Мен кім? – Мағжан Жұмабаев

Бұл бетте «Мен кім?» атты Мағжан Жұмабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
Көкте - бұлт, жерде - желмін гулеген,
Жер еркесі - желдің жөнін кім сұрар?

Көкте - Күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
Шеті, түбі жоқ теңізбін қаракөк,
Ерігемін - толқып, шалқып, тасамын.

Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,
Түлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Күл болсын көк, жемірілсін жер, уайым жоқ,
Көз қырымен күліп қана қарармын.

Мен өлмеймін, менікі де өлмейді,
Надан адам өлім жоғын білмейді.
Өзім - патша, өзім - қазы, өзім - би,
Қандай ессіз не қылдың деп тергейді?

Мейірленсем - сегіз жұмақ қолымда,
Қаһарлансам - тамұқ даяр жолымда.
Жоқ жақыным, Жасағандай жалғызбын!
Мен бе иілер әлсіз адам ұлына?!

Өзім - тәңірі, табынамын өзіме,
Сөзім - құран, бағынамын сөзіме!
Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,
Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе!


Пікірлер (6)

.

Өте күшті

Мағжан Жұмабаев

Менің өлеңім

1234

не деген өлең ай

ортай

71 жыл өмірім зая кетіпті, Мағжанды оқымай

Абақ

Бізге қинап жазғызды

444

✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨✨

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері