1943 жылғы 17 январь – Сырбай Мәуленов

Бұл бетте «1943 жылғы 17 январь» атты Сырбай Мәуленов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 07.02.2016
  • 0
  • 0
  • 3047
Жаралы жанды жұтуға,
Аранын ашып жалаңдап.
Қаптады қара бұлттай,
Қарсы алдымнан жау аңдап.
Жараланған сол қолым,
Сүйемелге келмеді.
Найзасы намыс қадалып,
Көкіректі ыза кернеді.
Қонақжай екен дүние,
Төрінде шалқып күн күлген.
Күресте күнің өтпесе,
Қадірін оның кім білген.
Жанталасты жалғыз қол,
Жағаға ажал таянып,
Қалқан етіп қайыңды,
Жаттым бір кез сая ғып.
Тірідей көміп топырақ,
Толқыны ауа соқты кеп.
Темір қарып тәнімді
Өзекке тиді отты леп.
Иілмедім емендей,
Долдана қызып кетті ұрыс.
Жәрдемге жетті достарым,
Торлады жауды кекті күш.
Жау ығысты қайтадан,
Жан сауғалап жалтарып.
Әлсіредім жарамнан,
Қара қошқыл қан тамып.
Сиқы кетіп сұрланып,
Қансыз қатып қалды өң.
Туған жерде тыныстап,
Көзімді аштым, алып дем.
1943.Госпиталь


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері