Өлең, жыр, ақындар

Бар қазақтың Бауыржаны

  • admin
  • 08.01.2024
  • 0
  • 0
  • 324
Бар қазақтың Бауыржан – намыс, ары,
«Жоқ» дегеннің жақтары қарысады.
Баукең рухы мәңгілік шындық үшін,
Зұлымдықпен, зұлматпен алысады.
Бар қазақтың Бауыржан – мақтанышы,
«Жоқ» дегеннің – демеңдер «аппақ іші».
Талайлардың жетсе де таққа күші,
Бауыржандай болмайды басқа кісі.
Бар қазақтың Бауыржан – батыр ұлы,
Батыр ұлы, тағы да ойшыл, ақын ұлы.
Бір ата емес, бар қазақ әулетінің,
Асыл ұлы, айрықша ғасыр ұлы.
Бар қазақтың Бауыржан аңызында,
Аңызынан шошынар жанымыз да.
Түпкі ойын Баукеннің білген қазақ,
Дақ түсірмей өтеді арымызға.
Бар қазақтың Бауыржан еркесі де,
Жол бастаған ай мүйіз серкесі де.
«Бауыржандай болам» деу пендешілік,
Тілі шығып кетпесін желкесіне.
Бар қазақтың Бауыржан ділінде жүр,
Есіне алмас қазақ жоқ күніне бір.
Халқы үшін жан кешкен қас батырға,
Беріледі қала аты түбінде бір.
Бар қазақтың Бауыржан бауырындай,
Ел-жұрттың бәрі туған ауылындай.
Қаһарлы үні Баукеннің соғып өтер,
Киесінің ғаламат дауылындай.
Бар қазақтың Бауыржан тірегіндей,
Жыласа да өтіпті күле білмей.
«Халқым» деген қайғыңды бөлісер кім,
Болмаған соң жүрегі жүрегіндей.
Бар қазақтың Бауыржан айбарындай,
Айбарлының биік жоқ байрағындай.
Өрт оранған Баукеннің өсиеті,
Анттың, серттің бұзылмас қаймағындай.
Бар қазақтың Бауыржан жүректісі,
Жүректіге табынар білек күші.
Сөзге келген Баукеңмен даңғойлардың,
Жұлып алған өз ернін күрек тісі.
Бар қазақтың Бауыржан – қаһарманы,
Аты өшпес, таусылғанмен татар дәмі.
Қара ормандай артында халқы бар да,
Арманының жаңғырып жатар бәрі.
Бар қазақтың Бауыржан жанашыры,
Болған емес халқынан дара сыры.
«Сақтаймын» деп, ана тіл, әдеп-ғұрпын,
Арыстандай тордағы аласұрды.
Бар қазақтың Бауыржан ағасындай,
Пейілі кең жазира даласындай.
Бақытжаннан бөлген жоқ ешбіріңді,
Ақыл айтты кездессең баласындай.
Бар қазақтың Бауыржан пірі дегін,
Пірдің рухы өлмейді тірі дегін.
Барлық елмен тең екен тереземіз,
Санай берсек қазақтың ірілерін.
Бар қазақтың Бауыржан сүйіктісі,
Көре алмаған дұшпанның күйіпті іші.
Алтын жұлдыз алсаң да, алмасаң да,
Батырлықта сенен жоқ биік кісі.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тіршілік-ай, тіршілік

  • 0
  • 0

Тіршілік-ай, тіршілік,
Қалсам оқыс күрсініп.
«Өкінішті» демегін,
Шүкіршілік, құлшылық.

Толық

Абайға

  • 0
  • 0

О жарықтық, тұғырыңа табындырдың талайды,
«Оқу керек, оқу керек» деп жатамыз Абайды.
Бар-жоғы жалғыз кітап мұра еттің ұрпаққа,
Осқырынған ойы олақтар ондап томын санайды.

Толық

Толғанғын, жаным

  • 0
  • 0

Толғанғын, жаным, толғану үшін жаралған,
Толғану үшін жеткізбей кеткен сан арман.
Үмітті үрлеп жылт еткен түнгі оттардай,
Тәтті екен күндер қиялға қайта оралған.

Толық

Қарап көріңіз