Үшінші суайт (І)
Жаңбыр суын тамызып,
Күлді қылдым тамызық.
Құйын қосып илеп ем,
Болды әрі ине, әрі жіп.
Қарғаларша қарқылдап,
Шапандары жалпылдап.
Екі балық сүзісті,
Мүйіздері сартылдап.
Жұмысымдай негізгі,
Іс жасадым мен ізгі.
Бір бүргенің ізіне,
Құя салдым теңізді.
Мініп жүріп құр атты,
Бүріп тұрып лақты.
Түкірікпен бір маса
Дәу атанды құлатты.
Бит терісін бүркендім,
Алма ағаштан жүн тердім.
Жаңбырдың әр тамшысын
Қапқа жинап үлгердім.
Үйретем деп әріпті,
Қуып жүрген балықты,
Мүйізіне ешкімнің
Бұлт оралып қалыпты.
Таң қалады бұған кім,
Жаңалыққа құмармын.
Елеп едім мен құмды,
Ішінен көп піл алдым.
Қаздым да үлкен арықты,
Суша ағыздым жарықты.
Байқамаппын
Көлеңкем,
Мұзға қатып қалыпты.
Күн сәулесін біз ұрттап,
Қарап тұрдық қызықтап.
Жел бағытын өзгертті,
Бір өгізім сүзіп қап.
Қайрап алып құрықты,
Маймыл ешкі қырыпты.
Сондықтан да бір лақтың,
Төбелі оған жұғыпты.
Жалап-жалап бүйірін,
Жыртса-дағы киімін,
Өз емшегін өзі еміп,
Семіріпті сиырым.
Енді бұған таң қалма,
Бақылап ем әр таңда:
Тал бүршігі орнына,
Шырақ өсті қаңтарда.
Ішке алып демімді,
Шешіп тастап темірді,
Сүңгіп едім мұхитқа,
Суы кейін шегінді.
Бұл ісімді жыр қылып,
Таңданумен тұрды жұрт.
Іліп қойдым бір ғасыр
Су тамшысын сүр қылып.
Мен артиспін, мен – деді,
Түйе бүгін ерледі.
Мойнын созып гармонь қып,
Концерт қойып бергені.
Келе жатып інгенмен,
Бұған қалай үлгергем?
Мөлдір әйнек астына,
Жасырындым күннен мен.
Ұстап алып бұланды,
Қылып едім ләңгі.
Күліп жатты сонда да
Шіркін қандай шыдамды!
Сүйретіп кеп самалды,
Жүгендедім қабанды.
Найзағайды дәрі ғып,
Жазып алдым жарамды.
Құс жолынан елікке,
Күй тартқызды керік те.
Ұлттық киім киіп ап,
Би биледі шегіртке.
Маңдайына киіктің,
Бір қазан сүт ұйыттым.
Найзағайдың отымен
Қойдың басын үйіттім.
Тауысқан соң құрағын,
Жесін деп ақ лағым.
Желімдедім бұлтқа
Қағаз қиындыларын.
Мәз болысты қойларым,
Туған күнді тойладым.
Концерт қойып бір өзім
Оркестрде ойнадым.
Өмір бойғы қонағым,
Ақылын ап сонаның
Асфальт жолды таспадай,
Бір тал шашқа орадым.
Қыс ішінде қырық күн,
Жарқанатты қырықтым.
Жүні көп-ау, ойпырым-ай,
Ұйықтамастан жүріппін.
Шұрқыраса ішегі,
Торғайым бұлт ішеді.
Томағасын сыпырсам,
Бүркітке кеп түседі.
Айта аламын бірден нық,
Жақсы әдіс табылды.
Токты жинап, сүрлем ғып,
Семірттім көп малымды.
Отырып бұлт үстінде,
Қарды сабап, тоң түттім.
Көлеңкемді піштім де,
Ініме арнап тон тіктім.
Башайыммен бұлт өріп,
Әктен жалын өндірдім.
Айдарымды білте қып,
Жағып түнде сөндірдім.
Қоян қудым түнімен,
Үйіріп ап қамшымды.
Майы шығып түгінен
Итім терге малшынды.
Ұмытпаспын сол күнді,
Күннен айға түкірдім.
Радиотолқынды
Сыпырғышпен сыпырдым.
Тапқырлықтың түрі көп,
Жүрдім сәуле – науамен.
Өмірімде бір рет
Тыныс алдым ауамен.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі