Сиынар пірім – Абылай – Кәкімбек Салықов

Бұл бетте «Сиынар пірім – Абылай» атты Кәкімбек Салықов жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Басқарып қазақ баласын,
Хандардың ханы атанған;
Айнала жаудан даласын
Қорғаумен озған қатардан.
Аруақты кетпе танымай,
Білмесең, атын анықта.
Сиынар пірің – Абылай
Төнгенде қатер халыққа.
Елдігін сақтап қазақтың,
Ордалы өрге ту тіккен.
Аңсаған мәңгі азат күн,
Береке, бақыт, бірлікпен.
Бәйгеге жүйрік қосқанда,
Саятта қыран құс ілген.
Белдесер жауды тосқанда,
Айтып жүр атын ішіңнен.
Аруақты кетпе танымай,
Жасанған жауға жасыма.
Сиынар пірің – Абылай,
Төнгенде қатер басыңа.
Іргелес ел боп теңдестік,
Әлемге атым самғады.
Бүгінгі біздің дербестік –
Абылай ханның арманы.


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері