Қызыл жер – Сағыныш Намазшамова

Бұл бетте «Қызыл жер» атты Сағыныш Намазшамова жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Щепнула Муза мне. – Пора идти вперед:
Народ освобожден, но счастлив ли народ?..
Николай Некрасов

Қанша ғасыр құламаған құзардан,
Аялаған аппақ арман, жүз арман -
Жайсаң дала, жасыл дала дәл бүгін,
Қызыл сөздің қызуынан қызарған.
Нар қыздардың бірі едім ғой ел сенген,
Борышыма батып келем белшемнен.
Қып-қызыл боп өртенеді ұяттан,
Қап-қара жер нарқы кенмен өлшенген.
Маза берші, қамаламай, қалың ой,
Мен түгілі мұқым жұртқа мәлім ой.
Сырнайлатқан сары далаң да қызарды,
Қызарғаны, намысты ұлдың қаны ғой.
Бейнет кетіп, бітер-ау деп шыр анық,
Көлеңкелер бара жатты ұзарып.
«Тағы не?», - деп шошып кетсем,
жерім тұр,
Батқан күннің шапағынан қызарып.
Тәубе!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері