Қаракөк, жылқы ішінде биемісің – Шал Құлекеұлы

Бұл бетте «Қаракөк, жылқы ішінде биемісің» атты Шал Құлекеұлы жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Қаракөк, жылқы ішінде биемісің,
Құдай десең тамұққа күйемісің?!
Тағат, ғибадат, құдайға құлшылық қыл,
Дүниеде ақырда өлмей жүремісің!
Арам болса қашады су кісіден,
Естімеген сөз шығар қу кісіден.
Құран, кітап айтқаны рас болса,
Жұмақ көрер бір жан жоқ бұ кісіден.
Тілеймін бір құдайдан əуелі иман,
Айрылсам иманымнан көрге сыйман,
Бере гөр тілегімді, хақ тағала,
Құдай-ау, құдіретіңе жаным құрбан.
Күнəны іздеп алдық басымызға,
Жолаттық малғұнды қасымызға,
Ахиретте жұмақта болмас па едік,
Сəби боп дүниеден қайтсақ жасымызда.
Осылай сөз сөйлеймін көңліме ала,
Құдайдың құдіретіне бар ма шара?!
Жатсам, тұрсам тілеймін иманымды,
Бере гөр тілегімді, хақ тағала.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері