Жаңа жылға тілек – Жарылқасын Аманұлы

Бұл бетте «Жаңа жылға тілек» атты Жарылқасын Аманұлы жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Тілек бар саған айтар, Жаңа жылым,
Жаңа жыл белесінде жаңа жырым.
Аспандап енді-енді барады үнім,
Айтпастан саған бүгін тілектерін,
Тілексіз бұл өмірде қалады кім?
Тілегім жанның бәрін аялағын,
Алдынан шыға берсін сая бағың.
Қорқыныш, үрейіңді таямағын,
Жаңа жыл, жарықтығым, адамзаттан
Жақсылық атаулыны аямағын.
Халқымның саған айтар аманатын,
Келеді бастан-аяқ баяндағым.
Мен болсам бағыңдағы бұлбұлыңмын,
Бағыңда сайрау үшін саяладым.
Өкпелі жанның бәрін табыстырғын,
Жатты да жақын етіп таныстырғын.
Қысқартқын қиын жолдың алыстығын,
Самалдай терін үккін шабыстының,
Алыпты алқа топта алыстырғын.
Кім озды, кім жығылды, кімдер қалды?
Өзің айт, бәрін түгел салыстырғын.
Маздаған махаббаттың тұрағы бол,
Бар үйдің жарқыраған шырағы бол.
Көңілдің көк балауса құрағы бол,
Талпынған таланттының пырағы бол.
Тамызда таңдайлары кепкендердің,
Гүлді өңір, күмбірлеген бұлағы бол.
Жастардың жігері бол, жалыны бол,
Қарттардың қайтпайтұғын қарымы бол.
Жүйріктің басылмаған арыны бол,
Қыранның көкті тілер сарыны бол,
Тербеткен түн әлемін шамы сөнбей,
Ақынның дамылдатпас дарыны бол.
Еселе ырысымды шайқалмаған,
Көзін аш қазынаның байқалмаған.
Тыңдарды жайқалта бер жайқалмаған,
Үлесім егер, Жаңа жылым, қайтар маған.
Қызығын туған елдің көре-көре,
Ақ дәнін туған жердің тере-тере.
Асайық асқаралы тағы белден,
Қосылып берекеміз берекеге,
Жаңа жыл, жалғаса бер мерекеге!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Жаңа жылға тілек өлеңінің авторы кім?

Жарылқасын Аманұлы — осы өлеңнің авторы.

Жаңа жылға тілек өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Жаңа жылға тілек өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Жарылқасын Аманұлы өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Жаңа жылға тілек өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері