Ташкенттен шай алдырып демдеген – Ерлан Аманқожаұлы

Бұл бетте «Ташкенттен шай алдырып демдеген» атты Ерлан Аманқожаұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 09.01.2023
  • 0
  • 0
  • 749
Ташкенттен шай алдырып демдеген,
Сахилардың сахиысың сен деген.
Ғашығына шай құйдырып көрмеген,
Омар Хайям қалай ғана өлмеген?!
Әуен мұңлы,
Арман асқақ,
Шай дәмді,
Шай таситын түрік қызы қайда әлгі?!
Шарап емес, шайға басым айналды,
Айна ішінен тамашалап айнамды.
Құйшы тағы,
Мөлдіресін пиялам,
Саусағыңнан үлбіретіп ұяң ән.
Бұл далада тек мен ғана адасып,
Бұл қалада тек мен ғана сүйе алам.
Шай ма мынау нұрын қосқан көзіңнің,
Жүрегімнің қаны шығар өзімнің.
Махаббаттың көнбейтінін түсіндім,
Махаббаттың өлмейтінін сезіндім.
Сам жамырап,
Жартыланып туған ай,
Сәл тағдырлы сен тағынған сырғадай.
Жазбай танып күлкімдегі қайғыны,
Даяшының аяп қарап тұрғаны-ай.
Қош, қалқатай!
Болмас сірә енді өкпем,
Сендей жанды таппасам да жер-көктен.
Шаһар сыйлап...
Шарап ішіп...
Шайды аңсап...
Шөлі қанбай кеткен жалғыз мен деп пе ең?!


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері