“Айтылмаса сөз жетім”, - Оқылмаса кім жетім? – Ержан Қабышұлы Қабанбай

Бұл бетте «“Айтылмаса сөз жетім”, - Оқылмаса кім жетім?» атты Ержан Қабышұлы Қабанбай жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

“Айтылмаса сөз жетім”, -
Оқылмаса кім жетім?

Том-том дүние шаң басып,
Тұр өзара шуласып,
Дауласып тұр даналар,
Ақындар тұр мұңдасып.

Сөйлеп жатқан кітаптар,
Сарнап тұрған сөрелер,
Бума-бума құжаттар,
Құшақ құшақ газеттер.

Өтті дейді кітәптің,
Қағаздардың дәурені,
Шығарғалы адамдар
Желі деген бәлені.

Қадалады экранға,
Құлағында құлаққап,
Қарамайды адамға,
Естімейді анықтап.

Қызықпайды Абайға,
Сұрамайды Мұхтарды,
Ғаламторға осы күн
Беріп қойған ықпалды.

Ізденбейді қиналып,
Даяр әсте қалауы.
Қайтсін бекер ойланып,
Жалқау қылды сананы.

Құрдым болар халықтың
Кітаптары аруақ
Кітапханашы шырақшы,
Кітапхана мазарат.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Ұқсас өлеңдер

Басқа да жазбалар