Өлең, жыр, ақындар

Жылқышы

  • admin
  • 14.02.2024
  • 0
  • 1
  • 1176
Бораны – бөрі ұлып тұр,
Төбеттей тынбай үріп тұр,
Сын тағылды қаңтарға.
Аман ба екен жылқышы,
Аман ба екен жылқысы,
Малға барған жан бар ма?
Түтінді жерге тығатын,
Түкіріктен түйме тағатын
Аяз мынау шатынаған.
Хабар бар ма, мал қалай,
Малдағы жалғыз жан қалай,
Адам бар ма қатынаған?
Боран мынау қабандай
Арсылдаған шаба алмай,
Түбі қайыр болса игі.
Аяз анау жер тілген,
Ұша алмай анау құс өлген,
Жылқышы қасқа не күйде?
Бір бұта жоқ – айдала,
Аппақ кебін айнала,
Қалтиып қос тұр ма екен?
Құрт көжені сіміріп,
Тұмақты қойып жымырып,
Қасқиып қасқыр жүр ме екен?
Ойнақ салған құр аттай,
Шұнаңдаған лақтай
Орғыса да аяз өкіріп,
Қозғап қойып арқаны,
Ермек қылып малтаны,
Тұр ма екен шырт-шырт түкіріп?
Бораны әлде даланың
Бейітіндей баланың
Қосын басып, жығып па?
Қайран қасқыр-жылқышы,
Ығып кетіп жылқысы,
Ол да бірге ығып па?
Долы, пері, жын боран,
Сумаңдаған сұм боран
Құлақ-мұрнын қарып па,
Күші кете беріп пе,
Үмітпен түнге төніп пе?
Бір малта жоқ-ау ғарыпқа!
Жеңе ме, дүние-ай, тілсіз жау,
Алдыңда бір сай бар еді-ау,
Сол сайдан аман өтіп пе?
Құлап әлде тап соған,
Қарқ-қарқ күліп, басынан
Боран жүріп кетіп пе?
Алас ұрып, ісініп,
Есі кетіп жығылып,
Есіл ер үсіп өліп пе?
Ердің солай өлгенін,
Қардың қалай көмгенін
Құзғыннан басқа көріп пе?
Боран мынау қабандай
Қатуланған қаба алмай,
Түбі қайыр болса игі.
Басында, өлсе, сайғақ жоқ,
Өліміне айғақ жоқ,
Жылқышы сорлы не күйде?



Пікірлер (1)

Дамир

Дамир

Пікір қалдырыңыз

Күз

  • 1
  • 6

Бұрқырап қара дауыл соғып тұрған,
Көкорай түсі қашып солып тұрған.
Шыдамай қатты ызғарлы жел өтіне,
Бүрісіп ағаш, шөптер тоңып тұрған.

Толық

Жас сұлуға

  • 0
  • 0

Мен ақынмын – ағынмын,
Сылдыраймын, сүйемін.
Мен ақынмын – жалынмын,
Шапшып көкке тиемін.

Толық

Еслам қазасына көңіл айту

  • 1
  • 3

Сонау Еслам үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол панадан, сол баладан айрылып,
Жалпақ Жауар жүрегінде жара екен.

Толық

Қарап көріңіз