Өмір
Бұл бетте «Өмір» атты Мағжан Жұмабаев жазған өмір туралы өлең берілген.
-
admin
- 14.02.2024
- 0
- 4
- 6108
Адамға берген Тәңірі өзі аз өмір,
Бұйрығы: «Жаса дағы, жерге көміл!»
Бірде мұз, бірде жалын, бірде дауыл,
Құбылған өмір – сынап, бейне көңіл.
Жайнаған жаз көреді адам алдын,
Өткен күн – көңілсіз күз желді, салқын.
Қуаныш қайғыменен қатар жүрмек,
Болмайды толық минут жүзі жарқын.
Іңгәлап, аузын ашып, жылап түсер,
Төменге биік таудан құлап түсер.
Денесін дал-дұл қылар қия тастар,
Шұқырға сол жылаумен сұлап түсер.
Дуа етер – сорлы адамды әуре етер,
Көз ашып-жұмғаныңша жоқ боп кетер.
Қылғанша әуре-сарсаң сорлы құлды,
Тәңірі ием, жаратпасаң, онда нетер?!
Осы өлең керемет екен,өмірдің қандай екенін бейнелейді
«Мағжан Жұмабаевтың «Өмір» өлеңі жүректі қозғайды! «Адамға берген Тәңірі өзі аз өмір» дегеннен басталып, өмірдің құбылмалығын, қуаныш пен қайғының қатар жүретінін соншалық әсерлі суреттеген. «Құбылған өмір – сынап, бейне көңіл» деген жолдар әлі күнге дейін ойымда жүреді. Мағжан ақынның философиялық тереңдігі, сөздің құдіреті таңғалдырады. Өмірдің мәні, уақыттың қысқалығы туралы ойланғысы келгендерге міндетті түрде оқу керек шығарма.
Керемет 👍🏻 маған ұнады,өте мағыналы екен, жалғасы болса жақсы болар еді
Бұл өлең толық аяқталған нұсқа болып саналады. Қосымша жалғасы жоқ.