Өлең, жыр, ақындар

Бұқар сонда сөйлейді

  • admin
  • 18.09.2024
  • 0
  • 0
  • 286
Қазақ жұртына, қазақ жеріне жоңғар-қалмақтар маза бермеген, олардың жасаған жәбірі ел есінен кетпестей болған, әлі ұмытпай келеміз. Қалмақтың азабы әбден өтіп, кек қайнаған шақта Бұқар жыраудың айтқан екен деген мынадай бір сөзі бар:

Бұқар сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
- Сәлем бердім көбіңе,
Қасқа-жайсаң, бегіңе.
Қалмақ қонды жеріңе,
Қырғын салды еліңе.
Тұлымдыңды тұл қылды,
Айдарлыңды құл қылды.
Солқылдаған мырзаңды,
Табанға салып жүн қылды.
Бектерім, оны білдің бе?
Қыраулы қыста айдаған,
Топырлатып байлаған,
Қазаныңды алған қайнаған,
Қонысыңнан аударып,
Жер-суыңнан қаңғыртып,
Қырылып жонда аңыраған.
Кекті қашан аласың?
Тірімісің, бектер, өлдің бе,
Сәлем бердім бәріңе!
Оң болсын сапар датқалар,
Молдалардан хат қалар,
Ұсталардан дат қалар,
Білімі мол білгірлер,
Өсиетті ұғып жатқа алар.
Өзінен кіші кейінге,
Ғақлия сөйлеп мақтанар,
Халықтан асқан данаға,
Өресі жетпей сүқтанар,
Өсиет білмес бұқпалар.
Бояманың белгісі –
Көрініп тұрып жоқ болар,
Күйіп, жанып шоқ болар,
Шын білгірдің белгісі
Ойында болар ел ісі.
Жамандық пенен жақсылық
Басынан бәрін атқарар.
Шын батырдың белгісі –
Ажалсыздан құтқарар.
Зарлап келген елің бар,
Жауда қалған жерің бар,
Төрдегің түгел жиналдың.
Үйде қалған кімің бар?
«Абылай менен Жәнібек
Жасанған жауға ерлер бар,
Оларың қашан аттанар?
Ордамыз еді Түркістан –
Қожа Ахметтің қаласы.
Қоныс еді, жаз жайлау –
Сыр мен Шу, Сарысу жағасы.
Елге би-құт деген бар,
Батыр - деген панасы.
Меңгеріп бәрін басқарған,
Ерлерін ертіп қасқарған,
Қия шың әрлеп тастардан,
Ер-Тәуке еді - елдің жағасы.
Зардабына шыдамай,
Ойда шүршіт, қырда орыс,
Ашылып еді арасы.
Үзіліп еді қарасы.
Көк майса, тарлау, бетеге,
Тауларымның дарасы.
Жайқалған орман тамылжып,
Таласқан көкке ағашы
Алатау мен Қаратау –
Қазақтың болған панасы.
Қалдан-Шерен қалмақтың –
Осы еді бізге таласы.
Осы еді жері аласы.
Қоныс қылды жеріңді,
Күңірентіп қуды еліңді,
Салып назар қарашы.
Қысты күн қаңтар, көк мұзда,
Жонда қалды баласы.
Жөніңді білдір, бектерім,
Аттанып қашан барасың?
Басшы болған алдында:
Есім ханнан - Ескі жол,
Қасым ханнан - Қасқа жол,
Және де көп басқа жол,
Тауды тіліп, тас жарған,
Бар емес пе аспа жол.
Адастырар еліңді,
Оққа жығар еріңді
Жалғыз аяқ қашпа жол.
Барса келмес сықылды.
Серік болмас өмірі,
Ұзамайды қысқа мол.
Тебінгі термен шіріген
Терлігі маймен еріген.
Ерлердің салған соқпағы –
Осы берік - ұста жол!
Толғамалы көк сүңгі
Төгілдіріп шашақ ұстамай,
Жеке келген жауларын
Шабақша қағып тастамай,
Ерлік атың шығар ма?
Ыңыранып жауың қақсамай,
Қозы жауырын cap садақ
Тартып шіреп оқ салмай.
Жеңілгеннің белгісі
Шырмалған торды шешкені.
Шын шебердің белгісі –
Тапшыны жалғап пішкені.
Шын батырдың белгісі –
Самсаған қол - сары жау,
Қан болып аттан түскені.
Найзагердің белгісі –
Қағысқанда майданда
Жаудың аттан ұшқаны.
Қылышкердің белгісі –
Қоян-қолтық жолатпай,
Далита жарып кескені,
Садақкердің белгісі –
Тоғыз қабат ақ сауыт,
Тоқсан торлы аймауыт,
Үскідей өтіп тескені,
Мен тоқтаттым сөзімді,
Тапсырдым хаққа өзіңді,
Аман қылсын жолыңды.
Қақпасын дұшпан қолыңды,
Бастан өтер бұл заман.
Болжаусыз шіркін көшпелі!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Ай, Абылай, Абылай

  • 1
  • 10

Ай, Абылай, Абылай,
Жеңбеген жауың қалмады-ау,
Алмаған жерін аз қалды-ау.
Бетке алсаң әсте коймадың,

Толық

Керей қайда барасың?

  • 0
  • 6

Керей қайда барасың,
Сырдың бойын көбелеп?
Сен қашсаң да, мен қойман,
Арғымағым жебелеп.

Толық

Ақсаңнан биік тау болмас

  • 0
  • 1

Ақсаңнан биік тау болмас,
Бауырынан қашқан күзен көрінбес,
Ақшам батпай түн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.

Толық

Қарап көріңіз