Айналама қарасам… – Сұлтан Қалиев

Бұл бетте «Айналама қарасам…» атты Сұлтан Қалиев жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Ғажап неткен тау, дала,
Нұрын төксе Күн көктен.
Ғажап біздің аула да,
Сәби біткен – гүл, көктем.

Қызғалдақтар қыратта
Желбірейді алаудай.
Сыңғыр қаққан бұлаққа
Қараймын көз ала алмай.

Сырласқандай маңаймен,
Шаттанамын, қуанам.
Мұндай сәтте
Қалай мен
Әсерленбей тұра алам?!

Бір іске таңғалам ба,
Бір ғажапты көрем бе –
Дауыл ұйтқып санамда,
Айналады өлеңге.

Бара қалсам көлге де,
Қызықтарды көрем көп.
Бар әсерім кеудеме
Құйылады өлең боп.

Орманда да
Маңыма
Қарай берем елеңдеп.
Қызыққаным
Тағы да
Төгіледі өлең боп.

Бұлбұлға да сайраған
Сүйсінемін жыр арнап.
Байқап жүрмін,
Айналам
Мені ақын ғып шығармақ.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері