Сен менің жалғыз жарымсың – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Сен менің жалғыз жарымсың» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Махаббат, әсем туысың,
Сұлуым, еркем, қалқашым.
Сен менің Жетісуымсың,
Жайнатқан асыл Балқашын.

Қайырмасы:
Сәулесі сөнбес таңымсың,
Қызуы қайтпас жалынсың.
Тірлікке тірек барымсьң,
Сен менің жалғыз жарымсың.

Достарым еркін жайлаған.
Береке қонған төрімсің.
Көкшетау шолпы байлаған,
Сен менің Сексенкөлімсің.

Қайырмасы

Жүлделі жүрек байыдым,
Шарбатың ғажап балқытқан.
Өзіңсің Еділ, Жайығым,
Каспийді кербез шалқытқан.

Қайырмасы

Жүзіңнен шаттық көрініп,
Аялап, құшып, айқардым.
Сен менің Марқакөлімсің,
Ажарын ашқан Алтайдың.

Қайырмасы

Байтақ ел тегіс түсінсін,
Байқасын барлық айналам.
Айдында ерке құсымсың,
Аққулар патша сайлаған.

Қайырмасы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері