Жанымды жалған сөзге жалдай алман – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Жанымды жалған сөзге жалдай алман» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Жанымды жалған сөзге жалдай алман,
Болмапты қайсымызда қандай арман?
Махаббат сәтті­сәтсіз кезін айтпай,
Біреуді, өзімді де алдай алман.
Жоқ бірақ өкінішім қапа шеккен,
Жүрегім құрбыларға адал кеткен.
Қайтейін, ойда барын айта алмапты,
Ауылдас қаракөзден қате кеткен.
Кейде бір келіп қана кетеді естен,
Татқаным – тәтті ләззат тетелестен.
Алшақтап әр қияға кете бардық,
Білмеймін кім екенін қателескен.
– Ойлаушы ек
Салқын жүрек, тұйық жан деп,
Ой, Алла­ай,
Қалай сені жуытқан? – деп
Бір құрбым сұрайды екен бәйбішемнен, –
Әлде өзің қағып па едің иықтан? – деп.

1966


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері