Алтынжан – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Алтынжан» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Алтынжанды аяла алтын әнім,
Ата дәстүр сыйлағыш салты мәлім.
Қыз баладай иіліп тәжім етсе,
Көрдік талай ақсақал шалқығанын.

Қайырмасы:
Алтынжан...
Төрдің көркі сәні де.
Жанға дәру әні де.
Не тілесең табылар,
Тал бойынан бәрі де.

Биіктетсе жан жарын көтермелеп,
Ағайынға қиналған етер көмек.
Ақ дастархан жайғанда дос-жаранға,
Шат күлкісі жүректі өтер бөлеп.

Қайырмасы

Шашылғандай ақ сәуле шар айнадан,
Ақ дидары маңайын арайлаған.
Алтынжанды бір көру – алтын дәурен,
Нұр жұмақта жүрмін деп санайды адам.

Қайырмасы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері