Бір құдайдан тілеймін ғұмырымды – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Бір құдайдан тілеймін ғұмырымды» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Бір құдайдан тілеймін ғұмырымды,
Ғұмыр берсең кірсіз қыл көңілімді.
Имансыздың көрінде от жанады,
Отқа салсаң көремін не күнімді?!
Бір құдайдан тілеймін əуелі иман,
Иманымнан айрылсам көрге сыйман.
Бес уақыт намазымды қаза қылма,
Қарынбайды жер жұтты дүние жиған.
Бір құдайдан тілеймін мал-басымды,
Мал менен қартайтып ал жүз жасымды.
Өлерімде ауызыма иманым сал,
Білгенмін бұл өлімнен қалмасымды.
Бір құдайдан тілеймін иман, ғақыл,
Ақылсыздан əрбір ісім өтті ғафыл.
Ораза ұстап, бес намаз оқығанның
Ол дүниеге барғанда ісі мақұл.
Біреуге ерте келеді, біреуге кеш,
Ертелі-кеш өлімнен қалмады һеш.
Өлім қойса, кəрілік жас қоймайды,
Екі айналып келсе де жиырма бес.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері