Түсімде – Сағи Жиенбаев

Бұл бетте «Түсімде» атты Сағи Жиенбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір күні әкеп, ақ анам
Сыйлады бір ат маған:
Ешкім іздеп таппаған,
Ешкім мініп шаппаған.

Қолыма бір түсті де
Құстай ұшар арғымақ,
Арғымақтың үстіне
Мініп алдым қарғып-ақ.

Арғымағым сол бойда
Ұшты зырлап қыр жаққа,
Қалың орман-тоғайлар
Қалып жатты бір жақта.

Асқар таулар шықты алдан
Аспанменен таласып...
Сонау-сонау бұлттардан
Кетер едім әрі асып...

Кетер едім әрі асып,
Арғымақпен көсіле,
Осы кезде анашым
Түсіп кетті есіме.

Қалмады енді төзім де,
Жетіп келдім үш аттап...
Жатыр екем өзім де
Анашымды құшақтап.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері