Жеке шумақтар
Қиялым жетер шексізге.
Жанардың оты жетпейді.
Сөз айта көрме тексізге,
Тексізге сөзің өтпейді.
Өзіңнен тумай ұл болмас,
Сатып алмай құл болмас,
Өзектен шыққан өз балаң,
Өзекке тепсең кетпейді.
* * *
Хан басымды, кәдірімді, өзім кейде қорлаймын,
Бармас жерге бару үшін өзімді-өзім зорлаймын.
Қорсылдастым шошқалармен, ырылдастым иттермен,
Ит боп қайттым, өзіме де обал жоқ-ау, оңбаймын.
* * *
Жапырақтай сарғайдым,
Қаусыратты жан қайғым.
Үмітімді үкілеп,
Өзімді-өзім алдаймын.
* * *
Бозторғайы көгінде қалықтаған,
Боз жусан, боз көделі алып далам.
Ақ сауытым, қорғаным киең сенің,
Сұр жебесін сұмдардың дарытпаған.
* * *
«Жүрегін берсем Бауыржан Момышұлының,
Үзіліп кетіп жүрмес пе екен жұлының?
Тұяғын тасқа шаптырып тағдыр сынаған,
Өресі биік, өзгеше туған құлынын»
Деп Кием келіп, түсіме еніп,
Алтын сап семсер ұстатып,
«Сескенбе деді, сескенбе деді, тұр, ұлым»
* * *
Уа, тылсым дүние-ай,
Сырларыңа қанықтым.
Кәусарыңа қаныппын.
Шексіз ғалам, өзіңді,
Сүйгендіктен зарықтым.
Қайда отты жас шағым,
Ойлай, ойлай қамықтым.
* * *
«Бақ қонды» деме, бағыңның құны бақадай,
Тындырған сенің бір ісің бар ма тақадай.
Жақсы жігітті деген ел «алтын сақадай»,
Былғанып біттің былжырақ сорлы аталай.
* * *
Кейде көңіл болады астан-кестен,
Еске түсіп күндерім бастан кешкен.
Түскен таңба жүректен кетпейді екен,
Тайдай таңба темір мен тастан өшкен.
* * *
Аққу, қаздар қайтпаса,
Көктемің болмас көрікті.
Айтарын ақын айтпаса,
Халқың болмас ерікті.
* * *
Батырдан қорқақ туады,
Шеберден шорқақ туады.
Мінсізден молтақ туады,
Сұлудан солтақ туады.
Сымбаттыдан,
Жотасы томпақ туады.
* * *
Көзге мақтап, мақтамен бауыздаған,
Сақта, Алла, жәдігөй жауыздардан.
Жауыздықтың атасы – жағымпаздық,
Жалақ жерді жалаудан ауызданған.
* * *
Алтын құнсыз, адам мұңсыз болмайды,
Дәлелдің де керегі жоқ ол жайлы.
Төрт құбылаң сай боп қанша жүрсең де,
Бір нәрсенің орны мәңгі толмайды.
Өзіңменен бірге кетер сол қайғы.
* * *
Амалың бар ма, Алланың бұ да ісі де,
Бақ қонар кейде түйсіксіз, топас кісіге.
Адамзат қанша ақылды дана болса да,
Алланың ісін түсіне алмас, түсіне.
* * *
Қолпаштап қауым, құзғын мен қарға қаңқылын,
Сынайды келіп, сусылдап ұшқан сұңқардың сұлу саңқылын.
Жібегін түте алмаған жүн ғып, жұрқа ғып,
Мақтайды келіп, күл еткен жанды алтынын.
* * *
Өнеге өмірім де, өлеңім де,
Бақыттың бұдан артық керегі не?
Күй шертіп, әнімді айтып отырамын,
Шым батып ойдың кейде тереңіне.
* * *
«Сарқылмас десең бұлағым,
Сарғаймас десең құрағым.»
Жақсылық жаса жандыға,
Жақсылық жаса, шырағым.
* * *
Табиғаттың бәріміз баласымыз,
Таласыңыз болмасын, таласыңыз.
Топырақтан адамзат жаратылған,
Жер ананың жемісі бар асымыз.
* * *
Адам тегі – Адам ата, Хауа ана,
Тегін білмей есті есінен ауа ма?
Дарвин деген ғалым емес, Ібіліс,
Ібіліске дозақ оты сауап, ә?
* * *
Сүлесапа, сүлесоқ бәрі,
Дүрілдеген дүние, қалпың кәні.
Қара қошқыл қан түспес бұлт пен көк,
Батар күннің аптасқан алқындары.
* * *
Бір-бірінің ойынан шыға алмайды адамдар,
Бірін-бірі ешқашан ұға алмайды адамдар.
Жамандық пен жақсылық айқасуда мәңгілік,
Бірін-бірі сонда да жыға алмайды, қараңдар.
* * *
Кішкентай үйім, кішкентай ғана бағым бар,
Кішкене жанбыз, кішкене ғана тағым бар.
Ойларым орман, кең сарай кеудем, пейілім,
Шешенге біткен сүрінбес тіл мен жағым бар.
* * *
Самғапта, самғап алатын,
Сағынғанда салған әнім жете ме?
Жапырақтай бірте-бірте сарғайып,
Жылжып айлар, жылжып жылдар өте ме?
* * *
Көгеріп жатыр жер беті,
Ғажайып, ғажап келбеті.
Жаңғырып өмір, көңілдер,
Жанымды мәңгі тербетті.
* * *
Сенің бейнең көз алдымнан кете ме,
Сағынғанда салған әнім жете ме?
Жатырқамай бірте-бірте сарғайтып,
Жылжып айлар, жылжып жылдар өте ме?
* * *
Біреу мас ішкен-жегенге,
Біреу мас мырза дегенге.
Еліріп біреу жүреді,
Қозы-лақ толса көгенге.
* * *
Шайдай боп кейде ұйқым ашылады,
Беймаза ой берекемді қашырады.
Өсекшіл қатын мінез жандарды ойлап,
Қан тасып, көзімнен от шашылады.
* * *
Қалған көңіл – қара тас,
Жазылмас жанның жарасы.
Рас екен деген сөз.
«Ішінде – адам аласы».
Ардақтаса атымды,
Заты қазақ баласы,
Жағаласқан жағама,
Жақынымды қарашы
* * *
Тас ғұмыр мәңгілікке қалмаса да,
Жел мүжіп, су кеміріп жалмаса да.
Қабірде жатқан мынау ғазиздерге,
Келгендер, дұға етіңдер анда-санда.
* * *
Жиренем кейде мына заманадан,
Арсыз боп дүние үшін бара ма адам.
Анадан алақанын жая туар,
Нәресте шықпай жатып шаранадан.
* * *
Сөнбесін деп ешкімнің шамшырағы,
Солмасын деп таң гүлі, таң құрағы.
Қобызындай Қорқыттың күніреніп,
Жанарымнан қанды жас тамшылады.
Айдынына жете алмай Аққу ғұмыр,
Аққу ғұмыр, қаншама қансырады.
Сөнбесінші ешкімнің шамшырағы.
* * *
Арабы қандас қазанат,
Тақымға түспей кеттің-ау.
«Халқым» деп туған азамат,
Тіліңді шайнап өттің-ау.
* * *
Өз отыма өзім ғана өртенейін, жанайын,
Өртке айналар бүкіл әлем, түгел қоқыс маңайым.
Шыбын жаным шырқырайды шындық үшін бұл күнде.
Елім деген қайда жүрсің, қайда жүрсің, ағайын.
* * *
Ей, Тәңірім, адам етіп жараттың ба шынымен,
Қандай мінез, қандай жолмен ақтап шығам мұны мен.
Қол алыссам, кешір, Алла, қандыбалақ ұрымен,
Кешіре гөр дәмдес болсам қу құлқынның құлымен.
* * *
Бір Алладан басқаға жалынбаған,
Азайып бара жатыр дарынды адам.
Ән мен күй шығарып, өлең жазып,
Аптығымды басамын арындаған,
Су сепкендей өртіме жалындаған.
* * *
Зергер, шебер шешенмін – сөз шебері,
Аз емес-ау Алланың берсе өнері.
Өнерімді өзгелер білер-білмес,
Ары таза адаммын ең керегі.
* * *
Қарғыбаулы қошеметтің құлдары –
Бола алмайды халқымыздың ұлдары.
Елі-жұртын жауға сатар осылар,
Азғындаған адамзаттың мұндары.
* * *
Жан серігім, домбырам, балқыта бер,
Көлдей етіп көңілімді шалқыта бер.
Байлық емес арманым – өлмес өнер,
Ән күйімді ғарышқа самғыта бер.
* * *
Кім көрді ақылым кем дегендерді,
Ақымақ әжуа етер кемеңгерді.
Саяз су сарқыраған көзге түсіп,
Көрмедік тұнып аққан тереңдерді.
* * *
Қайран бас, қайда бармадың,
Іздерім, қайда қалмадың.
Қуғын да көрдім құландай,
Қаумалап иттер жан-жағын.
* * *
Ұтылмас жерде ұтылдым,
Құтырмас жерде құтырдым.
Тұтылмас жерде тұтылдым.
Алланың бірақ күшімен
Бәрінен бір-ақ құтылдым.
* * *
Елдің ісі біткені –
Ердің ісі біткені.
Нар көтермес ауыр жүк,
Ер мойнына түскені.
* * *
Досым жоқ еді басынан,
Қасым көп еді шашымнан.
Алдамшы, арам, қулардың,
Жолдарын кестім жасымнан.
* * *
Жанды-жансыз Иесі Жаратушы Раббым,
Көкте күнің – әлемге жағып қойған шырағың,
Құдіретіңе бас иіп, Өзіңе ғана құладым,
Жалбарынып жабықсам, Өзіңе ғана жыладым.
Жаратушы Жаратқан, Құдіретті Раббым.
* * *
Сөнбейді деме шырағым, кетпейді деме дүние.
Шырағың сөнсе табылар дүние итке бір ие.
Жалғанның барлық қызығы – жақын да жақсы жандармен,
Барыңды салып ортаға қызмет ету иіле.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі