Бесік – Сайлаубай Тойлыбаев

Бұл бетте «Бесік» атты Сайлаубай Тойлыбаев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

«Баланың бесігі – кең дүниенің есігі»
Төле би

Бабалардан қалған жақсы нәсібің,
Жырға қоссам, оның, сірә, несі мін?
Сәбилерін құндақтап ап аналар,
Жүрегімен тербетеді бесігін.

Жолын талай көрсе-дағы азаптың,
Көңілдегі қайғы-мұңды тазарттың.
Бабалардан келе жатқан қастерлі,
Бесік деген – киесі ғой қазақтың!

Жақсылықты жалау етіп жасқамай,
Ән айтпаушы еді «Бесік жырын» бастамай.
Арқалаған бесіктерін аналар,
Жаугершілік заманда да тастамай.

Қасиетін сол бесіктің түсін деп,
Өрнектеген өрнекпенен мүсіндеп.
Бесік деген – тазалықтың бастауы,
Сәбилердің денсаулығы үшін тек.

Бала өсірсең, жан болмайды тұрпатсыз,
Жүрміз бүгін айтып соны, шырқап біз.
Анамыздың ақ сүтінен нәр алып,
Сол бесіктен өніп-өскен ұрпақпыз!

Балаң үшін басылмайтын аптығы,
Жоқ қой оның қазақ үшін жаттығы.
Бесік деген – берекесі ұрпақтың,
Бесік деген – шаңырақтың шаттығы!

«Қатты жаппа» деген сөз бар есікті,
Бәрін-бәрін бір қасиет шешіпті.
Сәбилердің бақыты үшін баянды,
Қастерлейік, киесі мол бесікті!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері