Өткен – аяулы – Мағжан Жұмабаев

Бұл бетте «Өткен – аяулы» атты Мағжан Жұмабаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Өткенді мақтар әр адам,
Білмеймін, өткен алтын ба?
Болмаса, мақтау өткенді
Адамзаттың салты ма?
Қариялар отырып,
Баяғыны мақтайды.
Желкілдеген жас заман
Оларға тіпті-ақ жақпайды.
Заң да болған соларда
Тура, әділ, жақсы да,
Аспаннан пері түсірген
Ғайыпты болжар бақсы да.
«Өткен артық» дер адам,
Шеше де өлген баласын
Аузынан, сөйлеп, тастамас,
Көз ішінде қарасын.
Қылықты да, тәтті де,
Ақылды да ол бала.
Екі жасар күнінде
Пәлен деген – ол дана.
Жалғаны жоқ, адамнан
Жаңаны мақтар санаулы.
Не дұрыс шығар, не теріс,
Әйтеуір, өткен – аяулы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (1)

Альмира

Өлең өте ұнады,тез жаттап алдық

Осы автордың басқа өлеңдері