Өлең, жыр, ақындар

Ұзату тілегі Назымға

Көгілдірі аққудың
Туып өскен ұяңнан
Ағайын мен бауырдан
Алыстап сен барасың
Бақыт тауып қиядан.

Шаттық болып нұр шаштың
Нәзік сұлу бауырым,
Бағыңды іздеп қырды астың,
Артта қалып ауылың.

Көпір болып жалғадың
Атырау мен Қазалының арасын.
Асқақ болып арманың
Қол ұстасып сүйгеніңмен барасың.

Көгершін боп қалықтап
Ерке құсым, бүгін ұзап барасың.
Ақ Жайыққа шалықтап
Шағала боп айдынына қонасың.
Басыңа ақ жаулығыңды тағасың,
Инабатты адал келін боласың.

Анамыздың үкілеген үміті
Жанұяның жайқатылған гүлі едің,
Қараңғыны жарық қылған күн едің.
Барған жерде болғаныңды бақытты
Жаратқаннан тіледім.
Күйеу бала, нәзік өскен гүліңді
Алақанда аяла, еш жылатпа.
Бөтен елге судай сіңіп кеткенше
Қорғаны бол, кедергіден құлатпа.
Ақ Назымым, құрметте асыл еріңді,
Төрге сүйре таңдап алған теңіңді.
Құрмет көрсет ата-енеңе иіліп,
Қайын жұртың жүрер саған сүйініп,
Осы менің жанашырлық кеңесім-
Шайқалтпағын шаңырақтың кемесін.

Аманбек пен Назымжаным алтындар,
Көкжиектен таң боп бірге атыңдар.
Махаббаттың бесігіне бөленіп,
Бақыт дәмін мәңгі бірге татыңдар.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз