Өлең, жыр, ақындар

Клара жеңгейге арналған жыр

  • admin
  • 27.12.2023
  • 0
  • 0
  • 399
Жігіттің адал болса асыл жары –
Бақыты маңдайының ашылғаны.
Мінеки, елу жылға жуықтады,
Жарқырап екі жақсы қосылғалы.
Қос жақсы тартып туған негізіне,
Ұқсайды бір ананың егізіне.
Қаршадай күндерінен қол ұстасып,
Өмірдің қайық салды теңізіне.
Ғашықтар татса-­дағы қара судан,
Табады тәтті ләззат жарасудан.
Шайқалтпай шаңырағын нық ұстады,
Жылдардың толқынында аласұрған.
Жеңгеміз Клараны кім білмейді,
Ән салса, тыңдағандар бұлбұл дейді.
Бәйек боп ағайынға келген­-кеткен,
Ағаның артық-кемін білдірмейді.
Келін боп аттағалы босағаны,
Кісіден дастарханы босамады.
«Еркеш» деп еркелетіп келе жатыр,
Азуы алты қарыс осы ағаны.
Жеңгеміз қадірлі адам жұртқа осындай,
Ұстара барда тұрмас мұрт басылмай.
Өнерде Қобыланды болса Ерағам,
Баптаған Тайбурылын Құртқасындай.
Асырып абыройын Ерағамның,
Қасынан аулақ жүрген қабағанның.
Қалдырып көрген емес көңілін бір,
Қазақта сыйласуға жарағанның.
Өмірден көшті қанша ұлы ағалар,
Ерағам сағынғанда жылап алар.
Дәм татқан өз қолынан жеңгеміздің,
Ғабиттей қасиетті ғұламалар.
Киелі ағалардан үлгі көрген,
Кісімсіп бөлінбеген бір күн елден.
Ұрпағын жас бұтақтай жамыратып,
Құдайым қызды берген, ұлды берген.
Бар болса кеуде қағып тасымаған,
Жоқ болса жерге қарап жасымаған.
Алланың бергеніне тәубә қылып,
Ұл-қызын қанағатпен асыраған.
Алдынан кесе өтпейді айналасы,
Сыйлайды қайыны да, қайынағасы.
Салады алақанға Ерағамды,
Секілді кейде жары, кейде анасы.
Қазақтың Еркеғали – Ерағасы,
Бұл күнде Клара да – ел анасы!
Шолтаңдап жүрген талай шолақ байтал,
Кетпей ме жеңгемізден садағасы?
Жігіттің көңілі толса алған жарға,
Ешқашан өкпесі жоқ бұл жалғанға.
Қазақта таңдап жүріп тектіні алған,
Ұлында Рахмадидің арман бар ма?!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ақ тілек

  • 0
  • 0

Мен тағы алға жылжыдым,
Кел тағы, Жаңа бір жылым!
Тәуелсіз елмін Ту алған,
Қолымда тізгін­-шылбырым!

Толық

Хат

  • 0
  • 0

Ағажан,
Көкпар қайда, торы ат қайда?
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?
Соңына сопаң етіп шыға келер,

Толық

Туған жер

  • 0
  • 0

Өзіңсіз күнім күн бе екен,
Өзіңсіз түнім түн бе екен?
Тауыңда өрген киіктің
Тұяғы бүтін жүр ме екен?

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар