Өлең, жыр, ақындар

Айға

  • admin
  • 13.02.2024
  • 0
  • 1
  • 3726
Күн батып, қараңғылық қанат жайды,
Аспанда сансыз жұлдыз жарқырайды.
Отырған қараңғы үйдің терезесінен
Көремін мұңды, нұрлы толған Айды.
Қайғылы Ай, тұрсың көкте түсің қашып,
Қайғылы жер жүзіне нұрың шашып.
Жылжисың ақырын ғана қорыққан жандай,
Жүргендей жол таба алмай бейне адасып.
Бір жауыз сөндірмек пе әлде нұрың?
Үстіңе кигізбек пе қара құрым?
Жоқ әлде қазіргімен жұмысың жоқ,
Қайғыға түсіре ме өткен күнің?
Кім білед, өткен күнің алтын шығар?
Ажарың бейне күндей жарқын шығар?
Көп жұлдыз – әлде күшпен, әлде іспен
Еріксіз артыңа ерткен халқың шығар.
Жоқ шығар ешбір бөгет онда жолда,
Еркіңмен құлаш жайып оң мен солға,
Мезгілмен толу, солу билігі де
Ол уақыт емес шығар басқа қолда?
Қайғылы Ай, мен де сенің қайғыңа ортақ,
Менде де бұрын бар еді тәж бенен тақ.
Жас едім, жалынды едім, батыр едім,
Қолыма қонып еді ол уақыт бақ.
Кең дала, көресің ғой, ана жатқан
Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.
Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,
Әне, сол анам еді мені тапқан.
Салушы ем асау тайдай қойнында ойнақ,
Жүруші ем ертеңді-кеш ылғи ойнап.
Ішуге ас, мінуге ат – бәрі даяр,
Көрмеп ем өмірімде қайғы ойлап.
Дариға, жауыз тағдыр қатты алдады,
Бақ-дәулет – алмағаны еш қалмады.
Тас жүрек көзім нұры – анамды алып,
Еңіреген мен жетімге көз салмады.
Мінеки, қамаудамын тар үңгірде,
Мұнысы – көмгені ғой тірі көрге.
Мейірімді Ай, мені дағы жаныңа алшы,
Болайық екі мұңдық біздер бірге.
Ант етіп айрылмасқа бірігейік,
Ас-сусыз, мың бейнетпен жол шегейік.
Тыңдайтын бар ғой тілек әділ Алла,
Көл қылып қан аралас жас төгейік.
Сұрасақ, тілек қабыл болмас па екен?
Жолымыз жылап шеккен оңбас па екен?
Кеше ұшқан басымыздан бақыт құсы
Тағы да қайта айналып қонбас па екен?



Пікірлер (1)

Алтынай

Өте өте керемет өлең әсерлі❤️қатты жақсы көремін осы өлеңді

Пікір қалдырыңыз

Көңіл

  • 2
  • 4

Сұм көңілге разы емен мен,
Тез жанад да, тез сөнед.
Бір тілегін істесең сен,
Оған басқа ой келед.

Толық

Қойшының әләуләйі

  • 1
  • 3

Әләуләй,әләуләй, әләуләй!
Ылғи ет жеп жүреді елде болысың-ай.
Ылғи ғана құйрық пен бауыр жер едім,
Егер ғана мен де болсам ауылнай, ауылнай.

Толық

Тұранның бір бауында

  • 0
  • 0

Ай туды, күңгірт кеш еді, алтын табақ,
Ару ғой Ай дегенің алтын қабақ.
Жүзінен сол сұлудың нұр төгілді,
Жапырақ – суда ойнаған алтын шапақ.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар