Лермонтовқа – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Лермонтовқа» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

(Лермонтов қабірінің басында)

Жамылып торқа топырақ,
Жатcың ба жырдың қыраны?
Қара көк орман атырап,
Сен көрген қалпы тұр әлі.
Көзіңнен ұшқан жарқ етіп,
Тұр әлі Машук тауы да.
Ажалдың оғы сарт етіп,
Сағым боп ұшқан бауры да.
Шабытың бойға құйылып,
Жыр төгер мүмкін кезінде.
Кеттің бе қапы қиылып,
Шаттанған шалқар сезімде?
Нөсерлі жырдың шумағы,
Шыға алмай іште қалды ма?
Машук пен Бештау нулары,
Сол жыр ма тұнған алдымда.
Қоршалған асқақ еменмен,
Гүл қойып қабір басына.
Аймалап алау денеммен,
Кеудемді бастым тасына.
Дұға етіп келдім алыстан,
Даланың дара дүлдүлі ем.
Кетіпсің мерт боп намыстан,
Орыс орманының бұлбұлы ең.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері