Өлең, жыр, ақындар

Кім күшті, кім мықты

  • admin
  • 12.09.2024
  • 0
  • 0
  • 85
Жаңа жыл мерекесіне арналған сценарийге қосымша

Аяз ата:
Уа, балалар, барлығың
Тәртіптісің, білемін.
Орындалар дәл бүгін
Не тілесең – тілегің.
Орындалар бүгінгі
Алға қойған мақсат та.
Қояйық біз күлуді,
Артық кетіп жатсақ та.
Өз мақсатын, арманын
Айтар екен кім қані?
Құлағың сал ал, бәрің,
Тыныш тұрып тыңдалы.

I бала:
Ертеңім деп бізден ел
Күтіп отыр көп үміт.
Білім қуып, ізденер
Шағымыз ғой соны ұғып.

IІ бала:
Ауызды ашып,
Қоймайық
Басқа жұрттан соң қап біз.
Осы бастан ойлайық,
Қайсымыз кім болмақпыз?
Аяз ата:
Ұсынысың орынды,
Сөз бастауға мақұл кім?
Қысылмай-ақ қолыңды
Көтере ғой батылың.
(Бір бала қол көтереді).
Аяз ата:
Ер екенсің! Жарадың!
Ал айта ғой, қарағым.

IІ бала:
Бизнесмен болып мен,
Байып алу – тілегім.
Жүрмеймін жай көлікпен,
Иномарка мінемін.
Біреулердей,
Байысам,
Зып бермеймін шет елге.
Өндіріске ауысам,
Туған елден кетем бе!

IІІ бала:
(Бизнесмен балаға қарап) –
Жүру үшін шіреніп,
Мен банкир боп аламын.
Саған беріп кредит,
Күреп ақша табамын.
Бабалардың әмбеге
Қастерлетіп суретін
Салдырып мол теңгеге,
Арттырамын құрметін.

ІV бала:
Мен бірінші нөмірлі
Елші болам әр елге!
(бармағын қайқитады)
Отанымды,
Елімді
Сыйлатамын бар елге.
Оқып жүремін сол үшін
Екі бірдей шет тілін.
Кеңейіп ой-өрісім,
Келеді үдеп екпінім.

V бала:
Толып тағам санына
Тұрсын дүкен, асханаң.
Сол үшін мен
Шаруа
Қожалығын басқарам.
Қарақ қылып,
Бәріңнің
Берекеңді арттырам.
Отбасынан әр үйдің
Үзілмейді шаттық ән.

VІ бала:
Пір тұтатын асылдар
Мен тарихшы боламын.
Заманалар, ғасырлар
Қойнауларын шоламын.
Бағаламай бабаны
Дараламай дананы,
Сүймей отан-ананы,
Боламыз ба саналы?!
Көне заман көшінің
Көп іздері – ақтандақ.
Әр шұңғылын осының
Ниетім бар ақтармақ.

VІІ бала:
Ұялсаң бір-біріңнен
Телевизор қойсаң тек.
Сондықтан да жүрмін мен
Режиссер болсам деп.
Ұлылардың бейнесін
Жасап шығам кинода,
Қара да тұр, көресің
Сырт қалмайды бір дана.

VІІІ бала:
Тыңдай алман таңданбай,
Нұрағаның көп әнін.
Мен Нұрғиса ағамдай
Композитор боламын.
Мен де отан орденін
Омырауға тағамын.

ІХ бала:
Мен жұмыскер арадай
Барымды елге арнаймын.
Тоқтар, Талғат ағадай
Зеңгір көкке самғаймын.

X бала:
Менің де бар мақсатым,
Болса да көп басқа өнер,
Болсам деймін жақсы ақын,
Жазушы не баспагер.
Айтарлықтай айт десе
Кітапларды қаптатам.
Дүкендерде әйтпесе
Кітап деген жоққа тән.

ХІ бала:
Мен Сағадат ағамдай
Қолбасшы боп әйгілі,
Әскер берік қамалдай
Артып жатса айбыны,
Жау жолатпай шебіне
Қорған болсам еліме,
Халқым құрмет тұтпай ма,
Қаһарман деп мені де.

ХІІ бала:
Мен
Күн-түні демалмай,
Ойлайтұғын ел қамын
Дәл Нұрсұлтан ағадай
Президент боламын.
Ел сенімін ақтаймын,
Бейбітшілік сақтаймын.
Бақыты үшін елімнің
Бір сәт тыным таппаймын.
Емеспін мен жай бала,
Жиырма жыл мұрсат бер.
Елбасы етіп сайла да,
Содан кейін жұмсап көр...

ХІІІ бала:
Президент те, балалар,
Мұғалімнен оқыған.
Дәріс алар даналар
Мен ұстаз боп отырам.

Аяз ата:
Сезіп отыр кім мықты–
Балалардың өздері.
Қандай жақсы
Шындықты
Айтқызбай-ақ сезгені.
Жақсы азамат бол бәрің,
Мейірі мол Жаратқанның.
Арман, тілек, ойларың
Орындалсың, қарақтарым!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Дос туралы

  • 0
  • 0

Дос туралы - Сұлтан Қалиев
Бір сөзі үшін Сарыға
Ренжіп мен қалып ем.
Сол реніш жаныма

Толық

Торғай

  • 0
  • 0

Торғай, торғай, тондың ба?
Тұра алмайсың орныңда.
Бiр қонасың, бiр ұшып,
Сұлтан Қалиев

Толық

Менің елім

  • 0
  • 0

Менің елім - Сұлтан Қалиұлы
Бастау алған ежелгі дәуірлерден,
Қазақстан дос, бауыр әрбір елмен.
Көрген талай жұтты да, қырғынды да,

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар