрекең спорт десе жан бередi,
Спорттың жұлдыздарын хан көредi.
Футболы, палуан күрес, волейболы –
Ерекше бәрiне де мән бередi.
Елiгiп, елегiзiп футбол десе,
Қозады делебесi әсiресе.
Спортқа қатыстының барлығын да
Алдырар болса дағы бәсi неше.
Ұмтылып заманға сай жаңалыққа,
Көз ашық, көкiрек ояу даналыққа,
Танытып әрбiр жерде дегдарлығын
Бастайды бар ұжымын саралыққа.
Футболдың сол кездегi дүр ағасы,
Советтер Одағының құрамасы.
«Есiлдiң» кеңшарында ойнады ойын,
Жолдастық кездесу боп сыбағасы.
«Бышовец футболдың бiр белесi» деп,
«Орыстың Стрельцов Пелесi» деп,
Бiрекең таң қалдырып тамам жұртты,
Саңқылдап сол арада сөйлесiн кеп.
Футболдың әлем сүйген ардақтары,
Бышовец, Стрельцовтай саңлақтары,
Мақтауы Бiрекеңнiң жанға жағып,
Шаттанды зеңгiр көкке самғап бәрi.
Спорттың досы болған Бiрәлiнi,
Тағы да қазағымның бiр алыбы,
Айханов Әбiлсейiт ардақ тұтып,
Сұңғыла сұлу жанын ұға бiлдi.
Бас болып Ғабдысалам ел басшысы,
Қимада палуан күрес, ат жарысы,
Қыз қуу, көкпар тартпақ, теңге алыспақ,
Өткiзiп ұлт ойынын жан салысты.
Ауқымы мерекенiң байқалыпты,
Арқалық, Жақсы, Қима жайқалыпты.
Құрметтi қонағы қып думан-тойдың
Шақырған Әбiлсейiт Айхановты.
Қазақта күш атасы Қажымұқан,
Беттемей белдескеннiң бәрi бұққан.
Алаштың бас палуаны Әбiлсейiт
Орыстың Медведьтей нарын жыққан.
Сыйынған Қажекеңнiң аруағына,
Зордан зор Әбiлсейiт салмағы да.
Келгенi Айхановтың бiр мереке
Мұндағы күрес сүйген бар қауымға.
Төгедi Бiрәлi де жан жарығын,
Спортта Айхановтай самғады кiм?!
Бәрi де лайық көрген Бiрекеңдi
Қазақтың қарсы алуға палуан ұлын.
Бiрекең көп iшiнде дара-сынды,
Көркiне ақылы сай жарасымды.
Сәнi де болмайды ғой мерекенiң
Қоспаса бiр асылға бiр асылды.
Қарсылап Әбiлсейiт палуан дүрдi,
Айтады әңгiмесiн алуан түрлi.
Таңданып Бiрекеңнiң тарихына,
Тамсанып ғажабына тарлан тұрды.
Сабантой ерке Есiлдiң жағасында,
Киiз үй, қымыз толы сабасында.
Ошақта қазан асқан, алтыбақан,
Рахатты бұдан асқан табасың ба?
Құйқылжып ән мен күйi әуелеген,
Қара көз қарақаты мәуелеген.
Намысын жiгiттердiң қайрайтындай,
Дегендей: тартынасың, қане, неден?
Алапта түрлi дода, алуан жарыс,
Бастысы бәйге менен палуан жарыс,
Жүлдесi абсолюттiк Айхановтың,
Осыны қолдан бермеу болды намыс.
Бiрәлi, Ғабдысалам – ортасында,
Төрде отыр төрешiлер алқасы да.
Айханов айдай толып тiл қатады,
Ұқсаған Ұлытаудың нар тасына:
«Кеудеде намыс болса – жеңбейтiн кiм?
Намысқа мен де тыным бермейтiнмiн.
Айханов атындағы бас жүлденi
Қаракөз жеңiп алар көрмей тұрмын».
Iштегi өзiнiң де тапқан ойын,
Бұл сөзге Бiрәлi де бұрды мойын.
«Күрессiн, дедi, Сағат, сол күрессе,
(Сағат Рамазанов – сол тұстағы Қима механикалан ды рылған жыл - жымалы колоннасының бастығы.)
Көркейiп жүре берер думан тойың»
Намысты жiгiттердiң бiрi Сағат,
Ойын-той, мәжiлiстiң гүлi Сағат.
Бура сан, бұлшық етi бiлеу-бiлеу,
Сен тұр, мен атайынның дүрi Сағат.
Сағат та сескенетiн емес едi.
Бiрақ ол кiлемдегi төрешi едi.
Қонаққа құрақ ұшып қызмет қылған,
Ешкiмге болмаса да берешегi.
Сағатты шақырып ап Ғабдысалам:
«Бiрағаң күрессiн деп отыр саған.
Бiреуге ысқырықты тапсырып тез,
Бас жүлде жеңiп алғын бұл додадан!»
Бiрағам айтса – болды, дедi-дағы,
Сайысқа кiрдi Сағат келдi-дағы.
Намысқа қазағым деп тырысқанда,
Сондайда жанады ғой ердiң бағы.
Қамшы боп қайрағаны Бiрекеңнiң,
Жылдам-ақ алып ұрды бiр-екеуiн.
Бес-алты белдесуде бетi қайтпай,
Жеңiске жеткен ердi жыр етемiн.
Жүлдесiн Айхановтың алды Сағат,
Бас иiп Бiрекеңе барды Сағат.
Бiрекең құшаққа алып сүйгенiнде
Бiр елi көкке жетпей қалды Сағат.
Бiрекең өзi де бiр орман едi,
Арманды үмiттерге жалғап едi.
Талапты жiгiттердiң бәрiне де
Қол созған қыдырдайын қорған едi.
Осындай болады ғой ер данасы,
Солардың iшiндегi таңдамасы.
Батасын Әбiлсейiт Айхановқа
Берген-дi Бiрекеңдей ел ағасы.

Аймұхамбет
Бейнет те, бақытың да құдай iсi,
Түк емес құдiреттен былайғысы.
Өзегiн өртеп мәңгi өткенi арман
Iшiнде Бiрекеңнiң бiр қайғысы.
Жапырақ жаңа ғана жайған көктеп,
Жанқұса запыраны – Аймұхамбет.
Қиылған қыршындай жас ұлды ойласа,
Iшкен – у, жеген – желiм, ойы – кермек.
Таралып өскен едi өрiмдей боп,
Жайлаудың жаны жарқын төрiндей боп,
Зәйнидей анасын да аһ ұрғызған
Өмiрлiк өкiнiшi жегiдей жеп.
Жайнаған Аймұхамбет көктем едi,
Мүшел жас жиырма беске жеткен едi.
Кiшкентай Айгүл-тайын еркелетiп,
Әкелiк махаббатын шектемедi.
Сатыдан институт өткен едi,
Агроном болып еңбек еткен едi.
Бiрекең жеңгейменен демалысқа
Карловы Вары жаққа кеткен едi.
Ауданнан комиссия келген екен,
Кеңшардың жер жағдайын көрген екен.
Есiлдiң аңғарында жолбасшы боп,
Соларға Аймұхамбет ерген екен.
Сол жазда тұрғандай-ақ суға тартып,
Сұрланған қап-қараңғы түн мұнартып.
Есiлде жарқабақтан аударылған
Мәшине тереңiне кеттi батып.
Жар шетiн шөп екен деп аңдамаған,
Жалт етiп кете барды жалған-арман.
Талайы маңдайдағы солай болды,
Тағдырын адам өзi таңдамаған.
Төртеуi бес адамның тал қармады,
Әйтеуiр аман қалды, аңғармады.
Аликтi ажал-қармақ iлiктiрiп,
(Аймұхамбетті Алик деп атаған.)
Тұншығып тұңғиықта арман қалды.
Таңертең бұл хабарды жұрт бiлгесiн,
Күрсiнiп күңiрендi бүкiл Ешiм.
Аяулы Аймұхамбет жоқ деп ендi,
«Ешiмнiң» күллi халқы еңiресiн!
Жеделхат Бiрекеңе хабар салған,
Қабдыраш күтiп алды Көкшетаудан.
(Қабдыраш Қалиев – Бірəлінің шопыры)
Теңселiп ауыр қайғы азабымен,
Сөгiлiп ми қатпары зiл мұнардан.
Қасында аңыраған Зәйни ана,
Қайғысы қандай қатты қайран бала!
Елестеп көз алдына Алигiнiң
Еркелеп тұратыны жайраң қаға.
Қайтсiн-ай, Зәйни ана көп қайғырды,
Күйдiрiп ет жүрегiн шоқтай қылды.
Қуарып ақ дидары, шашы түсiп,
Өмiрдiң өзге мәнiн жоқтай қылды.
Құдайдың салғанына шара бар ма,
Қайғысы жүк болғандай қара нарға.
Сабырын сақтаған ер Бiрәлi едi,
Амандық тiлеп басқа балаларға.
Қайғыны ел де бiрге көтерiстi,
Тойтарып тағдыр салған төтен iстi.
Болғанға болаттай боп Бiрекең де,
Басынан әркiмнiң-ақ өтер iстi.
Қайғыны қиып түсер алмас едi,
Орыны өндiр ұлдың толмас едi.
Көтермей қасiреттi шөгер болса,
Бiрәлi Бiрәлi де болмас едi!
Жұбатты Зекендейiн жан қосағын,
Түн қатты күзетумен талма шағын.
Өмiрлiк өкiнiш боп Аймұхамбет,
Ұстатпай ұшты алдынан арман-сағым!

Бiрәлi мен Рысты Сариева
(Рысты Сариева – сол тұстағы Қима аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы.)

Деп жүрген халқым үшiн жаным пида,
Ер қызы қазағымның Сариева.
Рысты Халесқызы – самғап ұшқан
Жасынан талай биiк шың-қияға.
Ұрпағы Сырым батыр Датұлының,
Сiңлiсi Мәншүк, Әлия батырының.
Торғайда талай дастан толғады жыр
Танытып алғырлығын ақылының.
Толғанам Рысты қызға қараймын да,
Дарыған нұр-қасиет қалай мұнда?!
Жалынын,
Жан-жүрегiн жарқылдаған
Асыл тек киесiне балаймын да.
Ұйытып айналдырған ұлтқа бiздi,
Танытқан талай-талай жұртқа бiздi,
Ойлаймын Айпарадай аналарды,
Сағынам ақыл кенi Құртқа қызды.
Осындай Рысты қыздың тектiлiгiн,
Алмастай қиып түсер өткiрлiгiн,
Арудың ажарына ақылы сай,
Елдi де басқаруға ептiлiгiн.
Бұлтартпай Бiрәлi аға бiлдi танып,
Бұл қызым от екен-ау тұрған жанып.
Дариға, дәл осындай өндiр жастан
Өссешi ұл мен қызым өнеге алып.
Жұмысын үркiткенде бұла күшпен,
Сүйсiнiп Бiрекең де тұрады iштен.
Ағаның тiлектестiк ақ көңiлi
Керемет құйылады нұр ағыспен.
Көзiнiң iзгiлiк тұнған ұшқынында,
Кiсiлiк қасиет тұрған ұстынында,
Ең алғаш кездескенi Бiрекеңмен
Есiнде қалып едi Рыстының да.
Өр мақсат көкке өрлеген жолдарымен,
Есiнде Қимада кең залға кiрген.
Сыртымен сезiп едi сұқтанғанын
Соңынан сумақай көз сонда кiлең.
Алдында аймаңдайлы аппақ арман,
Артына жай түсiре жалт қараған.
Қисайып қалған сонда көп бастарға
Көзiнiң өртiн төгiп, шоқ қадаған.
Жанарға нажағайлы жасын шоқтай,
Жалғыз бас қисаймаған басылды оттай.
Сырбаз да салиқалы қалпыменен
Отырған түп-түзу боп атқан оқтай.
Маңқиған маңғаз келбет, шалқақ кеуде,
Нар тұлға, жарасқандай тұрпатты ерге.
Күйкентай пенделерден биiк тұрған
Лайықты қарындасқа аға дерге.
Рыстының сол ағасы Бiрәлi едi,
Әрдайым ағалығын қылар едi,
«Ләббай» деп iлтифат қып тұрар едi,
Бiр-бiрiн жарты сөзден ұғар едi.
Рысты мен Бiрәлi аға талапты ұғып,
Көз көрмес, тiнi жiбек одақ құрып,
Қиманы өрге тартып сүйрегенiн
Айтады бiлетiндер сабақ қылып.
Басқадан Бiрекеңде сана биiк,
Әз аға аудандағы дара биiк.
Саңқылдап салиқалы сөзiн айтса,
Ел түгел құлақ түрiп, қалады ұйып.
Рыстыға: «Айналайын, қызым!» дейдi,
Дәнекер арадағы үзiлмейдi.
Қиманы көкке өрлеткен әке мен қыз
Баяғы даналардың көзiндей-дi.

Ақмола
Асуы Бiрекеңнiң жастарға сын.
«Ешiмдi» жиырма бiр жыл басқарғасын,
Шығады абыроймен пенсияға,
Ұқсап-ақ өмiр жолы дастанға шын.
Қоштасу халқына да ауыр болып,
Бiр өзi бүтiн дүние дәуiр болып,
Құрметтеп шығарады пенсияға
Қимада облыс, аудан, ауыл болып.
Облысы бұл кездегi Ақмолада,
Бiрекең мұнда дағы жеке-дара,
Толағай Торғайымнан қалған тұяқ,
Бәйгеден күнде келген жалғыз қара.
Торғайдың қайта-қайта күнi батқан,
Бiр ашып, бiрде жауып, ыдыратқан.
Қазақтың қаймақтары тұнған жерге
Қашан да үкiметтiң зiлi батпан.
Айтысып кiммен ендi опа таппақ?
Жетпiске жасы дағы қалған тақап.
Қайтсе де ары таза Бiрекеңнiң
Елiне еңсе тiктеп, болған атақ.
«Ешiмi» болса дағы алтын бесiк,
Бұйдалы танадайын мұрны тесiк,
Билiгi қолдан-қолға ауысқан соң
Бiрекең Ақмолаға келдi көшiп.
Қор қылмай жамандарға алтын басын,
Талқыда төмендетпей нар тұлғасын,
Алыстан сыйласқанды абзал көрiп,
Бұрады Ақмолаға аттың басын.
Десе де елдi қайтiп қия алады,
Нар басы тарға қалай сыя алады?
Төрiнен Ақмоланың ойып тұрып,
Андрей Брауннан үй алады.
(Андрей Браун – сол тұстағы Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Ақмола облы сының əкімі.)
Ақмола – Арқадағы жер кiндiгi,
Көгiнде көтерiлген ел түндiгi.
Куәсi талай-талай естелiктiң,
Бар едi Бiрекеңе төркiндiгi.
Ақмола Бiрекеңе нұрлы қала,
Жүрегiн аялаған жырлы қала.
Ерекше киесi бар ежелден-ақ,
Тарихтың тұғырындай сырлы қала.
Көшеде кездеседi таныстар да,
Бiледi Бiрекеңдi алыстар да.
Аңысын заманның да аңғарғандай
Әрқилы әңгiмеге барысқанда.
Бiрекең сырын ашты Абай-жанға,
(Андрей Браун – сол тұстағы Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Ақмола облы сының əкімі.)
Бiлмеймiн бара жатыр заман қайда?
Бiр ғана бiлетiнiм: жұмыс iстеп,
Табады ебiн тапқан адам пайда.
Сыр ашып осылайша толғанады,
Кешiкпей тосын iстi қолға алады.
Барғанда Украинаға көрген екен,
Қышадан түсер пайда мол болады.
Елдегi Келденге де хабар салды,
(Абай, Келден, Болат, Жанат – Бірекеңнің күйеу балалары.)
Жарамсыз деген үйдi жалдап алды.
Жөндетiп, жабдық-жарақ орнаттырып,
Жайнатты жапсырма мен жарнамаңды.
Жарғысын серiктестiк дайындады,
Әкесi Нұртазаның атын алды.
Банктен несиенi жеделдетiп,
Кавказдан жеткiзедi құтыларды.
Ескi көз пайдаланып танысты да,
Мол қамтып жақынды да, алысты да,
Ұятқа қалмайын деп ел алдында,
Қайрайды қайрат, жiгер, намысты да.
Қарттықта қайрат тағы сыналады,
Қышаны заводской шығарады.
«Нұртаза ЖШС» деп айдар тағып,
Құтымен жөнелткендi құп алады.
Бiрекең бес жыл бойы дүрiлдеттi,
Қышасы ұрым менен қырым кеттi.
Ресейде тауарына сұрау салып,
Елiнде Қазақстан шұғыл өттi.
Сiбiрге жолы түсiп барды Сағат,
