Талдықорған

Бұл бетте «Талдықорған» атты Қуат Қайранбаев жазған өлеңнің мәтіні берілген. Өлең тексті, өлең жолдары және толық нұсқасы осы жерде жарияланған.

Тастағам жоқ Талдықорған мен сені,
Сағынышым көтертпейді еңсені.
Өзің едің тазалықтың теңеуі,
Өзің едің әсемдіктің өлшемі.

Тастағам жоқ,
жолаушылап кетті де,
Салған да жоқ түйткіл өмір тепкіге.
Қоныс болдың жақсы менен жайсаңға,
Мекен болдың адалдар мен тектіге.

Талдықорған,
тал бесігім, киелім,
Жүрегімнің қоңыр сазды күйі едің.
Арудайын күн нұрына малынған.
Жамалыңды жанымменен сүйемін.

Көк аспанды торлағанда бұлты кеп,
Тұратындай таңғажайып жыр тілеп.
Екі ерке өзен - Көксу менен Қаратал,
Қос бүйірден ағып жатыр күркіреп.

Алатаудан атқан кезде таң сағым,
Көңілімнен қашушы еді қанша мұң.
Сұлуларды көрік берген көшеге,
Серік болған жігіттерді аңсадым.

Жақсылыққа жүрген болса шөлдеп кім,
Жатсынбай-ақ жидың жұртын жер-көктің.
Жұматайды, Әбен менен Ордашты,
Бесігінде өлең-жырдың тербеттің.

Талдықорған,
мен болайын жолыңда ән,
Перзентіңмін бақытым көп сорымнан.
Қимайтындай құрбы-құрдас көп сенде,
Аға таптым, ініні ерттім соңымнан.

Аралап бір жүргендейін гүл ішін,
Арықтарда сыңғырлайды күміс үн.
Шаған таудан көрінгенде көк сағым,
Таңғы ауадай ашылады тынысым.

Естіге де құшақ жайған , ептіге,
Ақын саған сағынышын төкті ме?
Талдықорған,
тағдырымның таңдауы,
Тастағам жоқ,
жолаушылап кетті де!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жиі қойылатын сұрақтар

Талдықорған өлеңінің авторы кім?

Қуат Қайранбаев — осы өлеңнің авторы.

Талдықорған өлеңінің толық мәтінін қайдан оқуға болады?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтінін және текст нұсқасын онлайн оқуға болады.

Талдықорған өлеңі не туралы?

Бұл өлеңде Қуат Қайранбаев өз ойы мен сезімін көркем түрде жеткізеді.

Талдықорған өлеңінен үзінді бар ма?

Бұл бетте өлеңнің толық мәтіні, шумақтары және өлең жолдары ұсынылған.

Осы автордың басқа өлеңдері