Өлең, жыр, ақындар

Әжем туралы әңгіме

  • admin
  • 11.09.2024
  • 0
  • 0
  • 505
Саусағы сары ала жүзікті,
Әрдайым жайдары,
Жаз өңді.
Көп ертек білетін қызықты,
Көрсеңдер аяулы әжемді.

Әлдекім әжемнің шашына
Әдейі бор жағып қойғандай.
Кимешек тартқанда басына,
Болады ақша бұлт қонғандай.

Әжемнің осы екі заманда,
Көргені керемет көп дейді.
Ал жасын анықтап санауға,
Қолымның саусағы жетпейді.

Қайқы бас жіңішке таяғы,
Қолынан түспейді жүргенде.
Бұрышқа апарып қояды,
Даладан бөлмеге кіргенде.

Орнында тұрса да таяғы,
Шығарда таба алмай қалады.
Кәрілік жеңгесін баяғы,
Кеміген көзінің жанары.

Мұндайда өзім зыр қағамын,
Бұрышқа жүгіріп барамын.
Әжемнің қайқы бас таяғын,
Қолына ұстата қоямын.

– Көп жаса,
Кішкентай құлыным,
Жақсылық істедің қарт үшін! –
Дейді әжем
Ақырын жымиып,
Көрсетіп сиреген сары тісін.

Санаулы тісінің қалғаны,
Сақталған секілді саулары.
Жемейді ол шекер мен алманы,
Сүйеді құймақ пен жарманы.

Кейде әжем бақшаға барады,
Қалғандай бойына әл кіріп.
Қолымнан жетелеп алады,
Қалады қайтарда алқынып.

– Әжетай,
Алайық тынығып,
Шаршадым, – деймін мен өтініп.
Әдеті бойынша жымиып,
Демалар көгалға отырып.

Жүрерде таянып таяғын,
Орнынан тұрады ол әрең.
Әттең,
Мен кішкентай баламын,
Әйтпесе, арқалап алар ем.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Жезде

  • 0
  • 0

Мен білмейтін біреуге
Шықты әпкем күйеуге.
Ұнатпадым мен оны,
Белгілі ғой себебі...

Толық

Күдік

  • 0
  • 0

Аспанымда айналып жүр бір бақыт,
Күлімдейді күнде маған тіл қатып.
Кейде менің маңдайыма қонардай,
Жібереді жүрегімді тулатып.

Толық

Сүю мен күту

  • 0
  • 0

Сүю - заңым,
Сүю - және арманым,
Сүю - менің қиялымның шарлауы.
Сүйе алмасам ештеңені, ешкімді,

Толық

Қарап көріңіз