Өлең, жыр, ақындар

Қақпанға түскен арлан қасқырдың тағдыры

  • admin
  • 07.09.2024
  • 0
  • 0
  • 61
Қаңтар менен ақпанның жетегінде,
Қыстың көзі қыраулы кетеді ме?
Ауыл жатыр түтетіп түтіндерін,
Шоратұғыл, Үшбұлақ етегінде.

Бұл ауылдың жарасқан бірліктері,
Келем оны әрдайым жыр ғып тегі.
Мал-жанымен күн көрген азын-аулақ,
Бітпейді екен ауылдың тірліктері.

Жан жүйеңді кетсе де дуылдатып,
Көрген емес аңшылар суырды атып.
Пайда болды бір қасқыр – Арлан текті,
Осы ауылдың иттерін шуылдатып.

Ауыл маңын торлайды, жорықтайды,
Таппадым деп азығын торықпайды.
Арлан қасқыр азулы, үйірімен,
Итің түгіл, адамнан қорықпайды.

Желбіретіп жабағы түкті жүнін,
Түн жамылып жорыққа шықты бүгін.
Жон арқасын көрсетті күжірейтіп,
Үйіріне байқатып мықтылығын.

Жылы, жұмсақ тиер деп ісі қанық,
Қорадағы қойлардың түсі де анық.
Жортып келеді иісшіл арлан қасқыр,
Үйірінің алдына түсіп алып.

Бола ма екен бұндайда қымсынуға,
Реті жоқ бір сәтке тұншығуға.
Сілекейін шұбыртып тіліменен,
Қанның исі келеді тұмсығына.

Ала құйын аяздың ақпанында,
Желе жортып мәз болар тапқанына.
Сезбей қалып, бір демде, адам құрған,
Түсіп қалды қапыда қақпанына.

Қайдан ғана сездірмей күш құлатты,
Тыпыр қағып, жұлқынып күш қып жатты.
Темір тісі қақпанның жанға батып,
Жанарынан жарқ етіп, ұшқын атты.

Қыңсылайды, ызадан торығып жан,
Жақсы екен-ау аңшының оғы мұнан.
Қанша жұлқып тартса да болар емес,
Алдыңғы аяқ қиылып тобығынан.

Қара түнмен осылай таң асырып,
Арлан қасқыр жатты тек аласұрып.
Тегі хайуан болған соң қасқырлардың,
Үйірі де танытпас жанашырлық.

Жемін іздеп шыққанда өздігінен,
Қиындыққа тап болып төзді білем.
Бұл қақпаннан құтылу оңай болмас,
Бір өлімнің барын да сезді білем.

Бойындағы сарқылмас біліп әлді,
Айлы аспанға бір қарап ұлып алды.
Азу тіспен аяғын шайнап тастап,
Өз аяғын қақпаннан жұлып алды.

Көрсеткен соң осынау тағдыр істі,
Ызғарлы үнмен гуледі жардың үсті.
Оң аяқтан аққан қан жылымықтап,
Қызыл қанға боялды қардың үсті.

Өлім менен өмірдің арасында,
Шамаң келмей қалжырап қаласың ба?
Жарты аяғын қалдырып арлан кетті,
Қақпан қалды құрсаулы даласында.

Сараламай табиғат дара бақты,
Тылсым күшке куә боп дала жатты.
Үйірінің соңынан үміт үзбей,
Арлан қасқыр ақсаңдап бара жатты.

***
Тіршіліктің қашанда иесі нәр,
Табиғаттан адамға тиесі бар.
Түз тағысын аялап қорғайықшы,
Ей, адамдар! Қасқырдың киесі бар!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жыр дәптер

  • 0
  • 0

Жыр дәптер
Өлеңдегі менің әрбір сәттерім,
Маңдайдағы шын төгілген бақ-терім!
Сайлаубай Тойлыбае

Толық

Қазағымның көк туымен мақтанам…

  • 0
  • 0

Қазағымның көк туымен мақтанам…
Бірлігім мен елдігімді сақтаған,
Сені көрсем, рухтанам, шаттанам!
Сайлаубай Тойлыбаев

Толық

Келіншек

  • 0
  • 0

Келіншек
Арманымды тапқандай,
Жүрек толқып жатқандай.
Сайлаубай Тойлыбаев

Толық

Қарап көріңіз