Баланың да қабағына қарайлап – Айтақын Бұлғақов

Бұл бетте «Баланың да қабағына қарайлап» атты Айтақын Бұлғақов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Баланың да қабағына қарайлап,
Келіннің де қабағына қарайлап.
Не айтса да, сенікі жөн мақұл,
Өмір сүргің келеді екен абайлап.

Қатынның да қабағына қарайлап,
Майда сөйлеп, маңғазданып маңайлап.
Арыстандай айбатыңнан айырылып,
Ертеңгі күнді отырасың тағы ойлап.

Ділмәрсисың ақыл айтып балаға,
Алтын көпір салмақ болып араға.
Қайықтайын қал-құлт етіп тұрғаның,
Кеме келіп шығып қалған жағаға.

Томағалы қолда өсірген қырандай,
Тұғырыңда тыпырлайсың жүре алмай.
Түсі суық шаққанымен уы жоқ.
Бауырыңмен жорғалайсың жыландай.

Сенің хәлің қандай күйде досым-ай?
Біздің бастан өтті дәурен осылай.
«Тыныш отыр» дейді, дәйім бәйбішем,
Қармақ қапқан, шортан құсап шоршымай.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері