Ғашық кез – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Ғашық кез» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғашық кез – мезет,
Мезгілі жетіп нәр алдық,
Сыйламау оны –
Өзіңе деген жамандық.
Менсінбеу оны –
Менсінбеу ата-анаңды,
Саналы пенде ғашық кез жебеп жаралдық.

Ғашық кез – көктем,
Сүйсінген жүрек ашық кез.
Кірпіктер, тоқта,
Байқасын көкірек ашып көз,
Салтанат қайда
Сол сәттен асар дүниеде,
Жасасын дей бер адамға адам ғашық кез.

Ғашық кез – маусым,
Мамыржай жұмақ орнайды.
Аңсаған арман,
Бақытың онсыз толмайды.
Шіркін-ай, деймін,
Есіме түсіп өткен күн,
Адамдар неге айнымас ғашық болмайды.

Ғашық кез – дәурен,
Бастайтын бақыт, бірлікке.
Сол үшін ғана
Келгендей болам тірлікке.
Сәулем-ау, саған,
Достар мен туған еліме,
Ғашықпын мәңгі, көңілде зіл жоқ бір нүкте.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері