Ақын жүрегі
Іздеп бірде көкемді
Ақын досы келді үйге.
Төбем көкке екі елі
Жетпей қалды менің де.
Естілсе де әсем үн,
Сүйсінемін елеңдеп.
Көңілімде
Әсерім
Өріледі өлең боп.
Өн бойымды шарпып от,
Бір сәт тыным жоқ маған.
Болашақта ақын боп
Кетер ме екем деп қоям.
Боран ұйытқып кеудемде,
Әсерленем желге де.
Ендеше ақын келгенде,
Қуанбайын мен неге?!
Кетпейтіндей көкейден
Әңгіме айтып не түрлі
Ақын досы көкеммен
Сыр шертісіп отырды.
Әңгімеге
Сөз мәні
Өзек болды көбінде.
Бірде әңгіме қозғады,
Поэзия жөнінде.
Жатқа оқыды
Пабло
Неруданың жырларын.
Бойымды өртеп жалыны
Алабұртып тыңдадым.
Шоқтай жайнап жанары,
Таңырқады көкем де:
– Паблодай дананы
Жұрт сүйе ме бекерге?
Ой нөсерін селдеткен
Неткен ғажап жыр мынау!
Қазақша оны сөйлеткен
Фариза да бұлбұл-ау!
Айту қиын сөзбенен
Өлеңінің қуатын.
Ерекше екен өзгеден
Пабло ақын, ұлы ақын.
Әлемге аты әйгілі
Көшкенде ақын өмірден,
Газеттерде
Қайғылы
Қысқа хабар берілген.
Сол хабарды
Жабылып
Бір топ ақын оқыдық.
Оқыдық та, жабығып,
Үнсіз қалдық отырып.
Жазғырғандай біреуді,
– Жай емес, – деп, – бұл өлім, –
Мұқағали түнерді
Қолмен басып жүрегін...
Көп кешікпей ол маған
Қиялымды тербетіп,
Ақын жайлы толғаған
Поэмасын берді оқып.
Чили
Сөніп шырағы,
Опырылып өзегі,
Фашистердің лаңы
Өртке айналған кез еді.
«Ғайып болып алтын күн,
Басқан түнек гүл елін
Қанжар болып
Ақынның
Тілгілепті жүрегін...
Азан-қазан төңірек,
Гүрсіл құлақ тұнатын.
«Чили! Қайран елім!» – деп,
Көз жұмыпты ұлы ақын.
Жауға қиын болмапты
Енді айқасу күштімен.
Оқ боратып қорлапты
Табытының үстінен.
Соттамақ па өлсе де
Ақынды үлкен жүректі,
Сілімтіктер көшеде
Үйін торып жүр», – депті.
Мұқағали болжапты
Өстіп ақын өлімін.
Бірлестіре толғапты
Тағдырымен елінің.
Оқиға емес белгілі
Ойдан алған дерегін.
Ұната ма ел мұны,
Қайтер екен деп едім...
Белгісіз-ді ақынның
Қаза болған себебі.
Өмірінің ақырын
Жазған хабар жоқ еді.
Ол жайында
Соңынан
Талай дерек басылды.
Мұқағали жорыған
Сырдың беті ашылды.
Тінтіліпті үйі оның,
Кітаптарын жағыпты.
Кетіпті ұрлап сүйегін
Талқандапты табытты.
Хабарлардың әрбірін
Оқып қайран қалдым мен.
– Ұлы ақынның тағдырын
Мұқаң қалай дәл білген?! –
Сөз қосқым кеп менің де
Жыбырлады көмейім.
«Бұл бір жайды көңілге
Түйгенің жөн, – деді ойым. –
Қай түкпірде жүреді,
Қайда болсын тұрағы,
Шын ақындар жүрегі
Бірге соғып тұрады.
Қашанда бір тілегі,
Қашанда бір жыр-әні
Шын адамдар жүрегі
Бірге соғып тұрады».
Жараса ма
Баланың
Ақылгөйсіп тұрғаны?!
Қайтем?
Сөзім қалады
Болып әдеп құрбаны...
* * *
Содан бері
Үнемі
Баққаным – өз жүрегім.
Дүрсіліне күнде оның
Құлағымды түремін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі