Сая бағым – Сәдуақас Томашинов

Бұл бетте «Сая бағым» атты Сәдуақас Томашинов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Кішкене қуыршақтай балапыным,
Мамықтай жылы жұмсақ алақаның.
Сипалап саусақтары тисе бетке,
Елітіп, еміренбес қалай жаның.

Қайырмасы:
Бауыр етті, жүректі,
Елжіретер немерем.
Өмірге келген перзентті
Неге? Кімге? Теңер ем!

Сағынам сағат сайын көрсем дағы,
Мейірім қанар емес сүйсем тағы.
Саяттап өмір – өзен жағасында
Шаршасам қуат берген сая бағым.

Қайырмасы:
Сая бағым, асылым,
Жапырағым, жасылым.
Әулетімді ұрпаққа,
Паш ететін ғасырым.

Айналып бүгін сені толғанамын,
Әулетім өзіңменен жалғанады.
Есіңнен есейгенде кетпесін тек,
Атаңның саған арнап салған әні.

Қайырмасы:

Қандай тәтті немерем,
Неге? Кімге? Теңер ем!
Ұрпағымды жалғайтын
Болса өзіңнен шөберем.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері