Өлең, жыр, ақындар

Көкшетау

  • admin
  • 25.11.2024
  • 0
  • 0
  • 591
Көкшетау – өзге таудың тәубесіндей,
Қызығы – құмартқан қыз әуресіндей.
Көлдегі Оқжетпестің суреті
Сұлудың айнадағы сәулесіндей.
Бурабай тауды айнала жатқан екен,
Жұмбақтас суға белден батқан екен.
Ақбура шөлі қанып, дөң асқанда
Қай сотқар көзі қиып атқан екен?
Қос өркеш көшкен бұлтты өкшелейді,
Сал бойын сандықтастар дестелейді.
Сыры көп ел аралап аңыз болған,
Қазағым еркелетіп Көкше дейді.
Аққу-қаз екеу-екеу ойнайды екен,
Нәзік жан махаббатқа тоймайды екен.
Сақ қыран шүйілсе де шер тарқамай,
От құшақ күйдірсе де қоймайды екен.
Қарағай қатпар тасты тесіп өскен,
Бәйтерек көкке бойы жетіп өскен.
Ақ балтыр ақ қайыңдар билегенде,
Тал ойнап, шілік басы желкілдескен.
Жан-жақтан жұпар ауа себіледі,
Екі аяқ бір басуға ерінеді.
Аспаннан күн сәулесін қуа келген
Ақ жаңбыр ақ маржандай төгіледі.
Айыртау Ақан, Біржан секілденер,
Сырымбет Құлагердей еркін желер.
Жалғызтау Үкілі Ыбырай сияқтанса,
Өзіңнің сал-сері боп кеткің келер.
Тау – қорған атам қазақ жалауы бар,
Тау – көсем Абылай ханның алаңы бар.
Тау – дана Шоқан өскен баурайында,
Тау – батыр Мағжан аға Баяны бар.
Айтқаным көргенімнен аспағандай,
Екі көз шыр айналар тостағандай.
Көгеріп көк белбеудей Есіл жатыр,
Көкшетау әудем жерге тастағандай.
Тау сері, сексен көлі етегінде,
Барады сексен қыздың жетегінде.
Япырмай, соның бәрін қияр ма екем
Соңыра көз жұмылып кетерімде?..



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Абайым

  • 0
  • 0

Салдың сөз сарайын,
Пайғамбар – пенде боп.
Екінші Абайым,
Кәкімбек Салықов

Толық

Ұлытау желі

  • 0
  • 0

Самалың сая, Ұлытау желі,
Бал кәусар ауа берердей.
Қалада жүріп аңсаймын сені,
Кәкімбек Салықов

Толық

Көңілдің асыл тірегі

  • 0
  • 0

Көңілдің асыл тірегі,
Аңғарған ынтық назарың.
Шыдайды құштар жүрегім,
Кәкімбек Салықов

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар