Бақытсыз деп санасын
Бұл бетте «Бақытсыз деп санасын» атты Мейрам Булаткеров жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.
Әсем көзін көздеріме қадаса,
Тулап жүрек дүрсіл қағар жаңаша.
Бақытым деп көрсетемін бір қызды,
Мені біреу бақытсыз деп санаса.
Сұлулығы керек емес мың қыздың,
Жүрегіме жалғыз жанды кіргіздім.
Бақытымның көргің келсе бейнесін,
Күлкісінен іздеу керек бір қыздың.
Бақытыма қызыққанда кей адам,
Қорғап өтем, қызғанамын мен одан.
Ол қыз мені бақытым деп санаса,
Мен өзімді бақыттымын дей алам.
Мені бәрі өсектесін, таласын,
Іздемеймін сұлу қыздың жанасын.
Бақытымды көрсетпеймін ешкімге,
Мейлі, бәрі бақытсыз деп санасын.
Erdauletuly_Kydyrali
Жарайсың бауырым керемет шығыпты ????
nonibakyt
Керемет жазылған!