Сапары аяқталып қалды Сағат.
Дүкеннен соңғы жәшiк «Нұртазаны»
Ескерткiш базарлыққа алды Сағат.
Бұйымы табылғанда бар ғаламнан,
Бiрекең Сiбiрдi де жаулап алған.
Сол Сағат әлi күнге жыр қып айтар
Сондағы базарлығын таңдап алған.
Ақмола ақырғы әнi Бiрекеңнiң,
Аруағын әлi талай жыр етермiн.
Астана атына оның көше берсе,
Жырыммен сол көшенi гүл етермiн.
Ақырғы сапар
«Ешiмде» тойлап келдi жетпiс жасын,
Елiнiң көрiп келдi ықыласын.
Нұралы досы бастап асаба боп,
Мерейi өсiп келдi, көңiл тасқын.
Бәрi де, барлығы да жақсы-ақ едi,
Арманы әлi дағы асқақ едi.
Қажымай қарт та болса, қыбыр-қыбыр,
Бөлек бiр тiршiлiгiн бастап едi.
Жазмыштың жолы басқа әттең бiрақ,
Жетпiс үш мүшелiнде сөндi шырақ.
Жабысқан кеселдi дерт жеттi түпке,
Адыра қалды мұрат, семдi шуақ.
Тiрлiкте көппен жүрген, топқа кiрген,
Алаштың бiр арысы өттi өмiрден.
Тағдырмен тайталасып жарып шыққан
Тар жолдан, тайғақ кешу өткелiнен.
Танытты қайсарлығын қайтарда да,
Ақырғы аманатын айтарда да.
Есiлдiң жағасында, бейiтiнде,
Ерiм деп есiп желi айтар дала.
Күйзелтiп, күңiрентiп халықты, елдi,
Сүйегiн «Ешiмiне» алып келдi.
Салмағын тiрлiктегi қадiрiнiң
Қайысқан қабiр басы танып көрдi.
Кеттiң деп тастап қайда бiздi тегiс,
Егiлдi «Ешiмдегi» орыс, немiс.
Халқының махаббатын iлген қыран,
Қайран ер жатты-ау сұлық тартып көгiс.
Ғапыл қап, iште кеткен шерi бардай,
Қамалып алынбаған терi бардай.
Қабағы болар-болмас түйiлгендей,
Сәулесiн жарық дүние сағынардай.
Торғайдан, Қостанайдан, Ақмоладан,
Басқа да көп ауылдан, көп қаладан.
Ақырғы сапарына Бiрекеңдi
Нөпiр жұрт күңiренiп аттандырған.
Сөз емес, соңында көп iс қалдырған,
Ғажайып өмiрде өрнек iз қалдырған
Бола ма марқұм деуге мұндай жанды,
Бетке алып жарық күндi ұшқан қыран!!
Айтқан-ды ұлы дана Абай дағы,
Болмайды өлдi деуге қалай-дағы.
Осындай тұжырымға келiп халқы,
Жұбанып, жүзiнен нұр арайлады.
Ең ұлы ескерткiшi – елi қалды,
Сарыарқа, Абылай асқан белi қалды.
Қолынан өзi орнатқан «Ешiмi» мен
Есiлде гүлжазира жерi қалды.
Қимайтын Қимасы мен Жақсы қалды,
Құдайдан ендi қандай бақ сұрар-ды?
Қалдырды тәрбие мен тағлым берiп,
Артында талай жайсаң, жақсыларды.
Елiне мақтан тұтар мұра қалды,
Сай-сала киесiне тұна қалды.
Есiлiм ендi қашан туғызады
Қас батыр Бiрекемдей ұлы адамды?!
Соңында қайсар намыс қияқ қалды,
Аппақ ар, мөлдiреген ұят қалды.
Әкеден алған туды асқақтатар
Өндiр жас Әлихандай тұяқ қалды.
Мазарың мәңгiлiктен күй ақтарды,
Қазағың қасиетiңнен сый ап қалды.
Рухың ту биiктен назар салып,
Есiлдi қорып тұрған сияқтанды.
Бiрекем, өмiр-сапар аяқталды,
Дастаным межесiне таяп қалды,
Менi де аруағыңмен алқай бершi,
Демегiн жырын Қорған аяп қалды!

Бiрәлiнi аңсау
Заңынан қисса жырдың бұлжымастан,
Заманын Бiрекемнiң қылдым дастан.
Баяны он дастанға азық болар,
Алашта асып туған бiр арыстан.
Табылар дастаныма сыншылар да,
Тайсалсаң сыншылардан жыр шығарма!
Жырыма әдiл қазы Алла, құдай,
Жараным, жалпақ елiм, бiлсiн ол да.
Бiрекем өткенiне он жыл өттi,
Он емес, оннан дағы мол жыл өттi.
Еңбегiн есiл ердiң желге ұшырған
Ессiздiк, еренсiздiк – сол жүдеттi.
Мұңымды өлеңiме көшiремiн.
Қайталап айта берем несiн оның?
Тербеткен Бiрекеңнiң бесiгi едiң,
Нендей күй кештiң, ойһой, Ешiм-елiм!
Есiлдiң есiп ерке нұр самалы,
Шарқ ұрып шағаладай үн салады,
Тiршiлiк толқынына тұншыққандай,
Рухына Бiрекеңнiң мұң шағады.
Аңсайды Бiрекесiн Ешiм елi,
Самалы сағыныштың есiледi.
Ерiне сел ықылас сарқылмайды –
Елiне тауып берген несiбенi.
Жөңкiлтiп махаббаттың нұр ағынын,
Ерiнiң еске алады бұла күнiн.
«Ешiмнiң» азаматы ту көтердi
Ауылы боламыз деп Бiрәлiнiң.
Болса деп Бiрекеңдей ер данасы,
Аңсайды қазағымның кең даласы.
Өмiрге өрен керек тұлпар шыққан,
Өрлейтiн оза шауып өрде басы.
Аңсайды нарқасқасын қазақ елi,
Заманы ондай ердiң жаңа келдi.
Дариға, құдiретпен қайта туса,
Бұл заман Бiрекеңнiң заманы едi.
Аңсайды Бiрекеңнiң үлгiлерiн,
Ақ пейiл, асыл тегiн, сом жүрегiн.
Қадiрiн халық солай бiлгенiне
Шым етiп ет жүрегiм, елжiредiм.
Аңсайды Бiрекеңнiң өнегесiн,
Кең етер кiм бар солай керегесiн?
Өтсе де қанша уақыт
Қазағыма
Керек ер, керек тұлға, керек есiм!
Аңсайды Бiрекеңдi және жары,
Өрбiген, өсiп-өнген балалары.
Әдиша, Бәдиша мен Роза, Бақыт,
Сарғайып сағынышпен саналары.
Аңсайды Әлихандай өндiр тұяқ,
Асылдың сынығындай өткiр қияқ.
Әкенiң өнегесiн жалғастырып,
Келтiрмей келе жатыр аруаққа ұят.
Әкенiң күн-кеудесiн тiк көтердi,
Намысын, абыройын нық көтердi.
Бiрекең өлмегенi сол емес пе,
Әлихан алып таудай жүк көтердi.
Аялап шаңырақты Сәуле келiн,
Келтiрер жар керегiн, жан керегiн.
«Ешiмде» құлын-тайдай өскен бiрге,
Табады жөн-жосығын әрнеменiң.
Аңсайды немерелер, шөберелер,
Туашақ болар әлi неменелер.
Әулетi әр заманға сәулет берiп,
Ұрпақтан ұрпаққа озып келе берер.
Бiрекең өлмегенi сол емес пе,
Үмiтi болашақтан мол емес пе.
Бостан ел өз тағдыры өз қолында,
Кеудесi ұрпағының зор емес пе.
Қайда деп сұрарсыз-ау Зекен ана,
Кеттi ұшып Москваға кеше ғана.
Немере Ботагөзбен оқып бiрге,
Келедi алла жазса каникулға.
Аңсайды Бiрекесiн олар-дағы,
Аңсаумен асыл рухты жанар бағы.
Атасын аңсағанда Ботагөздiң
Нұрланып сала берер жанарлары.
Сағыну Бiрекеңдi ол да бақыт,
Тұрады аңсағанды жан жаратып.
Шынымен аңсар болсаң жанып-күйiп,
Шаттығын әкеледi таңдар атып.
Артында күдiк емес, үмiт қалды,
Лай емес, мөлдiреген тұнық қалды.
Айналып Ақмоласы Астанаға,
Аңсары Бәйтерек боп тұрып қалды.
Аңсаумен жаздым мен де дастанымды,
Аңсаумен мәңгiлiктi, қас қағымды.
Аңсай бер жырым менiң – пiрiм менiң
Бiртуар Бiрәлiдей асқағымды!

08.08.07-14.09.07.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Нұрхан ағаның рухына

  • 0
  • 0

Көкшеде сенің барыңа
Қуанушы едім, қайтейін?
Жақын бір тартсаң жаныңа,
Жұбанушы едім, қайтейін?!

Толық

Перзент сәлемі

  • 0
  • 0

Шақырды мені Зеренді,
Алқалап бауыр, ағайын.
Жеткізген көкке төбемді
Жолымнан қалай қалайын!?

Толық

Бақтиярым, бауырым!..

  • 0
  • 0

Боз жорғадай тайпалды,
Боз жусандай шайқалды.
Ердің сойы болғасын
Ел намысын қайтарды.

Толық

Қарап көріңіз