Өлең, жыр, ақындар

Төртінші суайт

  • admin
  • 10.04.2024
  • 0
  • 0
  • 165
Қорлық көрдім жолда мың,
Ұмыт қалып қолғабым.
Ми қайнатар ыстықтан
Үсіп кетті қолдарым.

Қарғаларды сайратып,
Оқыттым мен ай жатып.
Айналдырдым мұзына
Бұлақ суын қайнатып

Күзден кейін жаз болды.
Кірпігіме қаз қонды.
Шаңғы теуіп масалар,
Шегірткелер мәз болды.

Ұмытпан сол көктемді,
Китті бүрген бөктергі.
Жеп кеткен жыл бір балық
Қорадағы шөптерді.

Дауылыңнан саспадым,
Қиындықтан қашпадым.
Толқындарын теңіздің
Үтіктеп мен тастадым.

Су әкелдім елекпен,
Алма қақтым теректен.
Бал тасыдым үйіме
Түбі түскен шелекпен.

Дүрбіменен қарадым,
Аттың түгін санадым.
Сәуледен жіп иіріп,
Бұлт жыртығын жамадым.

Теңіз түбін шаңдаттым,
Шай қайнатып, шам жақтым.
Аспандағы жарты айды ап,
Табаныма нәл қақтым.

Кеше сағат тоғызда,
Артып келіп қоңызға,
Рельсті тақтым мен
Ішек қылып қобызға.

Жаңа жылда ерледім,
Еңбек еттім, терледім.
Қырау сеуіп бетіне
Күнді әсемдеп зерледім.

Шыққам үйден ертерек,
Тұрып қалдым мен кенет.
Мүйізіне сиырдың
Қонды үлкен вертолет.

Өзгерттім де үнімді,
Жұрт үйренді мұнымды.
Дабыл қағып ұйықтаттым
Ұйықтамаған інімді.

Қапты есімде сол бір күн,
Сағымнан май өндірдім.
Өртенген көк теңізді
Түкіріп мен сөндірдім.

Күнгейінде төбенің
Отарды мен бөгедім.
Өйткені бір лағым
Жеп қойыпты төбелін.

Қиналдым да сегіз күн,
Суын сарқып теңіздің.
Киттің жетім баласын
Емізікпен еміздім.

Ұйықтап жатсам, өкпеме
Қадалыпты көп кеме.
Тиегенде оларды,
Толды үлкен төрт кеме.

Құса болып көп күлдім,
Буды үрлеп шоқ қылдым.
Мұзды жуып сабындап,
Күнге жайып кептірдім.

Таң қалмаған жан бар ма,
Таңды ұрып таңдарға,
Еңбек етіп, Басымды
Қорық қылдым аңдарға.

Кешіп өтіп жылғаны,
Ірі, алып тұлғалы
Өрмекшімен ойнады
Сегізаяқ құмдағы.

«Жер» жегенді «жел» деді,
«Ер» дегенді «ел» деді.
Үйреткенде итке әріп
«Р»-ға тілі келмеді.

Салып алдым нән қапқа,
Жүз мың тонна салмақ па?
Міне, сондай мұзтауды
Қалтқы қылдым қармаққа.

Аяз қысқан ақпанда,
Ұшып келе жатқанда.
Түсіп қапты белінен
Екі маса қақпанға.

Көкке қарап тұрып ек,
(Өнердің де түрі көп).
Аузынан шар шығарып,
Ұшып келді бір үлек.

Уақытта қас-қағым,
Ашық болсын аспаным,
Деп бұлттарды жинақтап,
Дәнекерлеп тастадым.

Қарным ашып, жел жұттым,
Шарбы бұлтпен тер сүрттім.
Күй ойнатқыш инесін,
Соқа қылып жер жырттым.

Ойлап тауып тың тәсіл,
Сырға қылдым кір тасын.
Мұны көріп мәз болды
Жүз жас кіші құрдасым.

Мысықты итше үргіздім,
Итті адамша күлгіздім.
Көбігінен сабынның
Көп қатарлы үй тұрғыздым.

Әрең жүрген, Балдақты
Шыбын күндіз мал бақты.
Түнде қағып қанатын,
Бұлтты қуып шаңдатты.

Мылқау әнін тыңдадым,
Өзім де оған жырладым.
Сол күні айдың нұрымен
Аспан, жерді сырладым.

Бұл – кәсібім тұрақты,
Шашбау қылдым бұлақты.
Сақа қылып асыққа
Құйып алдым сынапты.

Дөңгелегін шананың
Көрмей тұрып санадым.
Хатты салған конвертке
Он сусиыр қамадым.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Тұтқын жігіт

  • 0
  • 0

Жау қолына түсті жігіт,
Өнерлі де күшті жігіт.
Арқасына нән дойырдан
Таңба түскен үш тілініп.

Толық

Төртінші суайт (І)

  • 0
  • 0

Оқырманы піл кілең,
Өткерген жүз ғасырды.
Бір кітапты сілкіп ем,
Нүкте, үтір шашылды.

Толық

Тоғызқұмалақ

  • 0
  • 0

Жүрсе-дағы қой бағып,
Жүрсе-дағы тойда анық.
Қарсы отырып екі адам
Ойнар мұны ойланып.

Толық

Қарап көріңіз